"АШТ" орталығы ашылды
«Еңбек – ырыстың бұлағы, бақыттың шырағы» дейді дана халқымыз. Тәуелсіз ел болғалы Елбасы да үнемі еңбек ет, кәсіп қыл, бизнестің көзін аш деп үндеу тастап келеді. Бұл үшін жасалып жатқан игі бағдарламалар да көп. Мемлекет кәсіп ашамын деген жанға қолдау білдіруге қашанда дайын. Оған сенбіде ғана өткен заманауи нысанның ашылу салтанаты дәлел.
Кәсіпкерлік нысанның ашылуында сөз алған аудан әкімінің орынбасары жоба иесіне ізгі лебізін білдіріп, әрі қарай халыққа қызмет көрсетуде жұмыстарына сәттілік тіледі.
– Бүгінгі күні орта және шағын кәсіпкерлік саласы мемлекеттің негізгі табысын құраушы салаға айналуда. Әсіресе, кәсіпкерлікті дамытуға басымдық беріліп, «Бизнес-Бастау», «Бизнестің жол картасы – 2025», «Еңбек» мемлекеттік бағдарламалары жүзеге асуда. Тұрғындарымызға жайлы да сапалы қызмет көрсету бағытындағы және автокөлікке қосалқы бөлшектерін сату орындарын ұсынып, ауданымызда кәсіпкерлік нысандарының санын арттырып отырған жеке кәсіпкерге ризашылығымды білдіремін. Баршаңыздың жаңа бастамаларыңызға зор табыс, кәсіптеріңізге береке тілеймін. Ауданымызда осындай жарқын бастамалар жүзеге аса берсін. Жаңа кәсіпкерлік нысаны баршаңызға құтты болсын, – деді аудан әкімінің орынбасары Ж.Байназарұлы.
Мұнан соң жаңа кәсіпкерлік нысанның лентасы қиылып, нысан іші таныстырылды. Ақ тілегін ақтара келген аудан ардагерлері Ерболат Ұзақбаев, Алтынбек Демесіновтер кәсіпкерге тілектестігін білдіріп, бата берді.
Айта кеткен жөн, құны 30 млн теңге тұратын кәсіпкерлік нысан «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы шеңберінде қолдау тапқан. Бұл жерде көлікке қызмет көрсетуге арналған 3 бокс, қосалқы бөлшектер сататын дүкен жұмыс істейді. Орталықта көліктің майын ауыстыру, жөндеу, қосалқы бөлшектер сату қызмет түрлері көрсетіледі. Сонымен қатар, жаңа бастама 7 адамды жұмыспен қамтымақ. Ел игілігі үшін қызмет көрсететін нысанның иесі Алмат Төлемісұлы қуанышты бөлісуге келгендерге ризашылығын жеткізді. Нысанның ашылу салтанатына орай жариялаған акция қорытындысымен екі көліктің майы тегін ауыстырылды.