Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын-алу басты міндет
qarmaqshy-tany.kz Егемен еліміздің ұрпақтарын білімді, тәрбиелі етіп тәрбиелеу-баба ұрпақ пен аға ұрпақтың парызы. Алайда баланың бас ұстазы ата-анасы. Бала ата-анасын, ата-ана баласын танымайынша іс алға баспайды.
Баланың сырын да, мұңын да, шаттығын да ата-анасынан артық еш адам біле бермейді. Сондықтан бала тәрбиесінде ата-ана мен ұстаздар бірлігі қажет- ақ. Ата-ана мұғалімге көмекші, сенімді тірек болса, керісінше мұғалім де сондай болуы керек. Екі жақты байланыс нығайғанда барлық күрделі сан алуан мәселелер түйіні шешіледі. Осы орайда бүгін ауданымыздағы жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу мақсатында №250 мектеп-лицейінде мектепішілік ата-аналар жиналысы өтті.
Жиналысқа аудандық ардагерлер кеңесінің төрағалары А.Мереков, аудандық алқа билерінің жетекшісі Қ.Есдаулетов және мүшелері Д.Жалғасбаева, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Г.Раева, жас та болса дарынды айтыскер ақын С.Әділбеков, білім бөлімінің әдіскері А.Тоқшылықова қатысып, ата-аналар мен бала тәрбиесі төңірегінде әңгімелесті.
Бала үшін отбасында әке-шешенің, ата-әженің басқа да бауырлардың кісілік үлгілерінің маңызы өте зор. Олай болса, бала кісілікті, әдептілікті, адамгершілікті, сыпайылықты, тіпті өрескел мінез бен бұзақылықтыда алғаш өз отбасында меңгереді. Сондықтан бала тәрбиесіне, баланың бұзақылыққа бармауына, қыз балалардың шектен шықпауына, өрескел қылық жасамауына қоғам болып атсалысуға шақырды.