Жыр жүйріктерінің жарысы
qarmaqshy-tany.kz Еліміздегі әрбір жастың қоғамды дамытып, оның оңды мүддесі мен мақсатына адал қызмет етуі ортадан алған тәрбиесі мен тәліміне байланысты. Жастардың қоғамнан өз орнын тауып, шыңдалуында шығармашылық ізденістің маңызы ерекше. Осыған орай редакция ұжымы Балалар жылы және аудандық басылым – «Қармақшы таңы» газетінің оқырманына тарай бастағанына 90 жыл толуына орай «Төл басылым – тоқсанда» тақырыбында аудандық жыр мүшәйрасын жариялаған болатын.
Оның шарты бойынша сөз сайысына қатысушылар өлең шығарып, газеттің тарихы, өткен жолы, халықпен байланысы жайында шығармасын ұсыну керек болған. Міне, сол күткен байқаудың қорытындысын қазылар алқасы таразылап, өз бағасын берді. Нәтижесінде І орынды №29 орта мектептің оқушысы Бекқанат Смайылұлы (жетекшісі Сәуле Көзбергенова) жеңіп алса, ІІ орын жүлдегері болып №183 орта мектептің оқушысы Аяулым Әнуарбек (жетекшісі Мөлдір Есжанова) танылды. Ал ІІІ орын №107 орта мектептің оқушысы Дамир Ерболатқа (жетекшісі Достық Тілеубергенов) бұйырды.
Сонымен қатар, №183 орта мектептің оқушысы Диас Төлегенов «Ұшқыр қалам» номинациясымен (жетекшісі Шынар Райымбаева), №111 орта мектептің оқушысы Ақнұр Молдабекова «Үздік жас ақын» номинациясымен (жетекшісі Рауа Тоғызбаева), №185 орта мектептің оқушылары Хасанәли Тортаев «Сөз шебері» және Асылзат Таңат «Жас талант» номинацияларымен (жетекшілері Қайрат Жұматаев) марапатталды. Барлық жеңімпаз, жүлдегер «Сыр медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің дипломымен марапатталып, сыйлықтарға ие болды.
Ауданымыз – өнердің күмбезін көкке көтерген, жырдан өрнек өрген өңір. Сол себепті де жыршы жыраулар, ақынжазушылар көптеп шыққан. Осындай өлкенің ертеңін алтын тін – өнерімен жалғастыратын өскелең ұрпақтың жыр бәйгесінде мерейі үстем бола берсін!
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕКҚЫЗЫ.