Ауданда жаңа жыл мерекесі тойланды
qarmaqshy-tany.kz Бүгін орталық алаңда Жаңа 2023 жылды қарсы алуға арналған мерекелік концерт өтті.
Концерттік бағдарлама барысы балауса бүлдіршіндердің ән шашуымен басталып, жиналған жұртшылыққа мерекелік көңіл- күй сыйлады.
Думанға айналған мерекелік шарада аудан әкімі Әділбек Ерсұлтанов сөз алып,жиналған көпшілікті Жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Аудан басшысы өз сөзінде: «Жаңа жыл – бұл тек күнтізбедегі сандардың ауысуы ғана емес, көңілге ерекше сәуле құятын салтанатты кезең. Халқымыз жылнама ауысар кезде «Ескі жыл есірке, жаңа жыл жарылқа» деп тілек айтады. Сол дәстүрлі жолмен өткенге салауат білдіріп, алдымызға үлкен мақсаттар қойып отырмыз. Сондықтан келе жатқан қоян жылы мемлекетіміз үшін, ауданымыз үшін тиімді шешімдер қабылданатын жыл болсын!
Барша халық асыға күтетін осы мереке әр шаңыраққа ырыс пен ынтымақ ұялатып, бақ-береке дарытсын. Айдан аман, жылдан есен жүріп, қуанышты күндерге кенеле берейік»- деп лебізін білдірді.
Мейрамның көркін қыздырған Аяз ата мен Ақшақар тұрғындарға ақ тілектерін арнады.
Сондай-ақ, орталық алаңға жиналған халық әсем безендірілген, әшекейлі шырша жанында шат-шадыман, көтеріңкі қуанышпен Жаңа 2023 жылды қарсы алды.