Қоғам айнасы
qarmaqshy-tany.kz ЕЖЕЛДЕН ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ТҮСІНІГІНДЕ ӘЙЕЛ АДАМНЫҢ ОРНЫ ҰЛТ БОЛЫП ҚАЛЫПТАСҚАНЫМЫЗДАН БАСТАП ЖОҒАРЫ БАҒАЛАНҒАН. ОЛАРДЫ ҚҰРМЕТТЕУ, ЖАНАШЫРЛЫҚ ТАНЫТУ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БАСТЫ МІНДЕТІ. ЖАЗУШЫ М.МАҒАУИН: «ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ СҰЛУ – ҚАЗАҚ ӘЙЕЛІ: МЕНІҢ ЖАРЫМ, МЕНІҢ АНАМ, МЕНІҢ ҚЫЗЫМ. ҚАЗАҚТЫ ҚАЗАҚ ҚЫЛҒАН ОСЫ ӘЙЕЛ БОЛАТЫН, СҰЛУ ҒАНА ЕМЕС, СЫМБАТТЫ, МІНЕЗДІ, АҚЫЛДЫ, АДАЛ ЖАР, АБЗАЛ АНА, АҒАЙЫНҒА ҚАМҚОР, АУЫЛ-АЙМАҚҚА ҚҰТ, ЕРДІҢ МАҚТАНЫ, ЕЛДІҢ КӨРКІ» ДЕГЕН БОЛАТЫН.
Дана халқымыздың ежелден нәзік жандыларын қастерлеп, шаңырақтың шырағы, ынтымақ пен ырыстың алтын діңгегі деп білуі бекер емес. Бүгінде әйелдер қауымы отбасының ұйытқысы болып қана қоймай, еліміздің дамуына үлес қосып, қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және рухани-мәдени салада табысты еңбек етіп келеді. Елдің, қоғамның бел ортасында жүріп, әртүрлі салада қызмет етіп, түйінді мәселелерді шешуге үлес қосқан азаматшалардың еңбегі шексіз. Жалпы, ауданымыздағы 54 мыңнан аса адамның 49%-і әйел азаматтар. Олардың қатарында мемлекеттік қызметте 63 әйел болса, яғни ол барлық мемлекеттік қызметшілердің 38 процентін құрайды. Оның ішінде 3 қызметші жоғары лауазымдық қызмет атқарса, 2-уі ауылдық округ әкімі және 1-еуі аудан әкімдігінің бөлім басшысы, 3-еуі халық қалаулысы болса, аудан айнасы – «Қармақшы таңы» газетінің бас редакторы әйел-ана.
Сондай-ақ, бүгінде ауданда 1474 көпбалалы ана есепте тұрады. 570 ана «Алтын алқа», «Күміс алқа», сондай-ақ І-ші және ІІ-ші дәрежелі «Ана Даңқы» орденімен марапатталған аналарымыз бар. Көпбалалы аналарға мемлекет тарапынан нақты қолдаулар жасала бастады. Жағдайы төмен көпбалалы отбасылар үшін атаулы әлеуметтік көмек мөлшері де артуда.
Аудандық әйелдер кеңесі жоспарға сәйкес, бірқатар жұмыс атқарып келеді. Барлық елді мекенде 13 ауылдық әйелдер кеңесі жұмыс істейді. Жыл көлемінде тақырыптық кездесу, дөңгелек үстел отырыстары, түрлі сайыс қорытындылары әлеуметтік желілерде жарияланды.
Аудандағы қоғамдық, әлеуметтікэкономикалық, саяси өмірдегі әйел белсенділігін арттыру және қоғамдағы орнын айқындау, іскер әйелдерді қолдау, олардың іскерлік қасиеттерін, шығармашылық және лидерлік мүмкіндіктерін көрсету мақсатында да бірнеше ізгі іс-шара өткізілді. Кәсіпкерлік саланы дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларға қатысушылардың басым көпшілігін, яғни ауданда белсенді жұмыс істеп тұрған кәсіпкердің 51 процентін кәсіпкер әйелдер қауымы құрайды. Ауыл әйелдері мен қызкеліншектері отбасы, ошақ қасында ғана емес, сауда мен кәсіпте де белсенді. Әлеуметтік сала қызметкерлерінің басым көпшілігі әйелдер. Оның ішінде білім саласында 79,2%, денсаулық сақтау саласы мекемелерінде 86%. Жастарға рухани азық беруде көптеген іс-шараға қатысып, үлесін қосып жүрген аналарымыз қаншама.
