» » Ауыл айтқыштары

Ауыл айтқыштары

qarmaqshy-tany.kz АУДАНЫМЫЗДЫҢ АҒА ЖӘНЕ ОРТА БУЫН ӨКІЛДЕРІ БҮГІНДЕ КӨЗІ ЖОҚ БОЛСА ДА ШЕШЕНДІК, ТАПҚЫРЛЫҚ СӨЗДЕРІМЕН ЕЛ ЕСІНДЕ ҚАЛҒАН ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫНЫҢ АРДАГЕРІ ЕРНАЗАР СЕКСЕНБАЕВ ПЕН ӨТКІР ДЕ ӘЗІЛДІ, ҰТҚЫР СӨЗДЕРІМЕН ЕЛ-ЖҰРТТЫҢ ҚАДІРЛІСІ БОЛҒАН АЗАМАТ, ҰЗАҚ ЖЫЛ АУДАНДА БАСШЫЛЫҚ ҚЫЗМЕТ АТҚАРҒАН ӘБДІЖӘЛИ ҚҰРМАНБАЕВТЫҢ ЕСІМІН ҚҰРМЕТПЕН ЕСКЕ АЛАДЫ.
Ендігі кезекте ел қадірлісі атанған атпал азаматтарымыздың шешендік, тапқырлық, әзілді бір топ әңгімесін сіздерге ұсынып отырмыз.
МАТА АЛАСЫҢ БА, ӘЛДЕ...
Ерназар Сексенбаев бірде құрылыс мекемесінің бастығы, елге танымал азамат Қаршыға Есдәулетовтен цемент сұрап алып, ауылына келе жатып жүргізушіге жол қысқарсын деген оймен: «Ертеде қызмет еткен адамнан, қызметіңе «Мата аласың ба, әлде бата аласың ба?» деген екен. Енді сен тыңда, мен саған сұрақ қояйын. Жылдар бойы сен маған қызмет етіп келесің, сен жасаған қызметіңе менен осы екеуінің қайсысын сұрар едің» дегенде, көлік жүргізіп келе жатқан жол серігі Сейітхан деген азамат: «Ереке аға, мен айтсам мата азғантай ғана нәпақа, ал батаның игілігі өмірлік несібеңнің берекесі ғой», – деген тапқырылық жауабымен Ерназар әкеміздің батасын алыпты.
Сен шықпасаң...
Бірде аудандық партия комитетінде кезекті жиналыс өтіп жатады. Содан жиналыс ұзаққа созылып, Ерназар Сексенбаев әкемізді дәрет қысып шыдай алмай, далаға шығуға қолын көтеріп, рұқсат сұраған екен. Содан жиналысты басқарып отырған аупарткомның бірінші хатшысы Елеу Көшербаев оған қарап: «Ереке, сәл шыдай тұрыңыз, болмайды», – деп рұқсат бермейді. «Шыдамның да шегі бар» дегендей, Ерназар әкеміз: «Болмаса, менікі де болмайды», – деп сыртқа шығып кетіп, сәлден кейін жиналысқа қайта кіреді. Содан бірінші хатшы одан: «Не болды сонша асығатындай?» дегенде, сөзге шебер Ерназар әкеміз: «Ішімнен шық-шық, сен шықпасаң, мен шығамын» деп дікіңдеп, мазамды алып бара жатыр. Ішкі жау қашан да жаман ғой», – деп жиналыста отырғандарды қыран-топан күлкіге көмген екен.
БОТҚАҒА НАН ТУРАП ЖЕУ...
Бірде күзгі егіннің жинау науқанында Ақтөбе ауылында ауданға, қырманға күріш тасымалдап жүрген көлік жүргізушілері науқанға арнайы уәкіл болып жүрген аупартком хатшысы Бағия Оспановаға тамақтың нашарлығын, кейде аспаздар оларға етсіз күріш ботқасын беріп жүргені туралы айтып шағымданады. Өз кезегінде уәкіл Ерназар әкемізге жүргізушілердің шағымын жеткізеді.
Содан арыз-шағымды естіген Ерназар Сексенбаев кешкі ас кезінде қырман асханасында жұмысшыларға дайындалған ботқаны табағына салдырып, оған бір бөлке нанды турап, араластырып, жұмысшылармен бірге жеп алады да: «Осындай дәмді астан артық сендерге аталарыңның басы керек пе? Сендер ботқаны нан турамай жегеннен аш жүргенсіңдер ғой», – деп далаға шығып кетіпті.
