» » Өңірдің дамуында оң өзгеріс бар

Өңірдің дамуында оң өзгеріс бар

qarmaqshy-tany.kz МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ «ӘКІМДЕРДІҢ ХАЛЫҚПЕН КЕЗДЕСУЛЕРІН ӨТКІЗУ ТУРАЛЫ» ЖАРЛЫҒЫНА СӘЙКЕС ЖЫЛ БАСЫНДАҒЫ КЕЗДЕСУ БАСТАЛДЫ. СӘРСЕНБІ, БЕЙСЕНБІДЕ АУДАН ӘКІМІ ЖАНДОС ЕРКІНБЕК ТӨРЕТАМ КЕНТІ МЕН АҚАЙ, ИІРКӨЛ, ТӨРЕБАЙ БИ, ҚАРМАҚШЫ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНДЕ БОЛЫП, ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ӘРБІР УӘЖІНЕ ҚҰЛАҚ ТҮРІП, ЖЕРГІЛІКТІ ЖЕРДЕГІ МӘСЕЛЕЛЕРГЕ ТЕРЕҢІНЕН ҮҢІЛУГЕ КІРІСТІ.

Алдымен Ақай ауылдық округіне жол жүріп, №279 мектеп-лицейінің жылу жүйесін тексерді. Мектепте ашылған қоғам және мемлекет қайраткері Елеу Көшербаевқа арналған мұражаймен танысты. Мұнан соң күрделі жөндеуді қажет ететін №99 орта мектептің жай-күйін көрді. Одан кейін аудан басшысы ауылдық клуб үйінде тұрғындармен кездесті. Жиында алдымен ауыл әкімі Эльмира Қазиева округ бойынша былтыр атқарған жұмысына есеп берді.
Ақай ауылында өткен жылмен салыстырғанда оң өзгерістер бар. Мәселен, мұнда кәсіпкерліктің шеңбері кеңейген. «Ұлттық жоба» бағдарламасы аясында мал шаруашылығын дамытуға – 11 жоба, қызмет көрсету саласына – 11 жоба, тігін цехына – 3 жоба, өндірістік бағытқа – 8 жоба, барлығы 33 жоба 1 225,2 мың теңгеден 40 431,6 мың теңгенің қайтарымсыз грантын жеңіп алып, жұмыстарын жүргізуде. Басқа да бағдарламалар арқылы БЖК, РИЦ, Атамекен МҚҰ бойынша 11 азамат 90,1 млн теңге несие алып, қазіргі таңда кәсіптерін дөңгелетіп отыр.
– Елді мекенді абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарына, ауыл көшелерін аяқ сумен қамтамасыз ету үшін 3 600 мың теңге жоспарланып, мемлекеттік сатып алу заңдылықтарына сәйкес, «Достар» жеке кәсіпкермен келісім-шарт жасалып, канал мен су құбырларының көру құдықтары тазартылып, аптасына 4 рет, 239 үй мен №99 орта мектеп және «Достық» саябағына су айдалды, – деді ауыл әкімі.
Одан кейін аудан басшысы ауыл тұрғындарының әл-ауқатын, тұрмыстық деңгейін жақсарту бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарлармен бөлісті. Былтыр Ақай ауылдық округінде дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталған-ды. Биыл нысанның құрылысын жыл аяғына дейін толық аяқтап, ел игілігіне беру жоспарда бар. Сонымен қатар Төретам – Ақай елді мекенін жалғап тұрған айналма жолды, яғни Бармин көшесін күрделі жөндеуден өткізу үшін жоба-сметалық құжаттардың әзірленіп жатқаны айтылды. Тұрғындардың көптен күткен газ мәлеселесі де биыл шешімін таппақ. Есепті кездесуден кейін аудан басшысы құқық қорғау органдарының басшыларымен бірге жеке қабылдау өткізіп, тұрғындардың мәселесіне назар аударды.
