» » Жұлдызды шаһардың құрметтісі

Жұлдызды шаһардың құрметтісі

Байқоңыр – қазақ халқын әлемге танытқан, ғарышқа бірінші болып адамзат баласын ұшырған шаһар һәм әлемдегі ең ірі ғылыми ғарыш полигоны болып табылады. Жұлдызды аймақтан 1961 жылы әлем тарихында тұңғыш рет орыс азаматы Юрий Гагарин «Восток» ғарыш кемесімен ғарышқа ұшты.

Байқоңыр содан кейінгі жылдарда да ғарыш кеңістігін игеруде көптеген бастаманың старттық алаңы болып келеді. Ғарыш айлағы арқылы Күннің, Айдың, Шолпан жұлдызының алғашқы жасанды серіктері, «Восток», «Восход», «Союз», «Прогресс» ғарыш кемелері, -«Салют», «Мир» орбиталық стансалары, жұмыс жүргізуге арналған «Протон», «Зонд», «Прогноз» байланыс мақсаты үшін пайдаланылатын және метеорологиялық бақылаулар жүргізуге арналған «Молния», «Экран», «Горизонт», «Радуга», «Метеор» ракеталары ұшырылды.
1991 жылы тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров «Союз Т-13» ғарыш кемесімен Байқоңырдан ғарышқа көтерілсе, Ресеймен бірлескен бағдарлама бойынша қазақтың екінші азаматы Талғат Мұсабаев ғарышта 3 мәрте болды.
Ғарыш алаңын салуға әр жылдары Қ.Тоқмұхамедов, Б.Межіғұлов, Т.Уәшев, К.Әбілғазин, полковник Ә.Исмаилов, М.Құлымгереев, Қ.Нұрмағамбетов, С.Мұхаметқалиев, Б.Ешімов, Қ.Нұрмұқанов, Р.Құлмырзаев, М.Мұқанов сынды қазақ азаматтары да абыройлы қызмет етті. Сондай ел қадірлісінің бірі, бүгінде құрметті - еңбек демалысындағы байқоңырлық ақсақал Әбдіқадыр Тәжібаев ағамыз.
Ол 1936 жылы Қазалы ауданына қарасты Ғ.Мұратбаев атындағы ауылда дүниеге келсе, 1955-1958 жылдары Кеңес әскері қатарында Отан алдындағы азаматтық парызын абыроймен атқарып келген соң 1958-1962 жылдары Арал ауданының Қарақұм кеңшарында мал шаруашылығын өркендету мақсатында еңбек етеді.
Білікті маман сол өңірде елеулі еңбек ете жүріп, 1962-1967 жылдары Алматыдағы ауылшаруашылығы институтының «Электрлендіру» факультетін тәмамдап, туған жерінде алған мамандығы бойынша еңбек жолын жалғастырады және оның еңбектегі көптеген жетістігі басшылық тарапынан түрлі марапатпен бағаланады.
Өзінің қызметке деген жауапкершілігімен, елжандылығымен танылған маман жылдар өте партия тарапынан жауапты қызметтерге тағайындалады. Нақтысын айтқанда, 1976-1994 жылдар аралығында Арал ауданында кеңшар директоры, партком хатшысы болып қызмет атқарып құрметке бөленеді. Ал, 1994 жылдан бастап Байқоңыр қаласына қоныс аударған Әбдіқадыр Тәжібаев 1994-2005 жылдарда «Байқоңырэнерго» мекемесінде цех бастығы болып жұмыс істеп, кейіннен құрметті зейнеткерлік демалысқа шықты.
Иә, «Еңбек – әлемнің әміршісі» деп айтқандай, Әбдіқадыр ағайымыз өзінің туған елі мен халқының өсіп-өркендеуі жолындағы ұзақ та абыройлы жылдарында бірқатар орден-медальдармен мадақталды. Оның ішінде бүгінде ардақты ақсақал ұрпағымен қызықты да бақытты өмір кешіп, тұрып жатқан Байқоңыр қаласының ең құрметті наградасы – «Байқоңыр қаласының ардагері» медалін ерекше бағалайды.
Құрметті ардагер еңбектегі ерен ерлігі үшін, басқа да салалық медаль, төсбелгілерді омырауына тақты, қалалық, облыстық дәрежедегі алғыс хаттар мен құрмет грамоталары бір төбе десек артық айтқандық емес. Туған елінің дамуына, гүлденіп-көркеюіне өмірін арнап, ұлылықтың үлгісін көрсеткен Әбдіқадыр ағайымыз бүгінде өмірлік жарымен бірге үкілеп өсірген 7 перзентінен 12 немере, 7 шөбере сүйіп, солардың ортасында бақытқа кенеліп отырған жайы бар.
Биік адамгершілігімен жастарға бағдаршам болған, 40 жылдан астам уақыт еңбектің майталман үлгісін көрсетіп, үлкен нәтижелерге қол жеткізген жұлдызды шаһардың құрметті ақсақалы Әбдіқадыр Тәжібаев қазіргі уақытта Байқоңыр қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі ретінде қаладағы қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, қала дамуына өзіндік үлесін қосып келе жатқан дария пейілді қария.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ
11 қазан 2022 ж. 365 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№33 (10298)

27 сәуір 2024 ж.

№32 (10297)

23 сәуір 2024 ж.

№31 (10296)

20 сәуір 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930