» » Жаңа Салық кодексінің жақсылығы неде?

Жаңа Салық кодексінің жақсылығы неде?

Келесі жылы елімізде жаңа Салық кодексі әзірленіп, қолданысқа берілуге тиіс. Соның ішінде, әсіресе, салықтық әкімшілендіру мәселесі тұтасымен қайта жазылмақ. Президенттің өзі осындай міндет жүктеп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда салық мәселесіне арнайы тоқталып, экономиканың әртүрлі секторында дифференциалды салық мөлшерлемесіне көшу қажеттілігін атады.
«Фискалды реттеу ісін қайта жаңғырту үшін 2023 жылы жаңа Салық кодексі әзірленеді. Оның ең түйткілді тұсы саналатын салықтық әкімшілендіру мәселесі түгел қайта жазылуға тиіс. Сондай-ақ жұмыс барысында бетпе-бет кездесу мүлдем болмайтындай етіп, салықтық бақылау қызметін толық цифрландыру керек. Тағы бір басымдық – салықтық ынталандыру шараларының тиімділігін арттыру. Ол үшін экономиканың түрлі саласында дифференциалды салық мөлшерлемесіне көшкен жөн. Пайданың технологиялық жаңғыруға және ғылыми әзірлемелерге жұмсалған бөлігіне салынатын корпоративті табыс салығын төмендету немесе одан босату тәсілін енгізу керек», деді Президент.
Жаңа кодекс аясында салық режімдері мейлінше жеңілдетілмек. Бұл бірінші кезекте салықтан жалтару әрекетін азайту мақсатында жасалмақ. Сонымен бірге ел арасында салық жүктемесін төмендету үшін ұйымдарды әдейі бөлшектеу практикасы да жиі кездеседі. Енді кодексте бұл мәселе де қарастырылмақ. Құны аспанға ұшқан ставкаларды жерге түсіру жаңа кодекстің басты талабы болады. Президент ойға қонымды әрі рәсімдері қарапайым бөлшек сауда салығын қолдану аясын кеңейтейік деді.
Мәжіліс депутаты Дания Еспаева экономиканың әртүрлі секторында салық бойынша дифференциалды ставкаға көшу мәселесін «Ақ жол» фракциясының 2012 жылдан бері көтеріп келе жатқанын айтады.
«Біздің партия қосымша құн салығы ставкасын қайта қарау және Салық Кодексіне басым салалар (азық-түлік, жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы) үшін төмендетілген ставка енгізу туралы Үкіметке бірнеше рет  ұсыныс жолдады. Бірақ мемлекеттік органдар бізбен келіскен жоқ. Қазір жер байлығымызды тасып жатқан шетелдік ірі шикізат гиганттары да, біздің орта деңгейлі қайта өңдеу кәсіпорындары да бірдей ставкамен салық төлейді. Енді Президент тапсырмасынан кейін біздің бастамамыз орындалатын болды», дейді Д.Еспаева.
Оның айтуынша, ставканың төмендеуі бірінші кезекте күнделікті қол­даныстағы тауарлар бағасының арзандауына, одан әрі қарай инфляцияның төмендеуіне ықпал етеді.
«Салық кодексінде экономиканың секторлары бойынша сараланған корпоративтік салық мөлшерлемесі болады деп үміттенемін, ол қазір аграрлық секторды қоспағанда, барлығы үшін 20 пайызды құрайды.
«Көптеген елде қосымша құн салығы ставкасы салаға байланысты әртүрлі болады. Яғни бұл – әлемдік тәжірибе. Мысалы, Норвегияда мұнай өндіруші компаниялар үшін табыстың 50 па­йызы деңгейіндегі арнайы салық бар. Қытайда да табыстың 20-40 пайызы мөлшерінде арнайы салық бекітілген. Көршілес Өзбекстанда салаға байла­нысты салық мөлшерлемесі 12-22 пайыз аралығында құбылып тұрады. Меніңше, Президенттің дифферен­циалды ставкаға көшу туралы тапсырмасы жаңа реалды салық және экономикалық реформалардың бастауы болады», деді депутат.
«Экономикалық зерттеулер инс­титуты» АҚ директорының орынбасары Ксения Загалдың пайымда­уынша, әлемдік тәжірибеде қосымша құн салығын қоса алғанда жүйелік маңызды салықтарға дифференциалды мөлшерлемелер жиі қолданылады.
Еуропалық одақтың түгел дерлік елдерінде қосымша құн салығының төмендетілген мөлшерлемесі (кем дегенде 5 пайыз) бар, оның ішінде 18 елде екі төмендетілген мөлшерлеме бар. Қосымша құн салығының төмендетілген ставкасы негізінен азық-түлік тауарлары, фармацевтика, баспа өнімдері (газет, кітап, журнал), ауыл шаруашылығы ресурсы (жем, тыңайтқыш) салаларында қолданылады. Испания, Франция, Италия, Люксембург және Ирландияда баспа өнімдеріне, фармацевтикаға, ауылшаруашылық өнімдеріне ҚҚС-тың өте төмен мөлшерлемелері (5 пайыздан аз) қолданылады», деп мысал келтірді.
