Балаларды үш жасынан домбыраға баулиды
qarmaqshy-tany.kz Баланың рухани, физикалық дамуына мектепалды тәрбие ұйымдарының тигізер пайдасы зор. Соған сай аудан балабақшаларының ұстанатын қағидасы бір болғанымен, әрбірінің ішінара өз ерекшеліктері бар. Соның бірі – Тұрмағамбет ауылындағы No8 «Қызғалдақ» бөбекжай-бақшасы. Жүз жырауын жүзіктеген ақын-шайырлар ауылының кішкентай бүлдіршіндері де ата-баба аманат еткен дәстүрін жалғастыруда қазақтың киелі қара домбырасын сол бөбекжайда тәрбиеленіп жатқаннан-ақ қолына алып, таныса бастайды. Тәрбие ошағының қызметкерлері де бала болашағы жолында аянып қалып жатқан жоқ. Тілге тиек етіп отырған балабақшаның негізгі ғимараты 1985 жылы салынғанымен, бөбекжайдың елге қызмет көрсете бастағанына биыл асқаралы алпыс жыл толып отыр.
"Өткенсіз бүгін, бүгінсіз ертең жоқ" дегендей, алдымен балабақшаның тағылымды тарихына көз жүгіртсек. Осынау жылдарда тәрбие ұйымының елге сіңірген еңбегі елеулі. Олай болатыны ұжымда аға буын ана-әпкелердің ізі сайрап жатыр. Мекемеге Рабиға Тебенова, Несібелі Серкешбаева, Бекзада Тоғанасова, Айсұлу Жандосова, Жанаркүл Қаражановалар меңгерушілік етсе, 2019 жылдан бастап балабақшаға Айгүл Задаева басшылық етуде.
Бөбекжайдың алғашқы меңгерушісі Рабиға Әбілдақызы М.Мәметова атындағы педагогикалық училищесінің түлегі. Қазақтың басына зобалаң салған солбір нәубет жылдары Рабиға анамызды да айналып өтпепті. Білімді де білікті азамат Әбен Ниетбаевпен жаңадан шаңырақ көтерген ол екі жылдан соң жұбайына "Халық жауы" деп нақақтан-нақақ жабылған жаланың зияны оған да тиіп, жұмыстан шығарылған. Әбен әкеміз 1945 жылы жаладан ақталған соң барып ұстаздық қызметін жалғастырады. Бұл кісінің атқарған еңбегі зор болды. 1960 жылдан бастап балабақша меңгерушісі қызметін атқарып, зейнетке шыққан. «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 2004 жылғы No64, 65 нөмірлерінде Үмітхан Алтаева «Ресейге төрт вагон азық-түлік апарған» мақаласында Рабиға анамыздың орасан еңбегін жариялады.
Ұжымға еңбегі сіңген жанның бірі – Несібелі Серімбетқызы Н.Гоголь атындағы педагогикалық институтты бітірген. Әліп Жүсіпбековпен түтін түтетіп, 6 бала дүниеге әкелген. Ұзақ жыл бастауыш сыныптың мұғалімі болып қызмет атқарған ол аудандық, облыстық білім бөлімдерінің мақтау қағазымен, Қазақстан Республикасы "Оқу ағарту ісінің озық қызметкері" төсбелгісімен марапатталған. Өзі басшылық еткен уақытта мықты ұйымдастырушы, білікті басшы бола білді.
Жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруді мақсат еткен ұлағатты ұстаздың қашанда жанары жылы, жаны шуақты, жүзі мейірімге толы болып келеді. Шәкіртін сүйген, бала тәрбиесіне бар ғұмырын арнаған ұлағатты ұстаз Бекзада Тоғанасова Алдашбай ахун ауылының тумасы. Алғашында мектепте ұстаз болса, 1982-1983 жылдар аралығында балабақшаға меңгерушілік етіп, қызметін абыроймен атқарды.
