Ұлттық мерекеде ұлықталған күн
qarmaqshy-tany.kz Ұлттық мерекеде ұлықталған күн. Дәстүрлі "АЛТЫН ДӘН-2022" ел диханшыларының еңбегі еленді.
Бүгін 25 қазан Республика күні аясында Қармақшы ауданы бойынша егін жинау науқаны қорытындыланып, «Алтын дән» салтанатты шарасы өткізілді. Аудан әкімі Әділбек Ерсұлтанов дала еңбеккерлерін марапаттап, Сыр өңірінің қамбасын молайтып, ала жаздай еңбек еткен шаруалардың адал еңбегін жоғары бағалады.
Бүгін 25 қазан Республика күні аясында Қармақшы ауданы бойынша егін жинау науқаны қорытындыланып, «Алтын дән» салтанатты шарасы өткізілді. Аудан әкімі Әділбек Ерсұлтанов дала еңбеккерлерін марапаттап, Сыр өңірінің қамбасын молайтып, ала жаздай еңбек еткен шаруалардың адал еңбегін жоғары бағалады.
- Ата - бабамыз аңсаған арманның жүзеге асқан, елімізге еркіндік сыйлаған Ұлы күн – Республика күні қарсаңында жүз жырауы жыр жүзіктеген өнер өлкесінде ерен елдіктің, еселі еңбектің, өшпес өнердің тойына баршамыз куә болып отырмыз.
Халқымыз «Жер жомарт, жерге сенген ел жомарт, еңбек еткен ер жомарт»,-дейді. Бүгін ала жаздай еңбек етіп, Сыр маржанын төкпей-шашпай жинау үшін күні-түні тер төккен Қармақшылық диқандардың еңбегі айшықталатын күн - деді аудан әкімі.
Биылғы жылы егін егу маусымы басталар алдында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев азық-түлік қорын көбейту және сырттан алатын өнімдерге деген тәуелділікті азайту үшін әр аудан, қаладағы ауылдарда егін егуге арнайы жер дайындауды және бақша дақылдарын егуді тапсырған болатын.
Нәтижесінде, аудан бойынша жалпы егіс көлемі 24 326 гектарға орналастырылды. Оның ішінде қосымша 316 гектар бақшалық жер дайындалып, 837 отбасы бақша өнімдерін екті (картоп 75 га, көкөніс 43 га, бақша 198 га).
Сонымен қатар биылғы жылы 12 773 гектарға күріш егіліп, 76,043 мың тонна Сыр салысы қамбаға құйылды. Орта өнім - 60 центнерді құрап отыр.
Салтанатты шарада Қармақшы ауданының дамуына,өсіп өркендеуіне айрықша үлес қосқан азаматтарға «Қармақшы ауданының құрметті азаматы» атағы табысталды.
Сондай-ақ, "Алтын дән" шарасында бірқатар сала қызметкері облыс әкімінің «Құрмет» грамотасы, аудан әкімінің алғыс хаттарымен «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Ал, жыл қорытындысымен топ жарған озаттар түрлі номинациялар иеленді.
Құрмет төрінен орын алған еңбеккерлер арасында бақша өсіруші, күріш өсіруші, комбайыншы, агроном, бригадир арнайы алғысқа кенелді.
Сонымен қатар, мерейлі мереке қарсаңында талай жанның дертіне айналған баспанаға мұқтаж тағы бір отбасы «Харекет» қайырымдылық қоры атынан көп балалы отбасы ретінде Мырзабаевтар отбасына 755-ші баспананың кілтін табыстады.
Салтанатты шара қазақ күресі, қол күрес,гір тасын көтеру сынды спорттық ойындармен жалғасын тауып, мерекелік кеш концерттік бағдарламаға ұласты. Аудандық өнерпаздар дала еңбеккерлерінің құрметіне әуезді ән айтып, мерекені думанға бөледі.