» » Елім деген Әбекең

Елім деген Әбекең

Өткенді ұмыту өшкендіктің, ал оны еске түсіру өскендіктің – белгісі. Әр қоғамның өзіне тән жақсылары мен жайсаңдары болады. Ағадан – ақыл, ініден – ілтипат, біз аманат арқалаған ұрпақпыз. Олай болса кеше ғана өзіміз қоян-қолтық қызметтес болып, ағалық ақылын тыңдаған, қоғам алдындағы еткен еңбегін көзімізбен көрген ардақты ағаларымыздың бірі, бірі емес-ау бірегейі Әбдіраш Іскендіров ағамызға деген құрмет сезім қолыма қалам алғызды. Азаматтың атақ абыройы, қадір-қасиеті жасаған жас мөлшерімен емес, еліне сіңірген еңбегімен ел алдындағы атқарған қызметімен өлшенеді. Әбдіраш Іскендіров ағамыз Сыр өңірінде із қалдырған азамат. Әбекең жүз ақын-жырау шыққан бұрынғы «Көктебе», қазіргі Тұрмағамбет ауылының тумасы. Бірнеше сөз зергерлері мен ақын-жырауларды өмірге келтірген қасиетті де, киелі топырақта Әбекең 1919 жылы өмірге келген. Бұдан бір ғасыр бұрынғы Әбекең өмірге келген сәттерді көз алдыңызға елестетудің өзі өте үлкен мәселе.
Жасынан жоқшылықтың зарын тартып, қара жұмыс жасап бүкіл жастық шағын өткізген Әбекең мектепті бітірер-бітірместен қаржы қызметкерлерін дайындайтын қысқартылған курсқа келіп, оқып, білім алды. Аудандағы колхоздың бірінде есепші болып жұмыс жасаған ол есепке жетіктігінің арқасында ауданда банк жүйесінде қызметтер жасаған. Әбекең Ұлы Отан соғысы басталған уақытта 22 жаста болатын. 1941 жылы Балтық жағалауындағы әскери округтің No14-ші артиллерия полкіне түсіп, соғысты алғаш рет сол жерде қарсы алды.
Әбекең Ұлы Отан соғысы жылдарында Беларусь, Витебск, Сталинград майдандарында, мұнан кейін Балтық жағалауы майданы әскерінің құрамында Германияға дейін жетіп, жеңісті сол жерде қарсы алып, No14 полкін қайтадан Таллин, Сталинград қалаларын минадан тазартуға жібереді. Міне, сол сұрапыл, жойқын соғыс аяқталғаннан кейін де 1 жыл әскер қатарында болып, 1946 жылы туған жеріне оралады.
Соғыстан кейінгі жылдары ауданда түрлі шаруашылықта тұтынушылар одағының есепшісі қызметтерін атқара жүріп, Чапаев, Жданов ұжшарларын басқарады. Әбекеңнің өсу жылдары 1962 жылдан басталады. Әдепкіде Қармақшы, Сырдария, Арал аудандық тұтынушылар одағы басқармаларының төрағасы, «Аралсульфат» жұмысшыларын саудамен жабдықтау мекемесінің бастығы болып жемісті жұмыстар атқарады. Сонан кейінгі жылдарда облыстық тұтынушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары болып, сонан 16 жыл бойы үзіліссіз Қызылорда облыстық тұтынушылар одағы басқармасының төрағасы болып жұмыс жасаған кезеңдерін оқырман қауым жақсы біледі деген сенімдемін.
Әбекең қандай жағдайда да, адамдық, азаматтық келбетін жоғалтпаған, тоқтықта да, аштықта да лауазымның биігінде де, зейнетке шыққаннан кейін де бір мінезінен айнымаған, құдайдың берген өз қалпын сақтап қалып, онан өмірі шегініс жасамаған ағамыз болатын. Әбдіраш Іскендіровтің азаматтық, адами қасиетіне өз замандастары да, туған-туыстары мен кейінгі артынан ерген інілері де, шәкірттері де дән риза болатын.
Сауда дегенде ол кезеңдерде қарапайым халық саудагерлікті, алып-сатарлықпен шатастырып жататын кезеңдер аз болмады. Сауда ісінің әлеуметтік экономикалық саясаттың маңызды саласы екенін көпшілік халық түсінбеген кезеңдер көп орын алғаны жасырын емес. Әбекең болса, сауданы үлкен ғылым, оның өзінің заңдылықтары, теориясы, экономикалық тиімділіктері бар күрделі мамандық деп түсінді, өйткені ол сауда қызметін қоғамдық еңбек бөлінісін өмірге қажетті бір сала, ол ел, халық қажетін өтейді, сұраныс пен өндірістің арасын қабыстыратынын сол жылдардың өзінде-ақ жетік біліп, меңгерген бұл кәсіптің білгір маманы көрнекті басшысы ретінде ел, халыққа кеңінен танылғанын айту біздің інілік парызымыз. Ең алдымен ол өзінің іскерлігімен, мемлекет дүниесінің ала жібін аттамайтын тазалығымен халқының есінде мәңгіге қалған ағамыз болды десек артық айтпаған болар едік.
