» » Азамат парызы

Азамат парызы

Өмірдің тарабы – сан-салалы. Онда бірдің – беделі, бірдің – білімі үстем. Ал, енді бірдің – мерейі жоғары. Десе де, бұлардың қай-қайсысы да адамға маңдай тер, адал еңбекпен келсе керек-ті. Мамандығын сүйген бір жан болса, Амандық Қаспайұлындай болар. Ол «Қызылорда электр тарату желілері компаниясы» АҚ Қармақшы аудандық электр тарату мекемесінде көлік жүргізуші – электромонтер болып жұмыс істейді. Еңбекпен еңсе тіктеген азаматтың көлік тізгіндегеніне отыз алты жыл. Қайсыбір мамандыққа да жауапкершілік керек. Әсіресе, электр торабы бей-жайлықты   көтермейді. Электромонтер үшін күніне 10-15 шұғыл шақырту – үйреншікті дүниедей. Жаңбырлы, боранды, желді күні бұл көрсеткіш – 50-60-қа дейін артады. Қауіпті мамандық иелерінің әрбір сәті қарбаласқа толы.


Түнгі кезекшіліктің бірі еді. Жосалы кентіндегі «ТП-23»-інші аумағынан шұғыл  телефон дабылы түсті. Әбекең­нің ауысымы болатын. Сағилат Жаналиевтің нұсқауымен электромонтер Нағашыбек Достаев екеуі ақау кеткен жерді табуға кірісті. Тұрғындар үшін әрбір минут бағалы. Дегенмен, ақаудың қайдан кеткенін табу оңай шаруа емес. Ол біліктілік пен тәжірибені қажет етеді. Күндіз болса, бір сәрі. Түнгі жұмыстың қиыншылығы өзінше бір әңгіме. Қалай болғанда да қателесуге болмас. Электромонтер жұмысының қауіптілігі де осында жатқандай. Жанкештілікпен істеген жұмыс нәтижесін беріп, ақау да табылды. «Шымшық сойса да – қасапшы сойсын» деп қазақ атамыз айтқандай, білікті маманның  арқасында бірер сағаттың ішінде сол аймаққа жарық қайта қосылды.
– Қазір электр жарығынсыз тірлік те, қозғалыс та жоқ. Халықтың сұранысын бұлжытпай орындауға тырысамыз. Ағамызды әркез өнеге тұтамыз. Ол кісіден үйренуге асықпыз, – дейді мекеме жастары.
Дарақ – бір жерден көктейді. А.Кенбаев та айтулы мекемеде көктеп, көгерді. Алғаш еңбекке араласқан жылдары әлі есінде. Сала ардагерлері Қазақстан Республикасының «Құрметті энер­гетигі» Шәкім Ашабаев, шебер Мәуке Еспенбетов, электрик-слесарь Әлімбек Спандияров, көлік жүргізушісі Тұрғанбай Жантыбаевтармен кешеге дейін ағалы-інідей қанаттасып еңбек етті. 
– Бақытты әркім әртүрлі ұғынады. Менің ойымша, бақыт – еліңнің аман­дығы. Отбасының берекесі. Жұмыс­тағы абырой. Артық айтқандық емес, электр желісімен  жұмыс істеу кез келгеннің қолынан келетін іс емес. Ондағы сәл ғана қателік – адам өмірімен өлшенеді. Әйтсе де, ұжымда ізімізді басар жастардың көптігі қуантады. Еңбек жолындағы білгенімізді, көкірекке түйгенімізді үйрету­ден жалықпаймыз, – дейді кейіп­керіміз.  
А.Қаспайұлы мәртебелі мамандыққа баласы Тұрсынбайды да баулыған. «Әке көрген – оқ жонар» демекші, бала да әке сенімін ақтауда. Бірлігі мығым мекемеде 2009 жылдан бері электромонтер мамандығы бойынша жұмыс істейтін ол И.Әбдікәрімов атындағы аграрлы-техникалық колледжін, сондай-ақ Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетін инженер-энергетик мамандығы бойынша тәмамдаған. Ағамыз жары Бәтима Айтмаған­бетқызымен бес бала, он үш немере тәрбиелеуде. Бақытты әке, үлгілі отбасының тірегі салада қызмет атқарған жылдары бірнеше мәрте аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі алғыс хаттармен, сонымен қатар 2014 жылы еліміздің энергетика саласына қосқан өлшеусіз еңбегі үшін ҚР Президентінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Түйін:
Әбекең бүгін де күндізгі кезек­шілікте. Бізбен аз-кем әңгімеден соң көлігін оталдырып, қоңырау түскен аймаққа қарай асығыс жиналды. Біз де оның уақытын алмадық. Себебі, ел мұқтажын өтеу де – азаматтық парыз. 

Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК,
Қазбек ТАЙБАҒАРОВ (сурет),
«Қармақшы таңы».
25 желтоқсан 2018 ж. 1 121 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 039

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031