Елімізде орташа айлық жалақы 203 мың теңге көлемінде
2019 жылғы IV тоқсанда бір қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысы 203883 теңгені құрады. Атаулы жалақы индексі 2018 жылғы тиісті тоқсанына 115,8%, ал нақты жалақы индексі 109,9% құрды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті хабарлады, деп жазады BAQ.kz

Ең төменгі атаулы жалақы ауыл, орман және балық шаруашылығының қызметкерлерінде белгіленді – 127,3 мың теңге, бұл республика бойынша орта көрсеткіштен 37,6 %-ға төмен.
Өңірлік бөліністе ең жоғарғы жалақы Атырау облысында белгіленген – 345,2 мың теңге, бұл орташа республикалық көрсеткіштен шамамен 1,7 есеге асады. Түркістан облысында - 138,1 мың теңге, бұл ел бойынша орташа деңгейден 32,3%-ға төмен.
Статистика комитетінің хабарлауынша, бұл мәліметтер халықаралық стандарттарға сәйкес бір қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысы қосымша ақыларды, үстемақыларды, сыйақыларды, сондай-ақ салықтар мен басқа да ұсталымдарды (табыс салығы, міндетті зейнетақы жарналарын) есепке ала отырып қалыптастырылған.