ОЛ ЖАҚҚА СІЗ БІРІНШІ, МЕН ЕКІНШІ БОЛЫП БАРАМЫЗ...
Бір күні аудан орталығындағы теміржол моншасына барған Әбдіжәли Құрманбаев ауызғы бөлмеде дені жастарға толы моншашыларды көріп тұрған кезде анадай жерде кезекте тұрған КСРО батыры Тәйімбет Көмекбаевты көзі шалып қалады. Ол кісіні айналасындағылар танығысы келмеді ме әлде расымен де танымады ма, әйтеуір кезектен тыс өткізуге шамалары жоқ екенін байқайды. Содан ол батырға жақындап келіп: «Төке, алдыма түсіңіз, билет алыңыз. Сізден кейін мен барамын молаға. Немене, бұл жұрт молаға бұрын баратын адамның кезекте тұрмайтынын білмей ме? Бізді Құдай да, Үкімет те, төбенің басына бұрын барады деп кезектен шығарып тастаған. Бұл тұрғындардың ішінде молаға баруға асығатындары жоқ. Ал оған алдымен баратындар біз екеуміз. Әлбетте, ол жаққа сіз бірінші, мен екінші болып барамыз. Жүріңіз ілгері», – деп оны кассаға итермелеп, билет алдырып, моншаға кіреді. Ағаларының ұтымды сөзіне күле қараған кезектегілер қақ жарылып жол ашып, құрмет көрсеткен екен.
...МЕН СЕНЕН ҮЛКЕНМІН
Сондай-ақ, Әбдіжәли ағамыз енді бірде көшеде досы А.Досниязовты кездестіріп қалады. Оған қарсы келген досы: «Сен маған неге сәлем бермейсің, мен сенен үлкенмін ғой» деп төтеннен сұрақ қояды. Содан әзілқой ағамыз досына күле қарап: «Е, үлкен болсаң, сен о дүниеге бұрын барады екенсің, кете бер. Ол жақта мені күтерсің, сонда ізіңнен қуып жетіп, сәлемімді беремін» дейді. Мұның жауабына түсінбей таң қала қараған досы: «Ол қалай?» деп қарсы сұрақ қойғанда Әбдіжәли аға: «Осыған дейін екеуіміздің арамыздағы сәлемді кім бірінші беретін еді» дегенде, абдырап қалған досы: «Әрине мен беріп келдім» дейді. Олай болса сен осыныңнан аума. Осыған дейін сәлемді сен беріп келсең, қалған өміріңде де солай жасауға міндеттісің. Өйткені, сен қазір менімен теңелдім деп тұрсың. Жоқ, адам баласы тірі жүргенде теңелмейді, тек анау төбенің басына барған соң ғана теңеледі. Пенсияға шыққан соң сенің ақылың да, дәрежең де артып кеткен жоқ. Ендеше мен қалайша саған бірінші болып сәлем беруім керек? Мысалға екеуміз бір үйде қонақта болсақ, сөз жоқ бұрыңғы қалпымызбен мен төрге жайғасып, батаны мен беремін, басты мен ұстаймын. Пенсияны да қызметтің дәрежесі мен еңбектің сапасына қарай беріп отыр ғой» – дейді досына күле қарап.
Содан Әбекеңнің тапқырлығы мен әзіліне түсінген досы қарқылдап күле жіберіп, оның арқасынан қағып, құшақтап алған екен. Жинақтаған
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ
03 сәуір 2023 ж. 424 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 026

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031