Сан жылдық тарихы бар, еңсесі биік ұлағат ұясына 85 жыл!
qarmaqshy-tany.kz Білім саласы білігі мен жиған тәжірибесіне сенген мықтылар ғана бойлайтын қиын бағыт. Бұндай қиын да, мол жауапкершілікті талап ететін саланы басқару да жүйелі жұмыс пен асқан дарындылықты қажет етеді. Ал біздің өңірімізде осынау қиынды қиыстырып, мерейін асырып отырған білім ордасы - Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің 85 жылдығы!
Егер осы жасты жоғарыдағыдай адам жасымен салыстырып, «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген тәмсіл тұрғысынан қарасақ, білім ордасының өмірі ұзақ болады. Өйткені өз тарихында адам жасымен салыстырғанда қаншама ұрпақты тәрбиелеп, қаншама жасты білікті азамат етіп, еліміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосқан ол әлі де талай жылдар осы қызметінен таянбайтынына, содан да мың жыл жасауға лайықты екеніне сенім мол. Тарихына аз-кем көз жіберер болсақ, еліміздегі жоғары оқу орындарының алғашқыларының бірі болып есептелетін бұл оқу орны сонау халқымыздың басына қаралы күндер туған зар заманда, 1937 жылы Қиыр Шығыстан Қызылорда облысына жер аударылған корей халқымен бірге келген Корей педагогикалық институты (директоры Н.Цой деген кісі болған көрінеді) негізінде құрылған екен.
Егемендік алғаннан кейін 1996 жылы педагогикалық институт «Қорқыт ата атындағы гуманитарлық университеті» болып қайта құрылды да, көп ұзамай, Ыбырай Жақаев атындағы Қызылорда политехникалық институтымен біріктіріліп, «Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті» деген жаңа атауға ие болды.
Ал қазіргі университетті қай жағынан болса да бұрынғы педагогикалық институтпен ғана емес, алдыңғы онжылдықтардағы оқу орнымен ешбір салыстыруға келмейді. Оқу ғимараттарының, жатақханалардың, факультеттердің, мамандықтар мен онда оқитын студенттердің, кітапхана мен оқу залдарының, заманауи кабинеттердің, олардағы техникалық құралдар мен жабдықтардың саны мен сапасы жағынан болсын, университетіміздің еліміздегі және шетелдердегі жоғары оқу орындары ішінен алатын орны жағынан болсын, ауыз толтырып мақтанышпен айтарлық табыстары баршылық. Бұл жұмыс Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім беру орындарына қойып отырған жаңаша талабымен, соған сай оқу орнының жаңа статус иеленуімен, басқарма басшыларының өзгеруімен, әсіресе, жаңа басшы Бейбіткүл Сәрсемханқызының ұйымдастырушылық ерекшеліктерімен байланысты толығып, жаңа сипаттарға ие болуда. «Елу жылда ел жаңа» дегендей, өскен, өркендеген, жаңарған университетіміздің осындай ұшан-теңіз жетістіктерінің ішінде менің де қолтаңбам бар екеніне марқаямын.
Неліктен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетін таңдадым деген сауалға тоқталып өтейін. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің арқасында өңірімізде білім сапасы артып, тәрбие бағытының тамырына қан жүгірді. Жас таланттарға қолдау көрсетіліп, дарындыларымыз халықаралық, республикалық білім, спорт, өнер додаларында облыс намысын қорғап, топ жарып келеді. Студенттер арасында өзін-өзі басқару жүйесі жанданып, функционалды сауатты жастар легі қалыптасты. Түкпір-түкпірден тың идеялар, басқа білім ордаларына үлгі болатындай жобалар жасалып, жандану үстінде.
Бүгінде 85 жылдық тарихы бар іргелі оқу орны заман талабына сай дамып, еңбек нарығында қажетті кадрлар даярлап келеді. Халқымыздың ұрпақтарын кемел келешекке даярлап, білімді және тәрбиелі жастар қалыптастырудағы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті ұжымының еңбегі орасан зор.
Шығармашылық жетістіктер толағай табысқа жетіп, лайым өркендей бергей!
Орындаған: Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің 1 курс студенті Бекматова Назерке.
Жетекшісі: Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің орыс тілі және әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының кандидаты Жарбулова.С.Т.