Кезекті келелі кездесулер
qarmaqshy-tany.kz Аудан әкімі Әділбек Ерсұлтановтың «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес өңір тұрғындары алдындағы есепті кездесуі ІІІ Интернационал және Дүр Оңғар ауылдарында жалғасты.
Кезекті кездесу ІІІ Интернационал ауылында басталды. Алдымен ауылдық округ әкімі Нұрлыбек Сайымов есепті кезеңде елді мекен бойынша атқарылған жұмыстарды саралап, келесі жылға жобаларды мәлімдеді.
Әкім өз сөзінде ауылдық округте бүгінгі күнге 109 кәсіпкерлік нысан жұмыс істеп тұрғанын, оның ішінде мемлекеттік «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы шеңберінде 3 жоба, ал «Атамекен» микроқаржы ұйымы арқылы 1 жоба несиелендірілгенін айтты. «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі» Ұлттық жоба аясында ауылда ісін жаңадан бастаймын деген 16 жұмыссыз азамат мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті қолдауға берілген грантты жеңіп алғанын сөз етті. Мұнан кейін ол білім, спорт, мәдениет саласы бойынша қол жеткізген жетістіктер жайын баяндады.
Кездесуде аудан әкімі Әділбек Ерсұлтанов ауыл әкімінің есебіне бағасын бере келе ауданда есепті кезеңде атқарылған жұмыстар жайын пысықтады. Оның ішінде екі елді мекенде бұқаралық спортты дамытуға байланысты спорт кешендері және Балалар жылына орай спорт және ойын алаңдары салынып, олар ел игілігіне берілгенін, аудан орталығындағы Тайшық би көшесіне жөндеу жүргізілгенін және осы күні Аманкелді көшесінде жөндеу жұмыстарының жүріп жатқанын сөз етті. Даңғайыр ақын Тұрмағамбет Ізтілеуұлының туғанына 140 жыл толуына орай республикалық деңгейде түрлі мәдени іс-шара өткізілгенін, сонымен қатар қоғам қайраткері Қаратай Қуаңбаевтың туғанына 100 жыл толуына байланысты Т.Көмекбаев ауылында мәдени-спорттық шара ұйымдастырылғанын жеткізді. Аудан ғана емес, ел абыройын әлемге асқақтатып жүрген зілтемір шебері Нұрасыл Сәулебек пен балуан Мақсат Исағабыловтардың да айтулы жеңісіне тоқталды. Ауыл тұрғындары үшін жағымды жаңалықтар бойынша спорт кешені мәселесінің де шешімі жақын екенін тілге тиек етті.
Есепті кездесуде ауыл тұрғындары Рамиз Даврушовтың жыңғылдың бағасы жайлы, Сайлау Мұқтаровтың балабақша салу туралы, Крайбек Тоқабаевтың көше жарығы, Алтай Мусаханов және басқалардың көптен көкейлерінде жүрген сауалдарына заң аясында жауап берілді.
Аудан әкімі Әділбек Ерсұлтанов ІІІ Интернационал ауылы тұрғындарымен өткізген есепті кездесуі алдында жақында ғана «Көлік жөндеу» жобасы бойынша мемлекеттік қайтарымсыз грант иегері атанып, жұмысын бастап кеткен жас кәсіпкер Пазыл Мұзаппаровтың заман талабына сай көлік жөндеу құралдарымен жабдықталған шеберханада болып, кәсіпкердің жұмысымен танысты. Талапты жастың жұмыс кестесі мен алға қойған мақсатына ризашылығын білдіріп, берекелі кәсібіне сәттілік тіледі.
Аудан әкімі аталмыш ауылда болған сапарында тұрғындардың өтінішімен жеке қабылдау өткізіп, оларды толғандырған мәселелерге көңіл бөлді.
Келесі кезекте аудан әкімі бірлігі мен ауызбіршілігі жарасқан Дүр Оңғар ауылына аялдап, мәдениет үйінде ауыл тұрғындарына арнап есепті кездесу өткізді.
Ауыл әкімі Әбимүсілім Қоқанов жыл көлемінде елді мекенде тұрғындардың әлеуетін арттыруға арналған мемлекеттік көмектер мен басқа да әлеуметтік, мәдени, спорттық қолдаулар және басқа да салалар бойынша қол жеткізген жетістіктерді атап өтті. Білікті сала маманы, облыстық мәслихат депутаты Орынбасар Төлепов басқаратын «Жаңажол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің биылғы жылы егін шаруашылығы бойынша нәтижелі жұмыстары жайлы, шаруашылық тарапынан ауыл әлеуетін арттыруға байланысты қолдаулары туралы хабарлады.
Есепті кезеңде ауыл бойынша 20 отбасының 10 азаматына әлеуметтік көмек көрсетілсе, 24 адам қоғамдық жұмыспен қамтылған. 5 маман Жастар тәжірибесі арқылы жұмыс істеуде. Биыл мемлекеттік «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы шеңберінде 2 жоба, «Микробизнес Қызылорда» бағдарламасы (РИЦ) шеңберінде 2 жоба, «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі» Ұлттық жоба аясында 6 азамат мемлекеттік грант арқылы жұмысын бастады. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ «Іскер» бағдарламасы, ал «Атамекен» микроқаржы ұйымы арқылы 1 жоба несиелендірілгені айтылды. «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі» Ұлттық жоба аясында ауылда ісін жаңадан бастаймын деген 16 жұмыссыз азамат мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті қолдауға берілген грантты жеңіп алғаны хабарланды.
Одан әрі сөз алған аудан басшысы Әділбек Ерсұлтанов ауданда атқарылған айшықты істерді тізбектеді. Ауыл тұрғындарын келешекте жүзеге асатын жағымды жаңалықтармен де құлағдар етуді назардан тыс қалдырмады. Сондай-ақ аудан басшысы «Жаңажол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егін жинаудағы толымды жетістігін сөз етіп, шаруашылықтың ауылдың гүлденуіне қосқан елеулі үлесі туралы әңгіме тінін тарқатты.
Кездесуде ауыл азаматтары Елкей Сағымбаев, Тұрақ Омаров және басқалар сұрақтарын қойып, қойылған сауалдар бойынша нақты жауаптар алды.
Аудан әкімі Әділбек Ерсұлтанов Дүр Оңғар ауылында өткізген есебінен соң еңбек ардагері Серік Аймановтың отбасында болып, оған «Қармақшы ауданының Құрметті азаматы» төс-белгісін тағып, құрмет көрсетті.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