Сарапшының сөзіне қарағанда, Қазақстанда қосымша құн салығының 12 пайыз мөлшеріндегі стандартты ставкасы бар, сонымен қатар жеңілдіктердің жекелеген түрлері – қолданыста. Кейбір қызмет түрі салықтан босатылған. Экономиканы тұрақтандыру мақсатында 2020 жылы сол жылдың 1 қазанына дейін әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларына 8 пайыз мөлшерінде ҚҚС ставкасын қолдану туралы шешім қабылданған еді.
«Әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларына ҚҚС-ның төмендетілген ставкасын бекіту бағаның төмендеуіне әсер етіп, тұтынушы үшін тауарларды қолжетімді ете түседі. Сондық­тан Қазақстанның әлеуметтік маңызы бар тауарларға ҚҚС-тың дифферен­циалды ставкасына көшу мәселесін мұ­қият зерделеуі орынды сияқты», дейді К.Загал.
Президент Жолдауында салық тақы­рыбына орай басқа да маңызды мәселе­лер көтерілді. Олар – технологиялық компанияларға салықтық ынталандыру жасау, арнайы салық режімдерін жеңілдету, орта тапқа қатысы жоқ, негі­зінен аса қымбат жылжымайтын мүлік пен транспортқа салынатын сән-салтанат салығы.
AERC қолданбалы зерттеулер департаментінің аға аналитигі Евгения Пак отандық LS басылымына берген сұхбатында қазіргі Салық кодексін оқу өте қиындық тудыратынын, өйткені онда тым көп түзетулер енгізілгенін айтады.
«Заңнаманы тым жиі рефор­ма­лағандықтан қарапайым салық төлеушінің бұл кодексті оқып, пайдалануы тым қиынға соғады. Қазіргі нұсқада Салық кодексін оқып, оны түсіну қолайсыз әрі қиын. Сондай-ақ бұл құжатта тым көп салық жеңіл­діктері қарастырылған. Алайда олар­дың тиімділігі мүлде зерттелмеген. Жеңілдіктер қарастырылған, бірақ сол жеңілдікті нақты нәтиже түрінде алатын нысандарға қойылатын қандай да бір талаптар жоқ. Нәтижесінде, салық жеңілдіктері салық базасының аясын тарылтып, бюджет түсімдерін қысқар­тады. Біз бұл шығынның экономика­ға қаншалықты әсер еткенін білмей­міз. Осыған орай Салық кодексіндегі барлық жеңілдіктерді қайта қарап, оларды тиімділік, нәтижелілік, ойға қонымдылық тұрғысынан зерделеу қажеттігі туып отыр. Сондай-ақ менің пікірімше, жеңілдік алып отырғандарға сәл де болса жауапкершілік жүктейтін көрсеткіштерді енгізу дұрыс болар еді», дейді Е.Пак.
Үкімет басшысы Әлихан Смайылов­тың сөзіне ден қойсақ, жаңа кодексті дайындауға бизнес өкілдері, сарапшылар және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы атсалысуға тиіс.
«Жаңа Салық кодексі ағымдағы ахуалдың сын-қатерлеріне дер кезінде әрекет етуге мүмкіндік беретін, мемле­кеттің әлеуметтік-экономикалық саясатын жүзеге асырудың негізгі құралына айналуға тиіс. Фискалдық саясатты одан әрі жетілдіру салықтық әкімшілендірудің түсінікті, нақты және ашық рәсімдерін белгілей отырып, іскерлік белсенді­лік­ті ынталандыруға, инвестициялық тартымдылықты арттыруға, салық базасын кеңейтуге және бюджеттің кіріс бөлігін нығайтуға бағытталуға тиіс», деді Премьер-Министр. 
Жалпы, 2000 жылдан бері елімізде Салық кодексі үш рет қабылданған, қазір үшінші нұсқасын пайдаланып отырмыз. Мәжіліс депутаты Аманжан Жамаловтың айтуынша, 2017 жылдан бергі уақыттың өзінде Салық кодексіне 34 Заң аясында 707 түзету енгізілді. Нормативтік құқықтық актілердің ақпа­раттық-құқықтық жүйесінде Кодекстің 47 архивтік редакциясы бар екен.
«Егемен Қазақстан»
08 қыркүйек 2022 ж. 281 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№33 (10298)

27 сәуір 2024 ж.

№32 (10297)

23 сәуір 2024 ж.

№31 (10296)

20 сәуір 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930