Бөбекжайды басқарған Айсұлу Жандосова 1983-2000 жылдары балабақшаның меңгерушісі қызметіне тағайындалған. Дауылкөл ауылдық кеңесінің депутаты болып сайланған анамыз тиісті қызметінен бөлек қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, өз ісінің майталман шебері болуымен көптің көңілінен шыққан. Отбасында 6 бала тәрбиелеп, "Күміс алқа" иегері атанған. Мұнан соң бүлдіршіндер мекеніне Жанаркүл Байназарқызы басшылық етеді. Жоғары білімді маман М.Мәметова атындағы педагогикалық училищені, Шымкент Әлеуметтік педагогикалық университетін тәмамдаған. Қырық екі жыл педагогика саласында үздіксіз еңбек еткен ол қызмет жолын орта мектепте мұғалімдіктен бастап, 2000-2019 жылдар аралығында балабақшаны басқарады. Жиырма жылға жуық мекеме басқарған апамыздың да бала тәрбиесінде жасаған еңбегі айрықша.
Қазіргі таңда бебекжай-бақшаны білікті басшы, шебер ұйымдастырушы Айгүл Задаева басқарады. "Елу жылда ел жаңа..." демекші, қазір талапқа сай көптеген дүние жаңғырып, жаңара түсуде. Оған ілесу – уақыт талабы. Жаңа көзқарас, заманауи талап-тілектер үдесінен шығып отырған балабақшаның бүгінгі тыныс-тіршілігі қайнап жатқан өзінше бір әлем дерсіз.
– Әрбір нәрсе жаңарып, жасарып заман талабына сай алға жылжып отырмаса, даму барысына кедергі келтірері анық. Сол себепті де бөбекжайдың әдістемелік құндылығы әркез жаңарып, дамып отырады. Оның ішінде балабақша ұжымы баланың жас өзгешелігіне қарай көрнекі құрал, дидактикалық материалдармен толықтырылып, спорттық құрал-сайманмен жасақталуда. Әрбір топта қатты және жұмсақ мүліктер санитарлық талапқа сай орналастырылған. Бүлдіршіндердің рухани, моральдық тұрғыда дамуына көмектесетін теледидар, интернет жүйесіне қосылған компьютер, интерактивті тақта, музыкалық күшейткіш, тағы басқа да құралдармен қамтылған. Бізде жақында логопед кабинеті ашылып, ол да қажетті әдістемелік құралдармен жабдықталып отыр. Балабақшамыздың тарихы әріден басталады. Алпысыншы асуын артқа тастаған тәрбие ордасында бірнеше буын өкілі тәрбиеленіп шыққанын атап айтқым келеді. Кезінде асыл аналарымыздың салып кеткен ізімен жүріп келеміз. Ол кісілердің өмір, еңбек жолдары әркез үлгі. Балабақшаға ата-ана тарапынан сұраныс артпаса, кеміген емес. Ал енді балабақшадағы инновациялық қызмет түріне келер болсақ, бөбекжай педагогтары оқу іс- әрекеттерін ұйымдастыруда "Ойын", "ТРИЗ", "Монтессори", "Дамыта оқыту", "Денсаулық" технологияларын қолданады. Дамытушы ойындарға көрнекіліктерді технология мақсатына сәйкес жасап, балалардың танымдық, коммуникативтік, шығармашылық дамуына мүмкіндік береміз. "Отбасы – бақыт мекені", "Ана тілін сүйеміз" және "Ақылшым – ұстазым", "Ерте, ерте, ертеде..." атты апталық іс-шарасы, "Алтын күз келді далама" ертеңгілігі өткізілді. Топ тәрбиешілері ата-аналарға кеңес беріп, тренинг, дөңгелек үстел отырыстарын ұйымдастырды. Атап айтатын болсақ, "Жарасымды жанұя" спорттық сайы- сы, "Жігерлі, мықты, сабырлы әкелер" әкелер сайысы, "Бақытты отбасы" аналар сайысы, "Отбасы – ұлт рухының айнасы" музыкалық сайыс, "Әжемнің ақ батасы" әжелер сайысы, "Мен баламның қолдаушысымын" тренингі, "Өнегелі қыз, өнегелі ана" ана мен қыздар сайысы, "Менің қол көмекшім" тақырыптарында ата-аналарға арналған акциялар өтіп, жұмыстар жүргізілді.
