» » «Тұрмағамбеттегі» тындырымды тірліктер

«Тұрмағамбеттегі» тындырымды тірліктер

«..Ауылдан адам көшкенмен, Адамнан ауыл көшпейді» деп Шымберген ақын айтқандай, шіркін ауыл деген алтын бесік атамекен ғой. Тезекке көмген нан, сексеуіл шоғына бұрқырап қайнатылған самаурындағы шай, ошаққа дайындалған қуырдақ, кешке өрістен қайтардағы малдың шаңы, арыққа шомылған балалар, тағысын тағы қайталанбас көріністер. Біздер қала, аудан орталығы тұрғындары үшін бұл өткен өмірдің сағынышындай. Иә жақында ауылға барып қайттық, яғни Тұрмағамбет ауылына. Білікті сала маманы Нұржан Пірмантаев басқаратын «Тұрмағамбет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тыныс-тіршілігімен танысуға бардық. Алдымен сапар барысын нақтылау мақсатында шаруашылық төрағасы Нұржан Айдарбекұлына хабарласқанымызда ол бұл ұсынысымызды қуана қабылдап, келетін күніміз бен кездесетін уақытымызды белгіледік.
ҚЫРМАНДА Міне, біздер ертесіне келісілген уақытта шаруашылықтың қырманына жеттік. Қырманда қырманшылар түскі асын ішіп, бірі көлеңкеде, енді бірі асхана жанындағы демалыс орнында тынығып отыр екен. Амандық-саулықтан кейін олармен егіннің бітімі, шаруашылықта атқарылып жатқан жұмыстар жайында әңгіме тінін тарқатып жатқанда егіс басынан серіктестік төрағасы Нұржан да көлігімен жетіп, аман-саулықтан соң бізге асханаға кіріп, түскі ас мәзірінен дәм татуды өтініп, жол көрсетті.
Бізде төрағаның жол бастауымен шағын да жарық, түрлі ас мәзірі қойылған асханаға өттік. Үш-төрт жылдан бері шаруашылық қырманында еңбек етіп жүрген жұмысшылардың тамағын тоқ қылып, олардың жұмыс істеуіне барлық жағдайды жасап жүрген Меңтай Жалғасбаева мен Алтынай Батырбековадай балды бармақ аспазшылар дайындаған қуырдақ пен басқа да тағамдардан дәм татып, қою қылып демделген шайдан шөлімізді қандырдық.
Дастарқан басында шаруашылық төрағасы Нұржан Айдарбекұлы бізбен бірге тамақтана отырып, әңгімесін бастап кетті.
«Биыл шаруашылық өзіне міндеттелген 1640 гектар егістік алқапқа Сыр салысын орналастырып, шаруашылықтағы 160 диқан-механизатор өздері баптап өсірген күріштерін ала жаз бойы күтіп, бүгінде сол бейнетінің жемісін көріп жатқан жайы бар. Құдайға шүкір өнім де жаман емес, орташа есеппен әр гектардан 53 центнерден алудамыз, Алла қаласа уақыт бар, бұл көрсеткіш әлі көтеріледі деген үміттеміз. Тіпті жекелер арасында 67 центнерден және одан жоғары центнерден өнім алып жатқандар қарасы бар. Ал қырман жайына көшсек, бүгінде қырманда күндізгі ауысым бойынша 13 азамат, кешкі ауысымда 13 азамат еңбек етуде. Арасында аудандық жұмыспен қамту мекемесі атынан да келгендер бар. Олар аптасына бес күн жұмыс істейді, бірақ демалыс күндері еңбек ететін болса оларға қосымша ақы төленеді. Қырманда бүгінгі, яғни күндізгі ауысымда Гүлсара, Қарлығаш, Айман, Айкерім, Бақытжан, Айбек пен Жалғас, Жеңісбек пен Ғалия сынды өз ісінің шеберлері егістен келген күрішті тазалап, оларды дер кезінде көліктерге тиеп жіберіп отырады. Мұндай қиын да жауапты жұмысты атқаруда қыр- ман жұмысшыларының еңбегі ерекше екенін атап өту мен үшін парыз. Сонымен қатар шаруашылық бойынша 60 бас ірі қара малын бағып, олардың ет-сүт өнімін егін жинау кезінде егіс бригадаларына таратып береміз. Сондай-ақ шаруашылық ешқандай нан, нан өнімдерін, сүт өнімдерін сырттан сатып алмайды. Шаруашылықта наубайхана мен макарон және сүт, қатық өндіретін цехтар бар. Тағы бір айта кетерлік жайт, ұжымда еңбек ететін еңбеккерлер мен сала ардагерлеріне шаруашылық атынан тегін шөп, күріш пен 200 келіден күріш қалдығы, қатты отын, шөп тегін тасымалданып беріледі. Той-томалақтар мен мерейтойларда, басқа да іс-шараларда қолдау көрсетіледі. Ауылда өтетін іс-шаралардың басы-қасында көрініп жүрген жайымыз тағы бар» деді шаруашылық төрағасы Нұржан Айдарбекұлы.
