Мешіт жанынан асхана салынды
ЖАҚСЫ ЖАҢАЛЫҚ ҚАШАНДА ҚҰЛАҚҚА ЖАҒЫМДЫ ЕСТІЛЕДІ. АЛ ОЛ ЕЛДІҢ БІРЛІГІНЕ, ЫНТЫМАҒЫНА ҚАРАТА АЙТЫЛСА, ТІПТІ ДЕ КЕРЕМЕТ. СОНДАЙ БІР ЖАҢАЛЫҚ ЖУЫРДА ҚАРМАҚШЫ АУЫЛЫНДА ОРЫН АЛЫП, АЛЫС-ЖАҚЫН АҒАЙЫННЫҢ ҚУАНҒАНЫ БАР.
Елді мекендегі «Əмит ишан» мешітінің жанынан асхана салынып, игілікті іске куә болған көпшілік мәре-сәре болысты. Олардың айтуынша, қор құрылып, соның нәтижесінде аз уақыт ішінде дәмхана тұрғызылған. Оның ашылу салтанатында ауыл әкімі Аязбек Есқараев құттықтау сөз сөйлеп, нысанды салуға атсалысқан барша қайырымды жандар мен демеушілерге алғысын жеткізді.
Басқосуда ауылды 30 жыл басқарған құрметті азамат Исағали Жұмағұлов, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұхтар Таңбаев, ауыл ақсақалы Отарбай Жақыпов, ардагер ұстаз Смағұл Қауысов, тағы басқалары ризашылық сезімдерін білдірумен қоса, ағалық ақыл-кеңестерін айтуды да ұмытпады.
– Асхана аз уақытта ауыл халқының ұйымдасып, ауызбірлік танытуының арқасында бой көтерді. Ол барлық қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Қабырғасындағы суреттің өзі ой саларлық, мағыналы. Елден шыққан сырттағы ағайын демеуші болса, жасы мен жасамысы бар, ауыл тұрғындары осы нысанның құрылысына қолдарынан келгенше жəрдемдерін аямаған, – деп жазды әлеуметтік желіде аудан белсендісі Әсем Мерекова өз ойымен бөлісіп.
Игілікті шаруаға ауыл азаматтарымен қоса, орта мектепті осыдан 20, 30, 40 жыл бұрын бітірген түлектер де өз үлестерін қосқан. Енді асханада ауыл тұрғындары емін-еркін имандылық шараларын, ас өткізулеріне болады.
Іс-шараға Алматыдан Əмит ишанның немересі Мұхамедхан Омаров арнайы келіп, естелікке Түркия елінен алдырған Алланың 99 есімі жазылған картина мен қаржылай сыйтарту жасады.
Басы қосылған аға-апалар өткен күннен сыр шертіп, ауылдың қазіргі жай-күйіне тоқталды. Елдегі ынтымақ пен берекеге ризашылықтарын білдірді. Үлкендердің ақ батасынан соң, аруақтарға арналып Құран бағышталды.
«Қт» ақпарат