» » Баптай білсең, жер жомарт

Баптай білсең, жер жомарт

qarmaqshy-tany.kz Ақтөбе. Бұл жолы ауылға тағы қуана аяқ бастық. Бірі – туған жерге деген сағыныш болса, екінші себеп – биыл ауылдың мәртебесі өзгелерден дараланып, бағы жанды. Нақтырақ айтсақ Нұрлан Іздібаев басқарған «Ақтөбе и К» шаруашылығы облыс бойынша «Озат егін шаруашылығы» атанып, алдыңғы қатардан көрінді. Бір сөзбен айтқанда көктемде еккен күріші, ала жаздай тынымсыз еңбектің арқасында бітік шығып, қамбаға мол астық құйылды.

Биыл Сыр диқандарын су тапшылығы аямай бүйірден қысты. Былтырғыға қарағанда салмағын салды. Әйтсе де шаруашылықтар сынаққа сынбай шаруасын тоқтатпады. Керісінше нар тәуекелге басып, Жер-Анадан бұйырған несібені алуға еңбек етті. Су тапшылығының алдын алуда облыс басшылығы да аянып қалмады. Мәселені шешу мақсатында облыстық табиғи ресурстарды қорғау және реттеу басқармасы тарапынан насостар бөліп, судың келуіне жұмыс істеді.
Қош. Ауылдағы «Ақтөбе и К» ЖШС-ның жемісті қуанышын бөліспекке шаруашылық төрағасына тіке бардық. Әдетте Нұрлан ағамызға хабарлассақ та ол кісімен жолығудың сәті түспейтін. Егіннің басында немесе сыртта шаруашылыққа керек-жарақтыны қамдап жүргенінен хабар алатынбыз. Осы жолы онымен кездесудің мүмкіндігі бұйырып, інілік құрметпен сәлемімізді көрсеттік. Ағаның үйі ақ жайлау деген. Нұрлан ағамыздың мамыражай жүзіне қарап әлдебір жайлылықты байқадық. Еңбегің еш кетпей, берекесі қайтқаннан артық қандай қуаныш бар дейсіз? Басшы адамның қай кезде де жұмысы қауырт келеді емес пе? Жаңа ғана айтқан сөзімізге аяқ астынан шыққан шаруасы тағы да дәлел болып, келген жөнімізге кедергі болған еді, ағамыз бұл жолы көңілімізді қимай көлігіне мінгізіп алды. Сөйтіп жол үстінде биылғы атқарған жұмыстарынан сыр шертіп, әңгімесін әріден бастады.
– Өзің көріп тұрғандай ауылдың қамын жасап, қызмет ету оңай шаруа емес. Ел-жұртқа болсын, пайдамыз тисін деп жүрген жайымыз ғой. Қарап тұрсам бір бос уақытым жоқ екен. Тіпті егіннің уақытында да шаруашылыққа келіп отырған емеспін. Ішке тек қағаздарыма қол қоюға ғана бет бұрамын. Қалған күндер де сыртта жүремін, шаруашылықтың жоғын түгендеп, егіннің қамын жасаймын. Ал енді «Ақтөбе и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылғанына биыл сегізінші жыл. Егін егіп өнім жинаудан әрдайым жоғары көрсеткіштен көрініп келеміз. Ең төменгі деген көрсеткішіміз 69 центнер болса, қалған барлығында 80-ге дейін өнім алып жүрген шаруашылықпыз. Осы сегіз жылдың ішінде ауылда көптеген жұмыстар атқарып жүргенімізге ауыл халқы куә. Шаруашылық құрылғанға дейін ауылдың ахуалы төмен деңгейде болды. Бұрынғы инвестр жеріміздің барлығын кепілге қойып, өткізбек болған тұста осы шаруашылыққа басшы болып келіп, ең бірінші жерді қайтаруға жұмыс істедім. Қазір шүкір ауылымыз жақсы, егініміз несібемізге қарай мол өнім беруде, – дейді шаруашылық басшысы.
«Ақтөбе и К» шаруашылығы су тапшылығы мәселесімен бетпе-бет келген шаруашылықтардың бірі. Соған қарамастан биыл 1500 гектарға күріштің «Лидер», «Янтарь» сортын егіп, әр гектарынан 72 центнерден өнім алған. Одан бөлек жергілікті ғалымдар шығарған күріштің «Сыр сұлуы» сортын алғаш сынақ ретінде еккен. Шығым жақсы болғанымен, аздаған кемшіліктер орын алыпты. Ал мал азығы бойынша жаңа және ескі жоңышқаны 1000 гектарға егіп, жақсы өнімге қол жеткізген.
– Биыл судың тапшылығы егінге қатты әсер етті. Алайда бұл мәселенің де жолын қарастырып, 6 электрлі және дизельді насос алып, жаз бойы пайдаландық. Су азайғанда коллектр арқылы қашыртқы суларды насос арқылы каналға құйып, күріш атыздардын суғарып отырдық. Осыған орай суды аз қажет ететін күріштің «Сыр сұлуы» сортын алғаш рет қолға алып, биыл сынақ ретінде ектік. «Ақтөбе и К» шаруашылығының облыста тұқым шаруашылығы деген куәлігі бар. Алдағы уақытта осы күріштің ерекше сортын тағы да егіп, басқа облыстарға насихаттап, сатамыз деген жоспарымыз бар. Қазірдің өзінде басқа аймақтар Сыр сұлуына қызығушылық танытуда. Жалпы облыс әкімінің егіс көлемін ұлғайтпаңдар деген тапсырмасы тағы бар. Дегенмен келер жылға бұрынғы егін егілген жерлерді қайта дайындап, суды аз қажет ететін мақсары, құс шаруашылығына керек соя дақылын егуге сүдігер жыртып жатырмыз, – дейді Нұрлан Тұрғанбекұлы.
Егінге орақ салып, қырманға алғаш астық түскенде шаруашылық төрағасы кеусен таратуды да ұмытпапты. Өздерінің күріш өңдеу зауытынан күрішті ақтатып әр жер үлескерлері мен халыққа 75 келіден тегін күріш беріпті. Сондай-ақ шаруашылықтың биіктен көрініп, егіннің бітік шығуына үлес қосқан диқандардың да еселі еңбегін айтпай кету тағы болмас. Олар бригадирлер Бақытбек Мұнарбаев 74 центнер, Бақытжан Бердібекұлы 70 центнер, Болат Қуантайұлы 71 центнердің үстінде өнім жинаса, комбайнер Ербол Наурызов 31 центнердің үстінде астық бастырған. Ғалымжан Жақсылықов 900 гектардың үстінде күріш салысын дестеге салса, тасымалдаушылар Нұрлан Ақболатов, Серік Әбуов жақсы көрсеткішке қол жеткізген. Күрішшілерден Қайрат Отарбаев, Қайрат Айболатов, Әділ Есенов, Мақсат Шахиевтер 80-97 центнер аралығында өнім алған. Ақтөбе ауылында көптен бері ел күткен жаңалықтардың бірі – «Қармақшы құс» фабрикасының іске қосылуы. Шаруашылық төрағасы бұйырса жыл аяғына дейін бұл істің де түйіні шешілетін кез алыс емес екенін тілге тиек етті. Қазіргі таңда Белгия, Иран, Қытай елдерінен құрал-жабдықтары жеткізілуде. Оған арнайы мамандар келіп, цехтың іске қосылуына жұмыс жасайтын болады.
Ерсін СӘДУҰЛЫ
24 қазан 2022 ж. 968 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 036

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031