Тілсіз жау тығырыққа тіремесін
СОҢҒЫ АПТАДА КҮННІҢ АПТАП ЫСТЫҒЫНАН БА, ЕЛІМІЗДЕ ДАЛА ӨРТІ КӨБЕЙДІ. ОРМАН ТОҒАЙДЫҢ ЖАНУЫ, ТҰРҒЫН ҮЙ ӨРТІ ДЕНДЕП КЕТТІ. МӘСЕЛЕН, КЕШЕГІ ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫНДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ КӨПТІ АЛАҢДАТПАЙ ҚОЙМАДЫ. ӘУЛИЕКӨЛ АУДАНЫНДАҒЫ ОРМАН ӨРТІ ЕЛДІ МЕǧ КЕНДЕРГЕ ЖЕТІП, МЫҢДАҒАН ГЕКТАРДЫ ШАРПЫДЫ. ӨРТТІҢ ЖАНУЫ МЕН ҰЛҒАЮЫНА ТАБИҒАТТЫҢ ТОСЫН МІНЕЗІ СЕП БОЛҒАН ДЕЙДІ МАМАНДАР.
Күннің ыстығынан қураған шөптер тұтанса, қатты желдің екпінімен өрт тезарада күш алған. Соның салдарынан қаншама үй отқа оранып, тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілуде. Ал жалындаған отты құрсаулауға 91 техника, 3 әуе кемесі, 5 өрт пойызы және жеке құрамның 600 адамы жұмылдырылған.
Бұл өртке байланысты елімізде орын алған басты жаңалықтың бірі. Одан бөлек тұрғын үй, ашық алаңдарда орын алып жатқан өрт оқиғасы қаншама. Алысқа бармай-ақ ауданымыздағы өртке байланысты ахуалға тоқталсақ. Соңғы екі айда тұрғындардың салғырттығынан туындаған жеке үйлердегі өрт оқиғасы, автокөлік, мал қора, егіс алқаптарының өртенуі жиілеп кетті. Аудандық төтенше жағдай бөлімі ұсынған мәліметке сүйенсек, шілде айында 22, тамызда 26 өрт оқиғасы тіркелген. Оның тең жартысы адамның қарауынсыз, салғырттығынан туындаған келеңсіз жағдайлар. Өрттің алдын алуда бөлім мамандарының үгіт насихат жұмыстарын жүргізуінің кемі жоқ. Алайда тұрғындар мұны көп жағдайда ескере бермейді.
Жаз кетіп, күз де келді. Алда енді жылу беру маусымы басталады. Қазір аудандағы жеке тұрғын үйлердің жартысынан көбі қысты күні қатты отынмен (көмірмен) жағылатын жылу пешін пайдаланады. Көптеген азамат жылу пешін орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережесін сақтамай өзінің және жақын адамдарының өміріне қауіп туғызады. Одан бөлек балалардың сіріңкемен немесе тағы басқа да жанғыш заттармен ойнауы, адамдардың ішімдікке тәуелді болуынан, отты жағып, пештердің аузын жаппай кетуі, пештен шыққан күлдерді ыстық күйінде есік алдына қойып кетуі, күлді арнайы орындарға төкпеуі қайғылы жағдайларды туындатуға әкеп соқтырады.
Бүгінде аудандағы төтенше жағдайлар бөлімі мен No10 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері жылыту маусымы қарсаңында тұрғын үйлердегі өрт қауіпсіздігінің қағидалары мен ереже талаптарын сақтау бойынша үгіт насихат жұмыстарын бастап кеткен. Біз де осы мамандардың қатарына ілесіп, қойын дәптер мен қаламымызды тастап, олардың бір күндік жұмысымен бөліскен едік. Үстімізге форма киіп, өрт сөндіру техникасына отырып, қызыл жалынның ортасына кіріп кетпесек те күнделікті таңдағы жұмысынан бастап, қатарға тұрып, сап түзедік.
Таңғы сағат 9.00. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Өмірбек Сақтабаев мырзаға жолығып, келгендегі себебімізді түсіндірдік. Мұнда келген мақсатымызды байыппен тыңдаған бөлім басшысы жұмысымызды қолдап, дереу жеке құрамға қатарға қосты.
