» » Нұр сәулесін төгер ұстаз жүрегі

Нұр сәулесін төгер ұстаз жүрегі

qarmaqshy-tany.kz "Балапанды күзде сана" дегендей, білім саласы жұмысының қорытындылар тұсы да жыл соңы. Әдеттегідей өткен жылы да өңірдің білім саласының атқарған жұмыстарының нәтижесі талданып, жыл жеңімпаздары анықталды. Олардың қатарында түрлі аталым бойынша марапатталғандармен қатар, Жосалы кент орталығындағы Ш.Уәлиханов No26 орта мектеп ұжымы "Жыл үздігі" атанды.

Орта мектептің негізі 1895 жылы қаланған. 120 жылдан астам тарихы бар іргелі білім ордасынан республикаға белгілі ғалымдар мен ақын- жазушылар тәрбиеленіп шыққан. Олар – экономика ғылымдарының докторы, профессор Бақберген Досманбетов, саяси ғылымдарының кандидаты Мусахан Айтбайұлы, медицина ғылымдарының докторы, профессор, академик, балалар хирургиясының атасы атанған Камал Ормантаев, физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент Әбдіқади Пірмағамбетұлы, экономика ғылымдарының докторы Серғали Толыбеков, фантаст жазушы Раушанбек Шәкіманұлы, жазушы Адам Мекебаев, тағы басқа танымал тұлғаларды өсіріп, қанаттандырып ұшырып шығарған білім ұясы. Сол аға буынның салып кеткен дара жолын бүгінде мектептің жас шәкірттері жалғастырып, биіктерден көрініп келеді.
Қазіргі кезде мектепті ұлағатты ұстаз, білікті басшы "ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері" Мәуегүл Ерғалиева басқарады. Соңғы бірнеше жылғы білім ордасының жетістіктеріне тоқталып өтсек, аудан әкімінің, аудандық білім бөлімінің жыл таңдауы қорытындысында "Үздік білім ордасы – 2018", "Білім шыңы – 2019", "Үлгілі мектеп – 2020", "Білім шыңы – 2021", "Жыл үздігі – 2022" номинацияларын иеленсе, 2022 жыл қорытындысында облыстық білім басқармасы мен білім қызметкерлерінің кәсіподақ комитетінің шешімімен "Ынтымағы жарасқан ұжым" номинациясын қанжығасына байлады.
Мұғалімнің еңбегі шәкіртінің алған тәрбиесі мен білімімен өлшенетіні анық. Бұл жағынан да мектептің педагогикалық ұжымының елеулі еңбегін атап айтқан жөн болар. Қазіргі таңға дейін 23 "Алтын белгі", 7 "Үздік аттестат" иегері мектеп қабырғасынан түлеп ұшып, мемлекеттік грант иегері атанып отырғаны сөзіміздің дәлелі емес пе?! Өткен оқу жылында 28 бітірушінің ішінен 17-сі мемлекеттік грант иегері атанып, түрлі сала бойынша білім алуда.
2020-2021 оқу жылында мектеп басшысы, қазақ тілі пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші Мәуегүл Сламбекқызы "Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін" белгісімен және "Қазақстан Республикасың білім беру ісінің құрметті қызметкері" белгісімен марапатталды. 2020-2021, 2021-2022 оқу жылдарында облыстық, республикалық деңгейдегі педагог қызметкерлердің жоғары дәрежедегі марапаттарын да мектеп ұстаздары иеленуде. Атап айтқанда, 2020-2021 оқу жылында тарих пәнінің мұғалімі Гүлбану Тұрымтаева "Ерен еңбегі үшін" медалімен және 2021-2022 оқу жылында республикалық "2021 жылдың үздік педагогы" атағын иеленіп, миллионер ұстаз атанды. Пәндік олимпиадалардың республикалық кезеңінде жалпы пәндер бойынша Гүлбану Қазиханқызының оқушысы 2016-2017, 2017-2018 оқу жылдарында Әскербек Қарабарақов екі дүркін олимпиада жеңімпазы атанды. Ал 2022-2021 оқу жылында 11 сынып оқушысы Аружан Шәлтікова, 2021-2022 оқу жылында 10 сынып оқушысы Жасмин Серікова облыстық олимпиадада жеңімпаздар қатарын толықтырды.
