» » Жарқын болашақ белесі

Жарқын болашақ белесі

qarmaqshy-tany.kz Баласын жетектеген ата-ана. Сыйлық құшақтаған бала. Адамға толы айнала. Жалт-жұлт еткен шырша. Балбұл жайнаған балалар Жаңа жылды тағатсыздана күтіп жүр. Ал үлкендер мерекелік дастарқан дайындап, жақын-жуығын қуантуға сыйлық алып әлек. Иә, бұл жыл сайын мереке қарсаңында әрбір шаңырақта болатын жәйт. Барыс жылы босағадан шығып, қоян жылы есік қағып тұр. Елімізде биыл не өзгерді? Келер жылдан не күтеміз? "Өткен жылға өкпе жоқ" деп Жаңа жылдың табалдырығын аттағалы отырғандықтан, өткенді бір парақтап, есеп беріп кеткеніміз де жөн.
Тарих қойнауына еніп бара жатқан осы жыл еліміз үшін күтпеген оқиғаларға толы болды. Пандемияның беті бері қарап, карантиннен құтылып, қалыпты өмірге кіріп келе жатқан барыс жылын "өзгеріске бастайтын жыл" деп топшылап еді көбі. Айтса айтқандай бұл расқа айналды. Барыс жылының басы мұқым елді дүр сілкінткен қаңтар оқиғасымен басталып, тәуелсіз қазақ елінің шежіресінде қасіретті ізін қалдырды.
Жылдың да мінезі бар жақсы-жаман...
Қаңтар оқиғасынан соң еліміздің түкпір-түкпірінде төтенше жағдай жарияланды. Үкімет отставкаға кетті. Наурызда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы" тақырыбындағы халыққа Жолдауын жариялады. Саяси жүйені кешенді жаңғыртудың бағдарламасын таныстырды.
Мемлекет басшысының басты реформаларының бірі ретінде үш жаңа облыстың құрылуын айтуға болады. Халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мақсатында Семей өңірінде – Абай облысы, Жезқазған өңірінде – Ұлытау облысы, Алматы облысы өңірінде – Жетісу облысы құрылды.
Бұрынғы Алматы облысында халық санының көбеюіне байланысты өңір екіге бөлінді. Осылайша, Алматы облысының орталығы – Қонаев, Жетісу облысының орталығы – Талдырқорған.
Қыркүйектің соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтарды. 25 қазан мереке және демалыс күні болды.
Биылғы ел күтпеген оқиғаның бірі – сайлау. 20 қарашада кезектен тыс Президент сайлауы өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Президент сайлауында жеңіске жетіп, 26 қарашада ұлықтау рәсімі өтті. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қазақстан халқына ант берді.
"Балалар жылында" балаға жағдай жасалды ма?
Ел Президенті өскелең ұрпаққа жол ашу мақсатында барлық жағдайды жасау қажет екенін айта келе, 2022 жылды "Балалар жылы" деп жариялады. Иә, биыл – балаға басымдық берген жыл болды. Осыған сәйкес жыл ішінде сан түрлі салада балаларға базарлық дайындады. Халықаралық дә режедегі жобалардан бастап, ауыл-аймақтағы іс-шаралар балаларға арналса, тың идеяларды қозғаған бастамалар жас өскіндерге бақыт сыйлады. Осыған орай, ауданда балаларға арналған 6 ойын алаңы бой көтерді. Атап айтар болсақ, Қуандария, Дауылкөл, Ақтөбе, Жаңажол, Қармақшы ауылдық округтері мен Жосалы кентінде балалар ойын алаңдары салынып, пайдалануға берілді.
Жәрдемақы 1,5 жасқа дейін төленеді
"Әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне де өзгеріс енгізу керек" деген Мемлекет басшысы 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі үшін төлемақы төлеу мерзімін сәби бір жарым жасқа толғанға дейін ұзартуды тапсырды. Бұл көп анаға қуаныш сыйлағаны анық.
Сонымен қатар атаулы әлеуметтік көмектің бірыңғай жүйесін құру азаматтардың әл-ауқатын жақсарту ісіндегі маңызды қадамның бірі болмақ. Жаңа жылдан бастап, Отбасының цифрлық картасы және Әлеуметтік әмиян сияқты тәсілдерді енгізу жоспарланып отыр.
