ІІІ Интернационалда жаңа кәсіптік нысан ашылды
qarmaqshy-tany.kz Мемлекет тарапынан халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында түрлі бағыттағы бағдарламалар жүзеге асуда. Соның бірі – «Ұлттық жоба» шеңберінде бизнес-идеяларды іске асыруға арналған қайтарымсыз грант. Оның мөлшері – 400 АЕК. Бұл дегеніміз – 1 225 200 тг.
Бүгін ауыл тұрғындарының игілігіне мемлекеттік бағдарлама арқылы қайтарымсыз қаражат алып, кәсібін бастаған жас кәсіпкер Айнұр Диқанбаева тез дайындалатын тағам (Фаст фуд) сататын сауда орнын іске қосты.
Бұл қуанышқа ауылдық округ әкімі Нурлыбек Сайымов, ардагерлер және ауыл тұрғындары қатысты.
Кәсіпкерлік нысанның ашылу салтанатында ауыл әкімі сөз сөйлеп, халықтың игілігі жолындағы жасап жатқан істеріңіз оңынан болсын деп ақжарма тілегін жеткізсе, ауыл ардагерлерінің төрағасы Сайлау Мұхтаров ақ батасын берді.
– Қазір кәсіп бастаймын немесе кәсібімді ұлғайтамын дегендерге мемлекет тарапынан түрлі жағдайлар жасалынып жатыр. Қайтарымсыз мемлекеттік грант соның бір дәлелі. Бұл шағын іс бастауға қаражаты жоқтарға немесе қаражаты жетпеген белгілі бір санаттағы азаматтарға үлкен көмек. Мысалы мен қолымнан келетін кәсібімді мемлекеттің осынау көмегі арқылы бастағаныма өте қуаныштымын. Бұл берекенің бастауы болса керек – деп, жас кәсіпкер келген көпшілікке алғысын білдірді.
Айта кетейік, ауылдық округ бойынша Ұлттық жоба шеңберінде 17 тұрғын конкурска қатысуға өтінім берді. Жобаның 1,2,3 лек (поток) бойынша 9 азамат қайтарымсыз грантқа қол жеткізсе, қалған азаматтар 4 лек бойынша өткен конкурс нәтижесімен белгілі болады.