Былтырғы оқу жылында Өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі Роза Еленованың оқушысы Маржан Бауыржанқызы республикалық олимпиададан ІІ орынды иеленді. 2020-2021 оқу жылында республикалық "Абай оқулары" байқауында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айнұр Дүйсебекованың шәкірті, 9 сынып оқушысы Нұрсая Нәбиева ІІ орын биігінен көрінді. 2017 жылы қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Индира Әбдіқалықованың оқушылары Жарқын болашақ V республикалық "KATEV" олимпиадасының жүлдегері Нұрай Айтбаева және 2020 жылы VII республикалық "Ясауи" олимпиадасының жүлдегері Ұлжан Абытова жоғары оқу орнының грантын олжалады. 2020-2021 оқу жылында 5-6 сынып оқушыларына арналған республикалық олимпиада қорытындысымен Мөлдір Алтынбайқызы ІІ орын иеленсе, сонымен қатар басқа да оқушылар халықаралық, республикалық, облыстық ғылыми жоба, мәдени-спорттық байқау, жарыстардан жеңімпаз, жүлдегер атанып, мектеп мақтаныштарына айналды. Осындай жетістікке қол жеткізіп келе жатқан білім ордасында білім алушыларға қолайлы жағдай тудырып, заманауи жабдықталған биология, химия, физика кабинеттері жұмыс жасауда. Сондай-ақ мектеп кітапханасында оқу залы жас білімгерлерге қызмет көрсетеді. Кітапханада 22000-нан астам кітап қоры, 18000-нан астам оқулық қоры, көркем әдебиет, әдістемелік, электрондық оқулықтар қоры сақталған. Әлеуметтік маңызы бар бастамаларды, жобаларды және бірлесе жұмыс жүргізу үшін оқырмандардың қолжетімді жұмыс кеңістігін ұйымдастыруда 2021 жылы коворкинг орталығы ашылған. Орталықта жұмыс орындары, бірлескен және жеке жұмыстарға арналған алаңдар, принтер, ақысыз Wi-Fi, жедел интернет, Skype арқылы сұқбаттасу мүмкіндігі қарастырылған. "100 кітап" жобасы аясында дәлізде ақын-жазушылардың шығармаларынан тұратын мобильді QR кітапханасы жабдықталған. Мектепте оқушылар мен оқу тәрбие үдерісінде өткізілетін іс-шараларды сапалы өткізу мақсатында АКТ залы жылжымалы интербелсенді тақтамен жабдықталған. Көркем де кең сахнасы мектеп өміріне қызмет атқарып келеді. Жасөспірімдердің эстетикалық талғамын қалыптастыруда "Алтын оймақ" атты көркем еңбек үйірмесінің қатысушыларының қолөнер туындылары мектеп дәлізіне әсемдік пен әдемілік беріп тұр десек жарасады.
Мектептің бүгінгі тыныс-тіршілігі мен атқарып жатқан жұмыстарымен танысу барысында мектеп директоры Мәуегүл Сламбекқызын сөзге тартқан болатынбыз.
– Мектеп бойынша жұмыс істеп жатқан еліміздің Оқу-ағарту министрінің алдымызға қойған төрт тапсырмасы бар. Олар – "Оқуға құштар мектеп", "Мектеп парламенті", "Театр" және "Дебат" жобалары. Осы жобалар шеңберінде мектебімізде жыл көлемінде белсенді жұмыс жүргізілуде. Мысалы, "Мектеп парламенті" жобасымен білім ұясында оқушылардың сайлауы арқылы арнайы сайланған парламент мүшелері жұмысын жүргізсе, "Оқуға құштар" мектеп жобасына 1-11 сынып оқушылары түгелдей тартылған. Сонымен қатар, білім ошағында "100 кітап" жобасы сәтті жұмысын жалғастыруда. Оқуға міндетті жүз кітаптың мектепте электронды қабырғасы жасалынған. Шәкірттеріміз кез келген уақытта оқығысы келген кітабын оқуға мүмкіндігі бар. Ол – барлық сынып оқушысына қолжетімді. Одан бөлек, "Әкелер", "Аналар" клубтары жұмыс жасауда. Ер және қыз балалардың тәрбиесі мен тәртібіне орай, "Тұлпар" және "Қыз Жібек" клубтары да оң нәтижесін беруде. Жоспарлы түрде мектепішілік ата-аналармен бірлескен іс-шаралар жолға қойылған. Аталып отырған клубтың барлығының жылдық жоспары бекітіліп, бірнеше мәрте кеңес өткізіледі. Онда негізгі мәселелер қаралады, атап айтсам, құқықбұзушылықты, суицидті болдырмау және оның алдын алу мәселелері, жасөспірімдер тәрбиесіне байланысты сұрақ-сауалдарға жауап беру, талқылаулар жүріп отырады. Бұл мәселелер бойынша аудан көлемінде іс-шаралар өткізіліп, ардагерлердің қатысуымен кездесу, дөңгелек үстел отырыстары ұйымдастырылады, – дейді ол бізбен әңгімесінде.