"Қызғалдақ" бөбекжай-бақшасының өзіне тән алпыс жылдық тарихы мен шежіресі бар. Осы жылдар ішінде нарықтық қатынастың қатаң заңдылығымен ықшамдау, оңтайластыру, қысқарту кезеңдерін бастан өткізді. Алғашқы кезеңде Дауылкөл ауылдық округі әкіміне қарасты No11 балабақша болып аталып, нарықтық экономикаға байланысты 1997 жылы таратылған болса, 2000 жылы No29 мектеп директоры Дариха Әмзебекова апайымыздың бастамасымен мектептен мектепалды даярлық тобы болып құрылып, 2001 жылы қайта балабақша болып ашылды. 2004 жылы екінші мектепалды даярлық тобы ашылып, бөбекжай-бақшаға жаңа оқу жылында 50 бала қамтылды. 2008 жылы "Тұрмағамбет" ЖШС демеушілігімен қосымша ғимарат салынып, кіші топқа 20 бала қамтылды. Қазіргі таңда бөбекжай-бақшада 70 бала тәрбиеленуде. Ересек "Жас Ұлан" тобы, ортаңғы "Болашақ" және кіші "Дарын" тобы жұмыс істейді. Бөбекжай-бақша тәрбиеленушілері жасына сәйкес танымдық, шығармашылық конкурс, байқауларға қатысып, дипломдармен марапатталуда, – дейді балабақша меңгерушісі.
Жалпы мекемеде 10 педагог, атап айтқанда, педагог-сарапшы, педагог-модератор санаттары бойынша қызмет етсе, педагог-психолог, музыка маманы да бала жүрегіне жол тапқан. Педагогтар өзінің білім мен шығармашылық қуатын дамытып, оқу әдістемелік материалдарын түрлі білім сайтына, баспасөз бетіне жариялап отырады. Балабақшаның қол жеткен жетістігі де аз емес. Жыл аясында "Бал бала – 2022" бүлдіршіндер арасында облыстық телевизиялық байқаудан ІІ орынды жеңіп алса, "Балалық шағымның шуақты биі" республикалық байқауының аудандық кезеңінен, "BILIMART" республикалық білімділер сайтында жарияланған байқаулар мен "DARYNDY-ZHAS" оқу орталығының бейнелеу шығармашылығы бойынша жарияланған сайыстардан бүлдіршіндер жеңімпаз, жүлдегер атанып, диплом, алғыс хаттарға ие болды.
Бала білімі мен тәрбиесін жетілдіруде ұжымның еңбегі ерен. Балабақша басшысы Айгүл Задаева "AMANAT" партиясы облыстық филиалының алғысымен марапатталса, "Қазақстан ұстазы" І республикалық олимпиадасынан төсбелгі иеленді. Облыстық білім басқармасының, облыстық кәсіподақ комитетінің құрмет грамотасы да оның адал еңбегіне берілген жоғары баға. Ол Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты Ж.Есіркеповтің жетекшілігімен ғылыми шығармашылық жұмыстарды қолға алған. Соның нәтижесінде "Балабақшада ата-анамен жұмысты ұйымдастыру жолдары" шығармашылық зерттеу жұмысы ауданда мектепке дейінгі ұйымдарға тәжірибе алмасу мақсатында таратылды. "Атамекен" авторлық бағдарламасы бөбекжай-бақшада үйірме жұмысы ретінде іске асуда. Бөбекжай-бақша әдіскері, педагог-модератор Айзат Мұратованың да табысы жетерлік. Ол республикалық білім порталынан "Жаңашыл ұстаз" номинациясын олжаласа, аудандық білім бөлімінің мадақтамаларымен де марапатталған ұстаз. Тәрбиеші Ұлсынай Әбдіхалыққызы Тұрмағамбет ауылының 60 жылдық мерейтойында медальмен марапатталса, педагог-сарапшы Көркем Кеңесбайқызының да сіңірген еңбегі еленіп келеді. Оның "Мектепке дейінгі балалардың тілін ертегі арқылы дамыту" тақырыбындағы авторлық бағдарламасы баспасөз бетінде жарық көрген. Тәрбиеші Света Елеусінова халықаралық "Қазақ тілі" қоғамы аудандық филиалының марапатына ие болса, психолог Берік Әбілқасымов, музыка жетекшісі Құттықыз Бейсенқызы, тәрбиешілер Кенішкүл Абытқызы, Айгерім Сүлейменова, Жайнагүл Жәрімбетовалардың да саладағы атқарған еңбектерін ауыз толтырып айтуға болады.