Балалар ұлттық қордан өз үлесін алады
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында Балалар жылы аясында "Ұлттық қор – балаларға" атты жаңа бағдарлама іске қосылатынын мәлімдеген еді. Осы жаңалықтан соң ел-жұрт мұны таң-тамаша қабылдады. Әсіресе аналар қауымының көңілі бір көтеріліп қалды.
Аталмыш жоба аясында 2024 жылдан бастап ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50%-і балалардың арнайы жинақтаушы шотына 18 жасқа толғанға дейін аударылатын болады. Бала осы жасқа келгенде баспана мен білім мәселесін бірден шешуге мүмкіндік алады. Сондай-ақ қаражатты мерзімінен бұрын шешіп алуға тыйым салынады. Үкімет пен Ұлттық банктің есебі бойынша елімізде жыл сайын 400 мың сәби дүниеге келеді. Әр бала 18 жасқа толғанша олардың есепшотында кемі 3 мың АҚШ долларына тең қаражат жиналады.
Балабақша тәрбиешілерінің жалақысы көбейеді
Қазақта "Ел боламын десең, бесігіңді түзе" деген сөз бар. Сондықтан мектепке дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда болуы керек. Алайда, бізде екіден алты жасқа дейінгі балалардың жартысынан астамы ғана балабақшаға барады.
– Мұндай олқылыққа жол беруге болмайды. Балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешу қажет. Оған қоса, тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттырып, жалақысын көбейту керек. Осы саладағы мамандарға қойылатын нақты талаптар бекітілуге тиіс. Олардың жұмыс жүктемесін де біртіндеп азайтқан жөн. Өз ісіне адал ұстаздар білім беру саласының дамуына зор үлес қосады. Сондықтан балабақшаны емес, тәрбиешіні аттестациялау қажет, – деді президент Қ.Тоқаев.
Қоян жылы қандай өзгерістер күтіп тұр?
Келер жылдан бастап елімізде аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің сайлауы пилоттық режимде өтеді. Сондай-ақ алдағы жылы жастарға 2,5%-тік жеңілдетілген несие беру басталмақ. Несие мөлшері – 5 млн теңгеге дейін болады.
Елімізде 2023 жылдан бастап көпбалалы аналарға қатысты «Марапатталған аналар» мәртебесі берілмек. Мұндай мәртебесі бар аналардың мемлекеттік жәрдемақы алуына мүмкіндік болады.
«Алтын алқа» не «Батыр ана» атағын алған келіншектердің жәрдемақысы бір айлық есептік көрсеткішке көтерілген. Осылайша «Алтын алқа» алқасымен марапатталғандарға немесе бұрын «Батыр ана» атағын алғандарға, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендері тапсырылғандарға берілетін жәрдемақы мөлшері 6,4 АЕК- тен 7,4 АЕК мөлшеріне дейін өседі. Демек, төлем 19 603 теңгеден 22 666 теңгеге өсті. Сондай-ақ «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларының иелеріне «Марапатталған аналар» жаңа мәртебесі беріледі.
1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 70 000 теңге, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері 24 341 теңге, айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 3 450 теңге, ең төменгі күнкөріс деңгейі 40 567 теңгені құрамақ.
Түйін
Жыл ащы басталғанымен, аяғы көңілге демеу болған бұл жылдан да асып, қоян жылына қадам басқалы тұрмыз. Қалай десек те, адамзат баласы тек жақсылықтан үміттенеді. Уақытқа шектеу жоқ. Әрі әр жылдың өзіндік табысы мен берекесі бар. Ендеше, барыс жылында қолға алған игі істердің қоян жылында да жалғасын табатынына сенім мол.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
02 қаңтар 2023 ж. 386 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 033

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031