Иә, мектеп өмірінде білім мен тәрбие қатар үйлесім тапқан. "Құндылықтарға негізделген білім беру" жобасы аясында білім алушылар бойына адамгершілік құндылықтарды қалыптастыруда "Отбасы – мектеп" жобасы (аналар, әкелер кеңесі), "Өзін-өзі басқару" жобасымен мектеп парламенті тұрақты жұмыс істеуде. "Дебат" жобасы аясында "Жалын" дебат клубы оқушылардың білімін шыңдай түссе, "Өзін-өзі тану" пилотты бағдарламасы негізінде адамгершілік-рухани тәрбиелік бағдарламасының тәрбиелік рөлі күшейтілген. "Оқуға құштар мектеп" жобасы аясында да "Рухани қазына" оқырмандар клубы балалардың ой-санасына жылы әсерін беруде. Мектепте қамқоршылық кеңесі мен ата-аналар комитеті, денсаулық орталықтары мамандар кеңесін, бірлескен отбасылық іс- шаралар өткізіп, "Жас Ұлан", "Жас қыран" балалар мен жасөспірімдер, "Адал ұрпақ" еріктілер ұйымы, "Ер Тарлан" ер балалар клубы, "Қыз Жібек" қыздар клубтарын құру арқылы оқушылар өзін-өзі дамытып, шығармашылық әлеуетін арттыруда. "Рухани-адамгершілік" бағытты іске асыруда "Мектепке жол" акциясы ұйымдастырылып, әлжуаз отбасы балаларына көмек беру қолға алынған. Жалпы мектепте қыркүйек қамқорлық айы ретінде қалыптасып келеді.
Білім ошағының алға қойған жоспарлары да аз емес. Білім саласы – үздіксіз жүріп отыратын процесс болғандықтан, оған үнемі жаңару, жасару һәм инновациялық үрдістер тән.
– Өзім басшылық етіп келе жатқан үш жылдан бері жыл сайынғы рейтинг нәтижесінде алдыңғы үштіктен түсіп отырғанымыз жоқ. Өткен жылдың қорытындысымен бірінші орынға шығып, "Жыл үздігі" танылып отырмыз. Осының бәрі – мұғалімдер мен оқушылардың облыстық, республикалық, халықаралық дәрежедегі түрлі олимпиада мен ғылыми жобалардың, кәсіби байқаулардың жеңімпаз-жүлдегері атануының жемісі. Осы тұста айта кетеріміз, мектептің осы статусын түсірмей, қайта тағы да жетілдіре түсу – үлкен мақсатымыз болып табылады. Атқарып отырған бағыттағы жұмыстарымызды дамытып, ізгілендіріп орта мектепті "мектеп-лицей" статусына жеткізсек па деген алдымызда жоспарымыз бар, – дейді мектеп директоры Мәуегүл Сламбекқызы ұжым алдында тұрған ендігі мақсатын таныстырып.
"Талпынған жетер мұратқа" дегендей, 120 жылдық тарихи толғамды ізі бар, бірлігі мен ынтымағы жарасқан ұжымның діттеген мақсат-мұраттары әркез осылайша жоғары болғай!
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК
07 қаңтар 2023 ж. 848 1

Aulia Fitri Zuhri от 26 қараша 2024 12:36
Шабыт беретін оқу ортасын құруда мұғалімнің нұрлы жүрегі өте маңызды. Орта мектептегі барлық нәрсеге арналған дизайнды ойлау шығармашылық пен инновациялық шешімдерді ынталандырудың тиімді әдісі болуы мүмкін. Мұның қалай жүзеге асырылатынын көру үшін <a href="https://jakarta.telkomuniversity.ac.id/en/design-thinking-for-everything
-di-smkn-1-cimahi/">Телком университетіндегі мақаланы қараңыз. Джакарта</a>

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031