Сонымен қатар Әбекең дүниеқоңыздылыққа, байлыққұмарлыққа бой алдырмады. Жасынан тазалықпен көзін ашқан ол мұндай ашкөздікке, арам табысқа ешқашан бармады. Өйткені ол өмірдің мәнін, шын бағасын терең сезіне білген ағамыз болғаны жасырын емес.
Әбекең қызметте өзін қалай ұстаса, зейнет демалысына шыққаннан кейін де өзінің қарамағында болған шәкірттері мен әріптестерінің, дос-жарандары мен ағайын-туыстарының бетіне тура, ашық жарқын қарады. Өзіне деген халықтың, елдің ілтипатын, құрметін сезінумен болды. Ол бүкпесіз сөйлейтін таза, ашық адам еді, сонысымен де елінің есінде мәңгіге қалған ағамыз.
Бірде қасымда аудандық тұтынушылар одағының басқарма төрағасы Базарбай Нағманов бар Арал ауданынан Қармақшыға пойызбен келе жаттық. Біз мінген пойызға Аралдан Әбекең де мініпті, біз ол кісімен амандасып, қауқылдасып жатырмыз. Бұрынғы облыстық тұтынушылар одағы басқарма төрағасы болған тұлғалы ағамыз болғандықтан ол кісіге бата алмай отырғанымыз да жасырын емес. Сөйтсем Әбекең өте кішіпейіл, аңқылдаған қалыпта бізді тіпті баласын-бай тең сөйлесуге шақырып, әңгімелесіп, Қармақшыға қалай жеткенімізді білмей де қалып едік. Әбекеңнің жас кезінде ауданда жұмыс жасағанын білгеніммен Чапаев ұжшарында, қазіргі Ақтөбе ауылында жұмыс істегенін білмеуші едім.
1991 жылы Чапаев ұжшары басқармасының төрағасы болып сайландым. Мен барған жылдан бір жыл бұрын ұжшардың құрылғанына 60 жыл толған екен. Бірақ оны атап өтудің реті болмай қалған болуы керек. Мен жұмысқа кіріскеннен кейін сол ұжшардың құрылғанына 60 жыл толған мереке ауыл еңбеккерлері үшін бұл шараны өткізудің үлкен мәні бар деп түсіндім. Сөйтіп сол елдің ақсақалдарын, үлкендерін жинап, ақылдасып, сол мерекені мен барған 1991 жылдың күз айында егін-терім жинап болған соң өткізуге келісім жасадық. Сол 60 жыл уақыттан бері ауылды кімдер басқарды, олардың көздері тірілері қазір қайда жүр, кімдер халық аузына ілініп жұмыс жасады, елдің есінде қалды деген секілді зерттеулер жүргізіліп, бірқатар белгілі кісілердің есімдері анықталды. Жиын-терім бітіп, қараша айында 60 жылдық мерекені мәдениет үйінде ұйымдастырып, ұжшарды басқарған, сол елде басшылық жұмыста еңбек еткен ардагерлердің арнайы тізімдері жасалып, оларға арнаулы күтетін үйлер дайындалып, мәдениет үйінде салтанатты жиналыс болды. Жиналыс мінберінде Әбдіраш Іскендіров ағамыз да отырып, баяндама жасалып жатқанда әр кезеңдерде аты аталған сайын орнынан тұрып халыққа ілтипат көрсетіп, қуанып отырып еді, жарықтық.
«Ой, Нұртілеужан, бір жасарып қалдым ғой, ұжшарда аз ғана уақыт істеген жұмысымды осылай бағалап, төрге шығарған халықтың құрметіне үлкен мінбеден шын жүрегіммен рақмет айтамын» деп еді сонда.
Бұл Әбдіраш ағамыздың жасаған еңбегінің бір парасы ғана. Облыс көлемінде жасаған оның ішінде сол кезде екінің бірінің қолынан келе бермейтін облыстағы үлкен сауда орны болып табылатын облыстық тұтынушылар одағы басқармасы төрағасы болып 20 жылға жуық жұмыс істеп, елдің, халықтың құрметіне бөлену мықтының қолынан келетін шаруа екені басы ашық мәселе. Олай болса Ұлы Отан соғысының ардагері, Сыр өңірінің белгілі азаматы Әбдіраш Іскендіров ағамызды еске алып, оның өнегесін есте қалдыру үшін қандай іс-шараларды іске асырсақ та артық бола қоймас. Бұл сұрақты ол кісінің шәкірттері мен ұрпақтарының еншісіне қалдырдым.
Нұртілеу САЛЫҚОВ,
Қармақшы ауданының құрметті азаматы
29 тамыз 2022 ж. 391 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№32 (10297)

23 сәуір 2024 ж.

№31 (10296)

20 сәуір 2024 ж.

№30 (10295)

16 сәуір 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930