Әрбір тұрғынның тілегі ескеріледі
qarmaqshy-tany.kz МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ ТҰЖЫРЫМДАМАСЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ БАҒЫТЫНДА ЖӘНЕ АЙМАҚ БАСШЫСЫ НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВТЫҢ ТАПСЫРМАСЫНА СӘЙКЕС АУДАН ӘКІМДІГІНДЕ ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ МАРХАБАТ ЖАЙЫМБЕТОВ ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ОРГАНДАРЫНЫҢ БАСШЫЛАРЫ МЕН ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТАРДЫҢ АЛДЫН АЛУ, ҚОҒАМДЫҚ ТӘРТІПТІ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ЖӘНЕ ӨЗГЕ ДЕ МӘСЕЛЕЛЕР БОЙЫНША АУДАН ТҰРҒЫНДАРЫНА ҚАБЫЛДАУ ӨТКІЗДІ.
Оған облыстық прокурордың, облыстық полиция департаменті бастығының, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департаменті бастығының орынбасарлары қатысты.
Жиын барысында тұрғындардың жеке әлеуметтік мәселелерімен қоса Жосалы кентіндегі темір жол үстіне көпір немесе көпірдің болмау себепті теміржол өткелінде тәртіпке қайшы кептелістің жиі орын алуы, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатындағы Батыс Еуропа – Батыс Қытай автодәлізін кең жолақты ету мәселесі, Ресей Федерациясында тіркеуде тұрған автокөліктердің есепке қою тәртібі туралы және құқық бұзушылықтың алдын алу мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бағытындағы ұсыныс-пікірлер айтылды.
Облыс әкімінің орынбасары және құқық қорғау органдарының басшылары тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің шешілу жолдарын ұсынып, қолданыстағы заңдылықтарға сәйкес түсіндірме жүргізді. Қабылдауда айтылған әрбір мәселеге жеке-жеке тоқталып, тиісінше жазбаша жауап берілетіндігі жеткізілді.
Қоғамдық қабылдаудан кейін Мархабат Жайымбетұлы Жосалы кентіндегі күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан бірқатар құрылыс нысандарын аралады. Бірінші кезекте денешынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылыс жұмыстарымен танысты. Аталған жоба құрылысын мемлекеттік сатып алу қорытындысымен «Сапақ» ӨК жүргізіп келеді. Бүгінде құрылыс жұмыстары аяқталып, нысан жақын арада тұрғындар игілігіне берілмек.
Мұнан бөлек аудандық аурухана қазандығының ғимаратын қайта жабдықтау бойынша жөндеу жұмыстары және Жосалы кентіндегі No30 орта мектептің жылу жүйесін сұйық отыннан сұйытылған газға ауыстыру барысындағы құрылыс жұмыстарын көрді.
Биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша және облыстық бюджет арқылы ауызсу және кәріз жүйелерін жаңғырту жұмыстары негізінде ауданға қарасты елді мекендерде 3 жоба жүзеге асуда. Оның бірі Қармақшы ауылындағы су қабылдайтын құрылғыны қайта құру жұмыстары. Облыс әкімінің орынбасары М.Жайымбетов «Тепло- энергострой» ЖШС бойынша құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан жобаның жұмыстарын бағамдап, көптен бері кезегі күткен игі жобаның жергілікті жұртшылық үшін аса маңызды екенін жеткізді.
Нысандарды аралау барысында облыс әкімінің мердігерлерге әрбір нысан өз мерзімінде және сапалы жүргізілуін тапсырды.
"Қт" ақпарат