Жалпы ұлылардың ұлағаты, тағылымды өсиеттерінен ана – қоғамды қозғаушы күш, бірлік-тірлік негізі, ел бейнесін айқындайтын өмір айнасы, ел тұтқасы екендігін тереңірек ұғынамыз. Әйел-ананың бейнесі қандай болса, сол елдің бейнесі, салт-дәстүрі сонымен өлшенеді. Халыққа қамқор ісімен, ұрпаққа мейірімді аналық үлгісімен, жанды тәрбиесімен, көзге көркем, ұнамды бейнесімен дараланбай қазір неге майдаланып кетті деген кейде ой туындайды. Ежелгі атабабамыз қан тазалығына қатты мән беретін. Әрісі өз руынан, берісі жеті атадан әріде өз туысымыз, тұқымымыз деп қан араластырмаған. Аналық ақ сүтін адал емізіп, өнегелі, текті ұрпақ өсіру теңдессіз бақыт. Сондықтан да адамзаттың бақыты да, жұмағы да ананың табанының астында деуі осыдан. Қазақ атамыз – қызын арға, ұлын нарға балап, ізеттілігін келіннен, татулығын абысыннан, айбарлылығын атадан, мейірімділігін анадан тапқан халық. Қазақ қызын қызғыштай қорып, үкідей үлбіретіп өсірген. Қыз баланы болашақ жар, аяулы ана, ақ жаулықты әже деп жастайынан үй шаруасына, тігін тігу, құрақ құрау секілді шаруаларға баулып, адамгершілікке, әдемілікке, парасаттылыққа, еңбексүйгіштікке де тәрбиелеп отырған. «Алып анадан туады» деген сөздің астында терең мағына жатыр. Ертедегі ел басқарған хандарымыз бен билеріміз, ер жүректі батырларымыз, ақын-жазушыларымыздың барлығы дерлік алтын құрсақты анадан туған. Балаларын данадай етіп өсірген, сондай ардақты аналарымызға кешегі тарихымыздағы Домалақ ана, Ұлжан, Ұмай, Зере аналарымыз, әулиелігімен танылған Бегім ана, Шоқанның әжесі Айғаным анамыз бірден-бір мысал бола алады.
Ауданымыздағы әйел-ананың қоғамдағы орнын айшықтауда отасқандарына 50 жыл болған, көпбалалы аналарға құрмет көрсетілді. Жас отбасылар, жас келіндер арасында байқау, ұлттық қолөнерімізді дәріптеуге байланысты шебер қолдар көрмесі, елді мекендер арасында ұлттық спорт түрлерінен сайыс, тағы басқа да ісшаралар тұрақты ұйымдастырылып отырады. Осы орайда, әйел, аналар кеңестерінің ұйытқы болуымен ауылдарда, кентте көптеген игі шара ұйымдастырылып, «Қыз тәрбиесі – ұлт болашағы» тақырыбындағы кездесулер тұрақты түрде өткізіліп келеді. Көпбалалы Батыр аналар, еңбеккер, кәсіпкер, балалары жетістікке жеткен аналар, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған аналарға құрмет көрсету де назарда ұсталуда.
Қорыта айтқанда, әйел-ана – қоғамның айнасы. Себебі, қай саланы алсақ та ата-анасына сүйікті қыз, жұмысында озық қызметкер, отбасында адал жар, аяулы ана, кемеңгер әже, ағайын-бауыр арасында жақсы қарындас, қамқор апа, ибалы келін, мейірімді ене, тату абысын, сенімді құрбы болып жарқырап жүргенін көресіз.
Гүлжауһар ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
Қармақшы ауданының Құрметті азаматы