Аудан әкімі Жандос Еркінбек мұнан соң Төретам кентіндегі №16 спорт мектебі ғимаратының жағдайымен танысты. Жылы көне ғимарат қазіргі таңда күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етіп тұр. Одан кейін кентте жаңадан ашылған «Әли кидс» балалар ойын-сауық орталығының жұмысын көрді. Балаларға арналған орталықтың іші заман талабына сай жабдықталған. Кәсіпкер алдағы уақытта кәсібін кеңейту жоспарда барын жеткізді. Аудан басшысының тұрғындармен кездесуі клуб үйінде жалғасты. Төретам кенті әкімі Ғалымжан Елеусінов былтыр кентте атқарылған жұмыстарды баяндаса, аудан әкімі осы жылы кентте іске асырылатын жұмыстарға тоқталды.
– Қазір Төретам кентіндегі маңызды жобалардың бірі – газ мәселесі. Биыл көгілдір отынды жыл аяғына дейін жылу беру маусымына қарсы халық игілігіне берсек деген жоспарымыз бар. Одан бөлек, елімізде азық-түлік бағасының көтерілуі басты мәселеге айналып отыр. Осыны өз аймағымызда қолға алу мақсатында әлеуметтік дүкендерді көбейтіп, тұрғындарға арзан бағада өнім ұсынуымыз керек. Сонымен қатар, кенттегі ең өзекті болған мәселе ол – тазалық. Ең бірінші денсаулығымыз жақсы болуы үшін айналамыз таза болу керек. Кез келген жұмыс бір адамның атқаруымен бітпейді, сол үшін ел болып жұмылып, ауызбіршілікте тазалық ісіне қатты мән бергеніміз жөн, – деді аудан әкімі.
Өз кезегінде тұрғындар тарапынан сауалдар қойылып, ұсыныстар айтылды. Яғни, кент орталығындағы Құлтасов көшесіне тас төсеу, жарықтандыру секілді мәселе көтерілді. Сонымен қатар, кент тұрғыны Қуантай Құлахметов көшеде бұралқы иттердің көбейіп, адамға шабуыл жасауы жиі орын алатынын жасырмады. Қаңғыбас иттердің көбеюіне Байқоңыр қаласындағы тұрғындардың кейбірі көшіп кетіп, иттері қалып қоятыны мәселе болып тұр. Иттерді уақытша қамайтын орын қарастырылмаған. Аудан әкімі бұл мәселенің заң аясында шешілетінін тілге тиек етті.
Аудан басшысы Жандос Еркінбек сапарын одан әрі Иіркөл, Жосалы, Қармақшы ауылдық округінде жалғастырды. Тұрғындармен кездесіп, көкейдегі мәселелерін тыңдады. Кездесуде ауданда атқарылатын жұмыстардың жоспарымен бөлісті. Әр елді мекеннің даму мүмкіндігіне қарай әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеру, ауыл халқының өмір сүру сапасын арттыру, елді мекеннің инфрақұрылымын жүргізу, жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша жұмыстар жүргізілетінін тиек етті. Биыл Иіркөл, Жосалы ауылдық округінде балалар ойын алаңы салынып, ел игілігіне берілетін болады. Сондай-ақ, Қармақшы ауылында да су қабылдайтын құрылғы пайдалануға беріліп, тарихи желдиірмен жөндеуден өткізілмек. Ал ауыз су, жол жөндеу, абаттандыру, электрмен қамтамасыз ету мәселелері бойынша кезеңімен тиісті шаралар қабылданатынын айтты.
Кездесуден кейін аудан әкімі құқық қорғау органдарының басшыларымен бірге жеке қабылдау өткізіп, тұрғындардың талап-тілегін тыңдады. Мәселеге қарай тиісті сала басшыларына нақты тапсырма берді.
Ерсін СӘДУҰЛЫ
18 ақпан 2023 ж. 580 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№34 (10299)

30 сәуір 2024 ж.

№33 (10298)

27 сәуір 2024 ж.

№32 (10297)

23 сәуір 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031