» » Алма ағашы отырғызылды

Алма ағашы отырғызылды

qarmaqshy-tany.kz «БІР ТАЛ КЕССЕҢ, ОН ТАЛ ЕК» ДЕГЕН ҚАҒИДАНЫ МЫҚТАП ҰСТАНҒАН ХАЛҚЫМЫЗ ҮШІН АҒАШ ОТЫРҒЫЗУ – МАҢЫЗДЫ ІСТЕРДІҢ БІРІ. «БҰТАҚ ЖАЙҒАН АҒАШ ҚАРТАЙМАЙДЫ, ҰРПАҚ ЖАЙҒАН АДАМ ҚАРТАЙМАЙДЫ» ДЕЙДІ. СОҢҒЫ КЕЗДЕРІ АҒАШ ОТЫРҒЫЗЫП, ОНЫ КӨКТЕТУ ЕЛІМІЗДІҢ ТҮКПІР-ТҮКПІРІНДЕ ҚОЛҒА АЛЫНЫП, ТИЯНАҚТЫ МӘН БЕРІЛУДЕ. КӨК БОЛҒАН СОҢ ОҒАН ЖЕМІС АҒАШЫ ДА КІРЕДІ. АЙТПАҒЫМЫЗ МЫНАУ. ЖАҚЫНДА ДҮР ОҢҒАР АУЫЛЫНДА ИГІ ІС ҚОЛҒА АЛЫНДЫ. АУЫЛДЫҢ КІРЕБЕРІС СЫРТЫНА ЖЕТІ ЖАРЫМ МЫҢ ТҮП АЛМА АҒАШЫ ОТЫРҒЫЗЫЛДЫ.

Таңмен таласа ерте тіршілікке қамданған ауыл жұртының қуанышында шек жоқ. Жүздеріндегі жылылыққа қарап туған жерге деген шынайы жанашырлықты сезесің. Ауылдың гүлдену мен көркею жолында қашанда екі қолын жоғары көтеріп, бек тұрады. Әрі сол қасиетінен ешқашан айныған емес. Мұнда бірліктің бәсі қай кезде жоғары. Оны ауыл сыртында жиналған халықтың қарасына қарап ауызбіршілікті тағы бір байқадық. Былтыр шаруашылық төрағасы Орынбасар Төлепов алмабаққа арнайылап жерді дайындаған-ды. Техникамен жерді жыртып, тегістеді. Жазда жаңбырдың, қыста қар суына әбден бастырды. Осылайша жеміс ағашын отырғызуға жерді баптап, күтті.
«Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» демекші, игі іске ауыл әкімі, ардагерлер кеңесінің төрағасы, шаруашылық басшысы, ауыл имамы, ардагерлер, алтын құрсақты аналар мен ауыл азаматтары ұйымшылдықпен бір мезетте 5 гектар жерге жеті жарым мың түп алма көшетін екті. Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақытбек Тәуекелов жақсы істің бастамасына сәттілік тілесе, ауылдың еңбек анасы Бибігүл Әбішева мен алтын алқа иегері Аманкүл Бекмұрзаева көпшілікке шашу шашып, жеміс ағашын отырғызды. Алмабаққа алманың екі сұрыпынан егіліп, суғарылды. Келешекте бақтың жайқалып өсуіне өзге өңірден арнайы маман да тартылғын. Мұндағы жеміс ағаштары тамшылатып суғару әдісі арқылы жүргізіледі.
– Алманың көшеттері Меркеден әкелінген. Ауа райы тұрақтылығына қалыптасқан. Бұлар жылы температурада көктейді. Егер аяқ астынан минус отыз градус аяз тұрып кетсе үсіп кетеді. Ал ауа температурасы біртіндеп төмендесе, оған өлмейді. Бойындағы қажетті дәрумендері біртіндеп алмасады. Алмаға берілетін дәрілер де уақытысымен жүргізіліп отырады. Мысалы кальцийді алма шыққан кезде берсе, мысты алма оянғанда береді. Әрқайсысы өз кестесімен берілу керек. Бұл отырғызылған көшеттер жақсы шығып жатса, екі-үш жылда жемісін беретін болады, – дейді Айболат есімді маман.
Алмабаққа жерді дайындау үшін де оған екі жыл уақыт жұмсалыпты. Жалпы оңтүстік аймақ, соның ішінде Сыр өңірі Аралға жақын орналасқандықтан жері тұзды сор келеді. Шаруашылық төрағасы жерді өңдеу үшін біраз күш жұмсағанын да жасырмады.
– Былтыр күн жылынғаннан жерді жыртып, суғарып бойындағы тұзын шайдық. Биыл фосфогипс тыңайтқышын сеуіп, жерді қайта жырттық. Ауылымыздың сыртында бұдан бөлек те алма бағымыз бар. Оны қарықтап суғарып отырдық. Бірақ ойымыздағыдай дұрыс өнім ала алмадық. Содан кейін үлкен бақ жасауды жоспарлап, бүгін іске асырып отырған жайымыз бар. Бұйырса тағы да мың түп алма көшетін әкелу жоспарда тұр. Еңбегіміз еш кетпей жемісін беріп жатса, ауылымызды өз өнімімізбен қамтамасыз ететін боламыз, – дейді шаруашылық төрағасы Орынбасар Төлепов.
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ
08 сәуір 2023 ж. 482 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 285

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 380

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930