ЕГІСТІК БАСЫНДА Келісім бойынша Нұржан төрағамен қырманның тыныс-тіршілігімен танысып болғаннан кейін көлікке отырып, шаруашылықтағы No1 егіс бригадасына жол салдық. Ауыл сыртында орналасқан, кезінде бүкілодақтық ауылшаруашылығы көрмесінің алтын медаль иегері Әбен Тоғызбаевтың бел баласы, білікті ауылшаруашылығы саласының маманы, шаруашылықтың бүгінгі аға буын өкілдерінің бірі – Аманқос Тоғызбаев басқаратын егіс бригадасына келіп жеттік. Бригада егістігін қоршаған тікен сыммен жасалған қақпасын ашып, ішке енген соң біршама уақыт жүріп, комбайн жұмыс істеп жатқан егістік алқапқа тоқтадық.
Міне, алтындай жайқала өскен күріштікке келіп жеткенде комбайн да бункеріндегі дәнді тракторға төгуді бастауда екен. Есімдерін тракторшы Марат және комбайнерші Исағали деп таныстырған дала дарабоздары күндікке қанша күріш дестелеп, қанша трактор қырманға тасымалданғаны, сондай-ақ биылғы жыл егінжай ерлері үшін табысты болып тұрғаны жайлы әңгімелесіп, барлық егіншілердің көңілі көтеріңкі екенін білдік.
Иә егінжай ерлері өздерінің бір күндік еңбегімен танысуға келгенімізді естігенде жанымызға жақындап, шаруашылықтағы тың жаңалықтарға, басшылардың жиын-терім кезінде егіншілердің еңсесін көтеруде қолдау көрсетіп жатқан марапаттарына, қолдауларына ризашылықтарын білдірді.
Иә «Білгір де білікті басшы ел қорғаны» дейді халық. Осы ретте өз ісінің шебері, халық қалаулысы Нұржан Пірмантаевтың тындырымды тірлігіне өзінің қарамағында еңбек ететін қызметкерлердің риза екенін білдік.
Осы кезде ортамызға 40 жылдан бері аталмыш шаруашылықта түрлі мамандықта еңбек етіп келген, биылғы егін егу маусымында сушы болып еңбек ететін Жалғас Исаев қосылып, өзіне бекітілген 53 гектар егістіктен 67 центнерден өнім алғанын айтты. Біз де диқанның жемісті еңбегіне қуана қарап, ризашылығымызды жеткіздік.
АМАНҚОСТЫҢ ҚОСЫНДА Одан әрі «Тұрмағамбет» шаруашылығының жұмысымен танысудағы сапарымызды бастап жүрген шаруашылық төрағасы Нұржан Айдарбекұлының жол сілтеуімен Аманқос Тоғызбаевтың егіс бригадасының күріш алқабының бойында тракторға күріш тиеп жатқан комбайндар мен шаңдатып қырманға жүйкіп бара жатқан тракторшыларды қызықтап келе жатқанымызда төрағаның «Ал енді Аманқостың қосына аялдайық» деген сөзін естіп мойнымызды солға бұрғанымызда жол жиегіндегі канал бойында қамыстан тұрғызылған шағын қосты және оның қасында бізге қарап күлімдеп тұрған Аманқосты көрдік. Нұржан төраға өзінің жолсерігіне тоқта деп белгі берген соң біз көліктен түсіп, Аманқостың қосына кіріп, біраз дем алдық. Сала майталманымен егіннің бүгінгі күй-жайы, егіншілердің хал-ахуалы жайлы әңгіме тінін тарқаттық. Төрағаның бригада еңбеккерлері жайлы әзілді әңгімелеріне құлақ түріп, Аманқостың қосы жанында жайқала өскен бірнеше Сыр талының астына тұрып суретке түстік. Қоста отырып басқа да тақырыптарда әңгімелестік. Төрағаның айтуынша биылғы жылы аудан егіншілері үшін қиын болыпты. Оның ішінде су тапшылығы үлкен кедергі келтіргенін тілге тиек етті. Сонымен қатар биыл бидайға орақ салу кезінде алғаш рет аудандық семинар ұйымдастыр- ғанын да айтты. Расында да бұл іс-шара өңір егіншілері үшін жаңалық болды. Сонымен қатар, шаруашылықтан көрші Алдашбай ахун ауылының біршама тұрғыны еңбек нәпақаларын табады екен.
