» » Жаңа кітаптың тұсауы кесілді

Жаңа кітаптың тұсауы кесілді

qarmaqshy-tany.kz ПОЭЗИЯ ДЕГЕНІМІЗ – ӘЛЕМНІҢ ӨЗЕГІНДЕ ЖАСЫРЫНҒАН ӘСЕМДІК ПЕН ҮЙЛЕСІМДІЛІКТІ, БОЛМЫСТЫҢ ЖЫЛЫ, ШЫРАЙЫ МЕН КӨҢІЛ СЕРГІТЕР МӘН-МАҒЫНАСЫН АҚЫНЖАНДЫ РУХ ИЕЛЕРІНІҢ МАРЖАНДАЙ ТІЗІЛГЕН ӘДЕМІ СӨЗДЕР АРҚЫЛЫ ЖЕТКІЗЕ БІЛУІ.
Поэзия – адамның ой-қиялы жете бермейтін, қыранның қанаты талатын асқақ әлемді танып-білуі жолындағы қадам немесе осы жолда жұмсалған ғайыптан сыр аулағысы келген ақынның жан күйзелісі. Өлеңнің ырғағы сол сәттегі ақынның рухани күйі мен ішкі толқуына қарай кейде күшейіп, кейде мүлдем нәзік болып шығады. Сондықтан поэзиядағы әрбір дыбыс пен әрбір сөзді өлең жолдары төгілген кездегі айтушының көңіл-күйінен ғана толық түсінуге болады.
Поэзия ақынның дүниетанымына, сезіміне әсер еткен сеніміне, мәдениеті мен түйсіну қабілетіне қарай туып, белгілі пішінге ие болады. Бірақ оның мәнін тереңдетіп, адам ақылынан жоғары деңгейге шығаратын тылсым – шабыт. Шабытпен толқыған жүректе титтей атом алып күнге, тамшы теңізге айналады. Көңілде бүршік атқан ойлар қиялмен қанаттанса, шексіздіктің қақпасын қағып қайту мүмкіндігіне ие болады.
Поэзия – бүгінді нұрландырған сәуле, келешекке жарығын шашқан қуатты шам және шексіздіктен бастау алатын ғашықтықтың әні және адамның толқуынан туатын әуен. Нағыз өлең арқылы ақиқатқа адамның көзі ашылып, көңілдерде көктем орнап, шуаққа бөленеді, алыстағы жақындайды, рух қанаттанады.
Егер ақын сезгендерін елестетіп, ойының дұрыстығын ақыл елегінен өткізе алса, содан соң шабыттан туған сырлы ойлар сөйлем боп өрілгенге дейін ой бастапқы күйінде сақталса, бұл шығарма ұзақ уақыт оқылатын болады. Олай болмаған жағдайда, өлең деп ұсынғанымыз асыл тасты жез жүзіктен немесе көмірмен оюланған алмастан айырмашылығы болмайды. Нағыз ақынның әр сөзі мен сөйлемдерінен сиқырлы сарайдың қараңғы дәліздерін кезіп жүрген әр дыбыстан селт ететін ерекше сезімтал саяхатшының көзқарасы мен сезімдерін кездестіруге болады.
Өлеңнің сыртқы пішінінде көбінесе сөз, сөйлем басқадай өлшемдер, сөздің мәнері сияқты элементтер маңызды рөл ойнайды. Ал оның ішкі пішініне келсек, онда адам рухынан бастау алып, оның жан дүниесінде бүршік жарған ой керуенін жеткізу үшін қажет болған кезде гүлдердің түр-түсі мен көбелектердің қанаттары сияқты ең айшықты сөйлемдерді, реті келгенде түскен жерін ойып түсетін оттай сөздерді және сыбызғының сызылған үнін айна қатесіз елестететін сәтті теңеулерді іздеп табады да, оларды орын-орнына үйлестіріп қояды. Міне, мұны өлеңнің музыкаға айналуы деуге болады.
Құпия-сырлар мен түрлі ишаралар – өлеңнің негізгі қайнар бұлағы. Осы табиғаты мен сипатына қарай өлең терең мағынаға ие болады. Сөйтсе де, терең мағына үлкен ұғымды қамти алатын өлеңнің бұл өзгешелігі оның өзіне тән қасиеті болып табылады, сол себепті де қандай да бір ауыр жүкті арқаласа да, бұл жүк туындының шегінен асып, ауа жайылып кетеді. Өлең ақынның шабытына қарай түрлі иірімдерге ие болып, мағынасы тереңдесе де, ол өзінің әуел бастағы қасиетін бәрібір жоғалтпайды.
Өлеңге ой мен сезімнің біте астасуынан туатын сарын үстемдік етеді. Алайда адам денесіндегі гипофез безі іспеттес ой мен сезімнің артында оларға ұдайы әмірін жүргізіп, әсер ететін екі маңызды элемент – ниет пен көзқарас бар. Олар өлеңнің барлық жолдары мен шумақтарына өз ізін қалдырады, ой шатқаяқтай бастаған кезде оны құрдымға жібермей ұстап қалады және сиқырлы шам сияқты сезімнің жолын жарық қылады.
Ақын – кейде бұл қоғамның тыныс алу жолы, кейде аузы мен тілі. Сондықтан егер біз оның өсіп-өнген қоғамының ерекшеліктерін ескере отырып саралайтын болсақ, әрбір поэзиялық туынды бізге көп жайтты аңғартады. Егер оның туған бесігі мен нәр алған ортасын есепке алмасақ, одан көп нәрсе түсіне алмаймыз.
Байкенжеев Абдулла Нұрмағамбетұлы Қармақшы табанындағы Иіркөл ауылында орта шаруаның отбасында дүниеге келген. Қызылорда ауылшаруашылық техникумында техник-механик мамандығы бо­йынша білім алған. 1968 жылдан бастап шофер, құрылыс қоймасы мен күріш ақтайтын диірменнің меңгерушісі болып еңбек еткен. Иіркөл ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін атқарған.
Сол жылдардан бастап ауылда еңбек ете жүріп жазған өлеңдері баспасөз беттерінде жиі жарық көріп отырған. Ақын туындыларының арқауы – туған жер, Отан, халқымыздың ұлы тұлғаларына арнау, адамгершілік мәселелері және табиғаттың тылсым сырлары жайлы болып келеді. Өлеңдерінде кейінгі жас ұрпақты білім алуға, ғылым мен жаңа технологияны игеруге шақырады. Қоғам өмірінде және кішкентай ауылдың күйбең-күйкі тірлігінде ішін-тұра кездесетін келеңсіз жайттарды ащы мысқылмен түйреп, көпшілікке жеткізуге тырысқан. Ауылдағы алдында жол бастап жүрген ағаларына тай-құлындай асыр салып ойнап өскен құрдастарына, ізінен ерген ізетті інілеріне арналған өлеңдері де бір төбе.
Бір сөзбен айтқанда, қолына қалам ұстаған қарапайым еңбек адамы Байкенжеев Абдулла ағамыздың "Елімнің сырын еттім жыр" атты жыр жинағының бірлігі жарасып, берекелі өмір сүріп жатқан Иіркөл ауылының руханиятын дамытуға қосатын үлесі зор деп ойлаймын.
Бауыржан ЕЛЕУСІНОВ,
Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі
14 наурыз 2023 ж. 316 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 020

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031