» » Сыны мен сыры бөлек сыр аналары

Сыны мен сыры бөлек сыр аналары

СЕЙСЕНБІДЕ ДҮР ОҢҒАР АУЫЛЫНДА «МӘДЕНИЕТТІ АНА – МӘДЕНИЕТТІ ҰЛТ» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА «СЫНЫ МЕН СЫРЫ БӨЛЕК СЫР АНАЛАРЫ» ТАҚЫРЫБЫНДА ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫ ЖАНЫНДАҒЫ АНАЛАР КЕҢЕСІНІҢ ОБЛЫС БОЙЫНША ТӨРАЙЫМЫ РАХИМА АХМЕТОВАНЫҢ БАСШЫЛЫҚ ЕТУІМЕН ОБЛЫСТЫҚ ФОРУМ ӨТТІ.
Оған білім, мәдениет, денсаулық, әлеуметтік сала қызметкерлері мен әлеуметтік-мәдени бағытта жұмыс істейтін азаматтық қоғам өкілдері, Қармақшы ауданының құрметті азаматтары Бибігүл Әбішева, Үрзада Бекмұрзаева, Дәмелі Жалғасбаева, Гүлжаухар Раевалар бастаған өңірдің жас отбасы және ардагер, ақжаулықты аналар, кеңес мүшелері қатысып, пікір білдірді.
Форумды облыстық мәслихат депутаты, ұлағатты ұстаз, аналар кеңесі төрайымының орынбасары Дильфура Байрахтарова жүргізіп, жиналған қауымға өтіп отырған іс-шараның маңызы мен мақсатын түсіндірді.
Алқалы жиынды аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Дәурен Ержанов ашып, жанұяның ұйытқы, берекесі, жақсылыққа тілекші, қиындықта мойымаған аналар болмысы жайында сөз етті.
Әрбір іс-шараның өз миссиясы болады десек, форумда сөз алған спикерлер қазіргі қоғамға қажетті деген маңызды ақпараттармен бөлісіп, әрқайсысы сала бойынша хабарлама жасап, тақырып аясында келелі ойларын өрбітті.
Атап айтар болсақ, аудандық аурухана бас дәрігерінің Ана мен бала жөніндегі орынбасары, білікті дәрігер Парида Сарыбаева «Ана мен бала денсаулығын қорғау» тақырыбында әңгіме қаузаса, аудандық полиция бөлімінің полиция қызметі бөлімшесінің ұйымдастырушылық-аналитикалық жұмыстар тобының инспекторы Айдана Әбіш «Отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу» мәселесі бойынша мәліметтерді ортаға салды. Ал аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің сектор меңгерушісі Шаһар Әлекеева «Отбасы, неке мәртебесін көтеру, отбасы құндылықтарын дәріптеу» және психолог маман Әмина Тахирқызы «Қазіргі өркениетті заманға сай әйелдің бейнесін қоғамдық санада қалыптастыру» тақырыптарында сөз сөйлеп, көпшілікке жан-жақты хабардар етумен бірге, айтылған әңгімелер түйіні тарқамаған кейбір мәселелерде жас келіндер мен әйел-аналарға зерделі ой салғаны сөзсіз. Себебі мұндай ашық ой-пікірлер қашанда ақпараттар айдыны толассыз құйылып жатқан заманауи өмірімізде қоғамымызға пайдалы болмақ.
Форум қонақтары облыстық «Ана мен бала» орталығы директорының орынбасары Гүлнар Жұмашева, Қызылорда қаласындағы No140 мектеп директоры, қалалық мәслихаттың депутаты Айгүл Нажмадинқызы ана мен бала денсаулығы, аз қамтамасыз етілген, көпбалалы отбасы балаларына қатысты әлеуметтік жәрдемақылар туралы аналар тарапынан қойылған сұрақ-сауалдарға жауап берді.
Мұнан соң форум отбасы құндылығын сақтау, қоғамдағы белсенді де үлгілі өнегесімен көзге түсіп жүрген өңірдегі көшбасшы аналардың мәртебелі марапатына ұласты.
Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Дәурен Ержанов бірқатар аналарға аудан әкімінің алғыс хатын тапсырып, номинациялармен марапаттады.
Олардың қатарында дүроңғарлық көпбалалы ана Аманкүл Серікбайқызы «Ардақты ана», ақжарлық Ақмарал Әміралиева «Үлгілі ана», кәсіпкер Гүлжайна Бұқарбаева «Рухты ана», «Қармақшы» ЖШС директоры Үрзада Бекмұрзаева «Өз ісінің шебері», «Аңсаған» мүмкіндігі шектеулі балалар қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бақыткүл Сейіткәрімқызы «Дәстүр насихаттаушысы», Қармақшы ауылындағы «Балбөбек» бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі, бала жанының бағбаны атанған Дәмегүл Сейітханқызы «Ұрпақ жанашыры» номинацияларымен мадақталып, сахна төрінде қошеметке ие болды.
Қоғамдағы аналар мәртебесі мен олардың атқарар рөлін, қазақи тәрбие мен танымын ұрпақ бойына сіңіруді насихаттаған жиында алған әсер мен көкейге түйген сезімнің ерекше болғаны анық.
– Осы іс-шараның мазмұнды өтуіне үлесін қосқан қоғам қайраткері Рахима Қаржаубайқызына, сондай-ақ екі қызымыз – аудандағы аналар кеңесінің төрайымы, аудандық білім бөлімінің әдіскері Тәжігүл Әбенова мен облыстық мәслихат депутаты, білікті ұстаз Дильфура Байрахтароваға айтар алғысымыз шексіз. Форумда бүгінгі кезде өзекті болып отырған көптеген мәселелер тілге тиек етіліп, оның шешілу жолдары айтылды. Дәстүр сабақтастығы, ұрпақ, ұлт болашағы, отбасындағы ананың рөлі мен қоғамдағы бейнесі де назардан тыс қалмады. Жалпы айтқанда, бұл шарадан алғанымыз көп. Келешекте де осындай басқосулар жалғасын табады деген үміттеміз, – деді аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Гүлжауһар Төлегенқызы.
Ауқымды іс-шарада Дүр Оңғар ауылдық мектеп жанынан құрылған жас домбырашылардың өнері тамашаланса, мәдениет үйінің кіреберісіне ұйымдастырылған қолөнерші шеберлерінің (аналардың) көрмесі кереметтей әсер қалдырды.
Облыстық аналар форумын Рахима Қаржаубайқызы қорытындылап, іс-шараның өтуіне қолдау білдірген аудан әкіміне, сонымен қатар форумға атсалысқан барша аналарға алғысын білдіріп, мұндай игі істер алдағы уақытта да жалғасын таба беретінін жеткізді.
Сәрсенкүл РАЙЫМБАЕВА
Ерсін СӘДУҰЛЫ (суреттер)
27 тамыз 2022 ж. 407 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№35 (10300)

04 мамыр 2024 ж.

№34 (10299)

30 сәуір 2024 ж.

№33 (10298)

27 сәуір 2024 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру!

Хабарландыру!

29 сәуір 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031