СӘЛИМАНЫҢ ІЗБАСАРЛАРЫ Сапар барысында серіктестік төрағасы Нұржан Айдарбекұлы шаруашылықтың тыныс-тіршілігі жайлы хабарлама бергенде біз бүгінгі таңда Сәлима апайымыздың ізбасарлары бар ма деген сұрақ қойған болатынбыз. Сонда Нұржан осы бригадада Сәлима апайымыздың екі ізбасары күріш егіп, оны күтіп баптап жүргенін айтқан еді.
Міне сапар соңында бригада егістігі сыртында орналасқан қосқа келдік. Көліктен түскен соң Нұржан Айдарбекұлы алдымыздан шыққан екі келіншекті таныстырды. Яғни бірін – Баян Байниязова, бірін – Эльенора Смағұлова деп таныстырған соң екеуін әңгімеге тарттық. Төрағаның айтуынша екеуі де осы бригадада сушы әрі аспазшы болып еңбек еткеніне біршама жылдың жүзі болыпты. Эльенора Смағұлова 50 гектар егістік алқапқа күріш орналастырып, оны баптап жатқан болса, Баян Байниязова да 30 гектар егістікке күріш орналастырып, оның өнімін жақын арада көрем деген үмітте екен. Тіпті мол өнім алуда жоспарда бар дейді Баян.
Осындай қиын да жауапкершілігі мол мамандықты таңдауларының сыры неде? деп сұрақ қойғанымызда ару күрішшілер бізге күле қарап: «Біз не еразаматтардан кембіз бе, ерлер меңгерген мамандықты біздің де меңгергіміз келеді. Біз де күрішші болып, азаматтар қатарынан көрінгенді қалаймыз. Сәлима апайымыздай болмасақ та ұқсағымыз келеді. Тіпті биыл мол өнім алуды да жоспарлап отырған жайымыз бар» деп күледі Баян мен Эльенора.
Екі аспазшы-күрішші қыздардың балды бармағымен дайындалған астан дәм татып, біз де жолға шықтық.
Міне сонымен біздің Тұрмағамбет ауылындағы білікті ауылшаруашылығының майталманы, бірнеше рет ауданның мәслихат депутаты болып, халықтың мұң-мұқтажын жергілікті билікке жеткізіп, оның орындалуына ықпал жасаған, өзі сайланған елдімекендер тұрғындары үшін қамқор қолын созып, талап- тілектерінің орындалуына қолдау көрсеткен және де ел алдындағы елеулі еңбектері үшін үкіметтің мемлекеттік наградаларының бірі – «Ерен еңбегі үшін» медалін омырауына таққан атпал азамат Нұржан Пірмантаевқа ел еңбегінің бір күнін жергілікті басылым бетінде жариялауымызға қолдау көрсеткені үшін алғысымызды айтып, біз де елімізге қайттық.
Сапар соңында ауыл ортасымен өтіп бара жатып, орталық көше бойында жайқалған талдарды, жаңарған ауыл көрінісін көріп, ауыл тұрғындарының тірлігіне сүйсіндік, алғысымызды айтып, ризашылығымызды білдірдік. Әрине бірлігі мен берекесі жарасқан ауыл азаматтары қатарында өзінің туған елге деген сүйіспеншілігімен еңбек үлгісін көрсеткен Нұржан Пірмантаев та бар екенін білеміз.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ
05 қазан 2022 ж. 369 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 021

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031