– Біздің балабақшамыздың басты ерекшелігі – күннің екінші жартысында жыр-терме үйірмесін ұйымдастырамыз. Оны алып келе жатқанымызға үш жыл болды. Тұрмағамбет атамыздың өмірінен бастап, жыр-термелерін, рубаяттарын баланың жасына қарай қысқа-қысқа етіп үйретіп, балаға домбыраны қалай ұстау, қалай отыру керектігінен бастап аспаптың құрылысы, құндылығы жөнінде жаттатамыз. Оқу жылының соңында үйірмеге қатысқан 4 пен 5 жас аралығындағы 12 бала Тұрмағамбет атамыздың кемінде үш термесін айтып шығады. Кейде ата-ананың сұранысына орай 3-3,5 жас аралығындағы балалар да қамтылады. Өйткені бала балабақшаны бітіремін дегенше бірнеше жыр-термені үйренеді. Ауылымыз жырау-шайырлардың мекені болғандықтан біз балаларды кішкентайынан киелі өнерге баулып өсіруді осылайша қолға алғанбыз. Алғашқы шәкірттеріміздің жемісін көріп жатырмыз. Президенттің қолынан сыйға домбыра алған Арай Оңғарқызы, Шұғыла Мархабатова, Диас Оңғар, Әлішер Жәдігерұлы – біздің шәкірттеріміз. Суретші балаларымыз ағалы-қарындасты Қуаныш пен Шұғыла Ноян сынды дарынды шәкірттерімізді мақтаныш етеміз. Алдағы жоспармен таныстыра кетер болсам, балабақшаның материалдық базасын жылдан-жылға байыту, әдістемелік жабдықпен толықтыру болып табылады. Логопед маманын жұмысқа алсақ, тілінде кешеуілдігі байқалған балалармен жан-жақты жұмыс жүргізіледі деп отырмыз. Әрине бұған дейін психолог, тәрбиешілер жұмыс істеп келеді. Әлі де істей бермек. Дегенмен арнайы маманға ештеңе жетпейді. Бұл ана-аналарымыздың сұранысын қанағаттандырып отыр. Мақсатымыз – топта бала санын түсірмеу. Шығармашылық дамытуда тәрбиешілердің біліктілігін арттыруды жалғастыру. Жаңа жұмыстар көрсету, балаға жаңа көзқарас, заманауи білім беруге дамыту және бүлдіршіндерді байқау, сайыстарға атсалыстыру. Тағы бір ерекшелігіміз – желілік қоғамдастық бойынша Шиелі ауданындағы "Ақбота" балабақшасымен тәжірибе алмасуда бірлесіп жұмыс жүргізудеміз. Біз жинақтаған тәжірибемізді аудандағы балабақшалармен ғана емес, басқа да аудандардағы балабақшалармен алмасамыз. Ортада екіжақты жасалған жоспарымыз бар. Осы айда коучинг өткіземіз деп отырмыз. Яғни, озық тәжірибелерді насихаттаймыз. Онда жоғары білікті мамандар сабақ көрсетеді, – дейді Айгүл Задаева бірлігі жарасқан ұжымның бүгінгі тыныс-тіршілігіне тоқталып.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК