» » Қателесуге болмайтын қызмет

Қателесуге болмайтын қызмет

qarmaqshy-tany.kz Қоғамда сан түрлі мамандық бар. Соның ішінде қызығы мен шыжығы мол, аса жауаптылық танытуды қажет ететін ерекше салалар да жоқ емес. Оларға қателесуге әсте болмайды. Себебі елдің бүгінгі жағдайы мен ертеңгі болжамы олар дайындаған сандарға тікелей байланысты. Бүгінді бағамдамай, өткенге есеп бермей, болашақты бағдарлай алмайтынымыз анық қой. Ендеше, кез келген нәрсенің сандық сипатын шығарып, түрлі саланы бір ортаға жинақтап, нақты ақпарат беретін статистика басқармасы туралы сөз қозғамақпыз.

Жыл сайын 8 қараша – Статистика күні ретінде тойланып келеді. Бұл атаулы күн 1920 жылы Қазақ АКСР үкіметі Қазақстандағы бірыңғай орталықтанған статистика жүйесінің «ҚазАКСР-дегі мемстатистика туралы ережені» қабылдағандықтан, кәсіби мерекенің қатарына кірген. Биыл Қазақстанның мемлекеттік статистикасына – 102 жыл. Ел егемендігінен соң статистика саласы тәуелсіз мемлекетіміз қол жеткізген жетістіктерді саралап, дербес санақ жүйесін қалыптастырды. Бүгінде осынау бірегей жүйенің бір тармағы ретінде аудандық статистика басқармасы тарих болып хатталатын ақпараттарды құнттап жинақтап, жауапкершілігін адал атқарып келеді.
Жиырма жылға жуық сандарды сөйлетіп, өз ісіне асқан ұқыптылықпен қарайтын жанның бірі – Нұргүл Шегенова. Ол осы ауданның тумасы. No26 мектептен тәлім алып, Қорқыт ата атындағы университеттен «Инженер-құрылысшы» мамандығы бойынша жоғары білім алады. Кейіннен «экономист» мамандығын меңгереді. Қос дипломы бар білікті маман 2003 жылдан бері аудандық статистика басқармасында жұмыс істейді.
– Статистика – қоғамдық өміріміздің барлық саласын сипаттайтын нақты сандардың жиынтығы. Оның басты міндеті – ақпарат көздерін шынайы, жан-жақты сандық көрсеткіштермен қамтамасыз ету. Мемлекеттің кез келген экономикалық, әлеуметтік маңызды жоспарлары, шешімдері дәл осы статистикаға сүйене отырып жасалады. Сондықтан бұл салада қызмет ету оңай емес. Себебі аудандағы сандық деректердің барлығы бізден өтеді. Кез келген саланы алсақ та, бәрі статистикамен тығыз байланысты болады. Деректерді жинау, оларды талдау, өңдеу – біздің міндетіміз. Сол себепті біздің қызмет зор жауапкершілік жүктейді. Мүлде қателесуге болмайды, – дейді Нұргүл Әлібекқызы.
Иә, күні бойы көгілдір экраннан көз алмай, сандармен арпалысқан бұл саланың да өзіндік қиындығы жетіп артылады. Десе де, бұл жұмысқа бар ынта-ықыласымен кірісіп, нәтижеге жұмыс істеуді көздейтін маман үшін олар күнделікті қалыпты жұмысқа айналған. Нұргүл Шегенова жұмыста білікті маман болса, отбасында мерейлі әулеттің берекелі отанасы. Өмірлік жарымен үш перзент тәрбиелеп отырған үлгілі жан.
– Негізінен мен білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, егін, транспорт, кәсіпкерлік, баға, өлім-жітім, ажырасу, туған балалар статистикасына жауаптымын. Ауданға қарасты мекеме, шаруашылықтың барлығы ай сайын, тоқсан сайын бізге есеп өткізеді. Осының нәтижесінде біз қорытынды жасап, нақты ақпарат ұсынамыз. Әрбір сан нақты болуы шарт. Себебі әрбір санның сұрауы бар. Сондықтан бұл қызметке асқан ыждағаттылық пен темірдей төзім де қажет. Бастысы атқарған жұмысымыз ел игілігіне қызмет ететіні көңіліме қуаныш ұялатады, – дейді аудандық статистика басқармасының маманы Нұргүл Әлібекқызы.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА
09 қараша 2022 ж. 377 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 106

Сұхбат

ӨНЕР АЙДЫНЫНЫҢ БҰЛАҒЫ
19 қараша 2024 ж. 135

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 277

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930