» » Сандарды сөйлеткен ұжым

Сандарды сөйлеткен ұжым

Қоғамда сан түрлі мамандық бар. Соның ішінде қызығы мен шыжығы мол,аса жауаптылық танытуды қажет ететін ерекше салалар да жоқ емес. Оларға қателесуге әсте болмайды. Себебі елдің бүгінгі жағдайы мен ертеңгі болжамы олар дайындаған сандарға тікелей байланысты. Бүгінді бағамдамай, өткенге есеп бермей, болашақты бағдарлай алмайтынымыз анық қой. Ендеше, кез келген нәрсенің сандық сипатын шығарып, түрлі саланы бір ортаға жинақтап, нақты ақпарат беретін статистика басқармасы туралы сөз қозғамақпыз.

Жыл сайын 8 қараша статистика күні ретінде тойланып келеді. Бұл атаулы күн 1920 жылы Қазақ АКСР үкіметіҚазақстандағы бірыңғай орталықтанған статистика жүйесінің «ҚазАКСР-дегі мемстатистика туралы ережені» қабылдағандықтан, кәсіби мерекенің қатарына кірген. Биыл Қазақстанның мемлекеттік статистикасына – 100 жыл. Ғасырды толтырған атаулы жыл мен мерейлі мерекенің қарсаңында аудандық статистика басқармасына бас сұқтық.
Жылы жүзбен қарсы алған мамандар мекемедегі атқарылып жатқан істердің қыр-сырын толықтай түсіндірді. Негізінен, статистика тек Үкімет үшін ғана емес, қоғам үшін де маңызды. Себебі кез келген статистикалық ақпарат қандай да бір шешім қабылдауда үлкен рөл атқарады. Әсіресе мемлекеттік басқару органдарының, халықаралық ұйымдардың, халықты еңбекпен қамту және жұмыссыздық, халықтың әл-ауқаты, тұрмыс деңгейі, инвестиция, баға, сыртқы экономика және тағы басқалар жөнінде статистикалық ақпараттың елдің дамуында өзіндік орны бар. Бұл мәліметтер бойынша түрлі саланың жұмысы бақыланып, сол арқылы бөлінісін де реттейді. Мемлекеттен басқа статистикалық қызмет жұмысына халықаралық ұйымдар мен бизнес-құрылымдар жүгінеді. Сондықтан да статистердің жұмысы нақтылықты, талдаудың дұрыстығын талап етеді. Жүз жылдың ішінде Қазақстанның статистика жүйесі талапқа сай өзгерді. Бүгінде елде статистика жасау үшін қажетті заманауи технологияларды енгізу жұмыстары оңтайландырылған. Әрбір елдің сандық көрсеткішіне Еуростат талдау жасап отырады. 2003 жылы Қазақстандағы жұмысты талдап, баға берілген. Халықаралық ұйымнан түскен ұсыныс елдің статистика жүйесін дамыту және жетілдіруге арналған бағдарлама жасауда ескеріледі.
Жалпы алғанда, мемлекеттік статистика – ақпаратты жинау мен өңдеудің орталықтандырылған жүйесі. Ол мемлекеттік саясатты қалыптастырып, іске асырушы орган ретінде елдегі барлық қызметті ұйымдастырып, үйлестіріп, бағыттап отырады.
Ал біздің мекендегі бұл мекеменің тарихы тереңде. Ауданда аталмыш орган 1932 жылы құрылды. Ол кезде мекеме «Халық шаруашылығын жүргізетін инспекция» деп аталған. Сол уақыттан бері талай мәрте аты да өзгеріп, бірнеше ауданмен бірігіп те еңбек етті. Ол уақыттарда бүгінгідей арнайы есептеуіш құралдар болмаған. Тек 1954 жылы ғана пернелі машиналар қолданысқа енеді. Бұл саланы Ұлы Отан соғысына қатысқан, «Ерен еңбегі үшін» орденімен марапатталған Әбдірауық Сатыбалдиев 37 жыл басқарады. Одан кейін Піртаза Қалиев, Әділхан Медешов есімді тұлғалар басшылық етті. Қоғам үшін еселі еңбек етіп келе жатқан мекеме 2009 жылдан аудандық статистика басқармасы деп аталады. Атқарар ісінің ауқымы мол мекемеде 4 мемлекеттік қызметкер, 4 маман келісім-шартпен, 2 интервьюер жұмыс істейді.
Бүгінде мекемені Кенжебек Таңбаев басқарады.
– Аудандағы барлық заңды мекемелер бізге сандық көрсеткіш өткізеді. Біз оларды жинақтап, ауданның әл-ауқатын, тұрмыс деңгейін, мекеме жұмыстарының жүргізілу барысын бағамдап, облыс орталығына жібереміз. Біздің негізгі бағыттар – ауылшаруашылығы, өндіріс, сауда, құрылыс, инвестиция. Осылардың негізінде зерттеу жұмысын жүргізіп, талдап, нақты ақпарат ұсыну – бұл саланың басты міндеті, – дейді аудандық статистика басқармасының басшысы К.Таңбаев.
Мұнда әрбір қызметкердің жұмыс істеу бағыты бөлек. Мысалы, бас маман Эльвира Байкетеева еңбек нарығы, ауылшаруашылығы, инвестиция, құрылыс, туризм, экономикалық тіркелімді талдаса, жетекші маман Нұргүл Шегенова егін шаруашылығы, баға, қызмет көрсету статистикасы, миграция, туу мен қайтыс болу, некеге тіркелу мен некені бұзуды зерттейді. Сондай-ақ екінші жетекші маман Күнсұлу Маханбетжанова алты ай сайын жүргізілетін халық санағы мен мал санағына, сауда, өндіріс, қаржы басқармасына жауапты. Ал интервьюер Айгүл Шыңғысова аудандағы жұмыссыздық деңгейі, ауылшаруашылығы саласы, оның ішінде дәнді дақылдардың өсуі жайлы зерттеу жүргізсе, Ақжар ауылындағы Гүлсім Нұрмаханова тұрғынның тұтыну корзинасы жөнінде ақпар жинақтайды. Аталған мекеменің ардагерлері Ордабек Тайбағаров пен Нина Россинская әрдайым назардан тыс қалмайды. Түрлі мерекеде құттықтап, ұйымдастырылатын шараларға шақырылады. Мерейлі мерекеге орай ұжым мүшелері сала ардагерлерін құттықтап, сыйлықтарын табыстап та қайтқан.
Онан бөлек, «Қайырымдылық жасасаң, қайырымын өзің көресің» деген даналықты ту еткен ұйымшыл ұжым жыл сайын «Мектепке жол» акциясына үлес қосып, пандемия уақытында да игі істердің үлгісін көрсеткен. Бірлігі жарасқан ұжымның берекесі осыдан болар.
Адам өмірге келгеннен бастап, дүниеден озғанға дейінгі өмір жолындағы әрбір белесті қағазға түсіріп, оны сан арқылы сөйлетіп жүрген мамандардың еңбегі ерекше. Қоғамның әрбір құбылысын санмен өрнектеп, сенімді де дәл ақпарат үшін тынымсыз еңбектенген әр маманның жұмысы расында елеуге тұрарлық.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
Қазбек ЖАУЛЫБАЙҰЛЫ (сурет)
08 қараша 2020 ж. 813 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

18 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 094

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031