– Қазір бізде жылу беру маусымына қарсы жеке тұрғын үйлерді аралап, үгіт насихат жұмыстарын жүргізу жүріп жатыр. Оның да берілген өз уақыты бар. Соған дейін бітіруіміз керек. Одан бөлек көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылардың үйіне өрттің алдын алу мақсатында иіс сезгіш құрылғы орнатудамыз, – деді ол бүгінгі орындау керек тапсырманы түсіндіріп.
Тысқа шығып бөлімнің ауласында No10 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлерімен бірге сап түзеп, төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Өмірбек Жаңабайұлы мен өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары Азамат Асылбекұлының тапсырмасы бойынша екі адамнан төрт топқа бөлініп, жұмысымызға кірістік. Қолымызға берген тұрғындардың тізімімен мекен-жайларын араладық.
– Тұрғын үйлерді аралау жыл сайын өтіп тұрады. Кенттен бөлек елді мекендерді де қамтып отырамыз. Қазір барлығының үйінде пеш бар. Соған орай иіс сезгіш құрылғыны таратып, орнатудамыз. Оны жыл сайын бақылап тексеріп отырамыз. Бұл құрылғы санмен көрсетеді. Газ баллонның немесе түтіннің иісі сезілсе дереу іске қосылып, дабыл береді. Қазір баратын кей үйлерде құрылғының бар-жоғын тексеріп, жоқ болса орнатамыз, – деді төтенше жағдайлар бөлімінің аға анықтаушысы Данияр Байрахметов.
Тізім бойынша бірінші үйге де келдік. Мұндағы тұрғын көпбалалы отбасы. Келген жөнімізді айтып жұмысымызға кірістік. Сұрау барысында бұл үйге иіс сезгіш құрылғы осыдан бір жыл бұрын орнатылғаны анықталды. Алайда оны тексеру кезінде таппадық. Үй иесі үйге кішігірім жөндеу жұмыстары жүргізілгенде алып қойғанбыз деп ақталды. Оған ескерту жасап, құрылғыны қайта орнату керек екенін түсіндірдік. Мұнан соң келесі мекен-жайға жылжып, үй иесімен алдын ала телефон арқылы байланыстық. Себебі жұмыс уақытында үйде адам болмауы әбден мүмкін. Ойлағанымыздай үй иесі сыртқа шығып кеткенін айтып, 10-15 минутта келетінін жеткізді. Біз де берілген тапсырманы орындауға тырысып, келуін күттік. Мұндайда күннің ыстығы да шекеңді тесіп баратынын қайтесіз. Жұмыстың басы жүрмей жатып, шаршаңқы күйге түсе бастадық. Тізімде әлі қаншама үй бар. Бүгін аралап бітіруің керек. Қасымызда бірге жүрген өрт сөндіру бөлімінің радиотелефонисті Айбек Төлешов үй аралау оңай емес екенін және әр үйде әртүрлі жағдай болатынын айтып, соған сабырмен қарау керек екенін түсіндіріп жатыр. Көп ұзамай біз күткен үй иесі де келді. Айтолқын есімді тұрғын биыл да пеш жағып, үйін жылытатынын айтты. Міндетіміз бойынша келген жұмысымызды айтып, жаңа құрылғы орнатып бердік. Төтеншеліктердің жасаған сақтық шарасына қуанған үй иесі алғыс айтып, рақметін жеткізді.
– Иіс сезгіш құрылғының көп көмегі бар. Алайда кей тұрғын мұны мазаны алады деп ажыратып тастайды. Иә, әрине кейде қуаты азайғанда дыбыс өздігінен іске қосылады. Мұндайда қуатын ауыстырып тұруың керек. Құрылғыны алғаш орнатқан жылы бір тұрғыннан қоңырау келіп түсті. Яғни, үйінде газ плитасы ашық қалыпты. Иісті сезген құрылғы дереу іске қосылып, үйіндегілерді оятыпты. Сөйтіп сол тұрғынның бізге алғыс айтқаны бар, – деді төтенше жағдайлар бөлімінің аға анықтаушысы Данияр Байрахметов.
Берілген тапсырманы орындаймыз деп уақыттың болғанын да байқамаппыз. Тұрғындардың сақтығын тілеген төтеншеліктердің бір күндік жұмысын іштей сезініп, көңілге ой түйдік. Дана қазақ «Өрт – тілсіз жау» деп бекер айтпаған. Ендеше тосыннан келер апатқа бей-жай қарамай, өзіміз үшін сақ болайық.
Ерсін СӘДУҰЛЫ