Дүр Оңғардағы дүбірлі мереке
qarmaqshy-tany.kz Наурыз мерекесі Шығыс халқы үшін бірліктің, татулықтың, көктем мен ізгіліктің, бақыттың мерекесі ретінде тойланған. Сондықтан бұл күні қуанбайтын, мейірленбейтін адам кемде-кем. Наурыз мерекесінде адамдар арасында жақсы тілек тілеу, кешірім жасау, табысу сияқты қасиеттер көрініс тауып, кейінгі ұрпақ осы өнегеден үлгі алған. Міне, осындай қасиетті бойына сіңірген дүроңғарлықтар да биылғы әз Наурыз мерекесін жақсы істерімен, еңбектегі жоғары көрсеткіштерімен қарсы алды.
Мерекелік іс-шара ауыл орталығындағы алаңда жайылған дастарқан басына ауылдың қарты мен жасы жайғасып, наурыз көжеден дәм татумен басталды. Тағылымды жиында ауыл әкімі Әбимүсілім Қоқанов, «Жаңажол» ЖШС директоры Орынбасар Төлепов, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақытбек Тәуекелов ауылдастарына мерекелік құттықтауын арнап, жылы лебіздерін білдірді. Одан әрі ауыл әкімі өңірдің өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосқан Үміткүл Ермекбайқызы мен Әсемкүл Тұрарбекқызына аудан әкімінің алғыс хатын тапсырды.
Содан соң мереке ауылдық клуб үйінің, мектеп пен балабақшаның, шаруашылық өнерпаздарының ән мен биіне, ұлттық салт-дәстүр, әдепғұрыпты дәріптеуге арналған сахналық қойылымына ұласты. Жиналған жұртшылық мектеп ұжымының мерекеге сай дайындаған ұлттық жәдігерлер көрмесін тамашалады.
Мерекенің қызықты сәтінің бірі – спорттық шаралар. Жиналған жұртшылық алдымен ерлер мен әйелдер арасында өткен қол күресіне ден қойды. Ерлер арасында өткен тартысты сайыста Бекзат Төлепов барлық қарсыласынан басым түссе, әйелдер арасында Марал Қожахметова жарыс жеңімпазы деп танылды. Ал гір тасын көтеруде Мақсат Қалиев алдына жан салмай үздік атанса, асық ойнаудан да оның бағы жанып, І орынға көтерілді. Сондай-ақ арқан тарту сайысында мектеп ұжымының құрама командасы барлық қарсыласын жеңіп, жеңімпаздар көшінен орын алса, ауылдың түйе балуандары арасындағы белдесуде қарсыластарының жауырынын жер қаптырған Ғалым Тұяқбаев ауылдың түйе балуаны атағына ие болып, мерейі үстем болды. Ал жасөспірім балуандар арасында Нұрым Ағыбаев, Ислам Қартаңбаев өз салмақ дәрежелері бойынша жеңімпаз атанып, абырой биігінен көрінді.
Қазақтың ұлттық ойындары арасында мәртебесі биік спорт түрінің бірі – ат бәйгесі. Осы ретте Дүр Оңғардағы Наурыз мерекесінің шырайын келтірген тай бәйгесінде шабандоз Мұхамедияр Даниярұлы шапқан К.Бейбазаровтың тайы жеңімпаз атанса, тоқ бәйгеде шабандоз Нұрдидар Бекболатұлы мінген ат (егесі А.Ибраев) мәре сызығын бірінші болып кесті. Ал ұшқыр бәйге жарысында ш абандоз Мұхамедияр Даниярұлы мінген атбегі К.Бейбазаровтың жүйрігі бәйге жеңімпазы атанды.
Айта кеткен жөн, Дүр Оңғардағы Наурыз мерекесінің өткізілуіне ерекше үлес қосқан азаматтар мен азаматшалар, сонымен қатар өнерпаздар, спорттық жарыстар мен ат бәйгесінің жүлдегерлері мерекенің бас демеушісі «Жаңажол» ЖШС-нің сый-құрметіне ие болды.
Осы ретте, шаруашылық директоры Орынбасар Төлеповты сөзге тарттық.
– Өткен жыл «Жаңажол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің диқан-мехнизаторлары үшін табысты жыл болды. Ұжым егін жинау науқанында жоғары көрсеткішке ие болып, облыста егін шаруашылығы бойынша көшбасшылар қатарынан орын алды. Көптеген диқан-механизаторларымыз жылды табысты аяқтап, үздіктер қатарынан көрінді. Сый-құрметке бөленді. Ұжым күріштен де, бақшадан да, мал азығынан да табысты болды. Биыл да сол көрсеткішке ие боламыз деген ойдамыз. Техникалар дала жұмыстарына сақадай сай тұр. Егіншілердің көңіл-күйлері көтеріңкі, – деді шаруашылық директоры.
Ауылдағы төл мерекенің жоғары дәрежеде өтуіне үлесін қосқан шаруашылықтың ауыл мүддесі үшін де атқарған істері жетерлік. Көшелерді жарықтандыру, жөндеу жүргізу, ауылдың әрбір тұрғынының өміріне бейжай қарамайтын шаруашылықтың, оның ішінде берекесі мен бірлігі жарасқан ұжымды басқарып отырған халық қалаулысы Орынбасар Төлеповтың еңбегі ерекше десек артық айтқандық емес.
«Биылғы жыл да ауыл тұрғындары үшін жағымды жаңалықтармен өрнектелуде. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттарының сайлауы өтті. Сайлауда өзім облыстық мәслихатқа қайта сайлансам, шаруашылық директорының орынбасары Төлеу Ералиев аудандық мәслихатқа депутат болып сайланды. Мұның өзі ауыл үшін де, ұжым үшін де үлкен жетістік әрі мақтаныш. Осыған дейін туған ауылымыздың өсіп-өркендеуіне үлес қосып келе жатқан шаруашылық биыл да ауылдың өркендеуі мақсатына біршама жұмыстар атқаруды қолға алып отыр. Оның ішінде ауылдастардың басты арман-тілегі газ кіргізу, көшелерді асфальттау, ауылдық амбулатория мен спорт кешенін салу. Егер осы мәселелер өз шешімін тапса, әрине жерлестерімнің көптен күткен арманы орындалары анық», – дейді Орынбасар ағамыз.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