"Ана мен бала денсаулығы — ұлт болашағы" атты фестиваль өтті
Қызылорда облысы Қармақшы ауданында «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясында «Ана мен бала денсаулығы – ұлт болашағы» атты фестиваль өтті.
Фестиваль қасиетті Қармақшы топырағы түрік ұлысы арасындағы ойшыл абыз Қорқыт бабаның мемориалдық кешенінде аудан әкімі орынбасары Жұлдызхан Ерқосаевтың құттықтау сөзімен басталды.
Шарада облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Рахима Ахметова ана мен бала байланысы, болашағы мен ұрпақ саулығы төңірегінде пікір білдірді.
«Мемлекет басшысы Қ.Ж.Тоқаев барлық өңірлерде «Мәдениетті ана-мәдениетті ұлт» республикалық жобасын іске асыру бойынша тапсырма берген болатын. Жобаның мақсаты қоғамда ананың рөлін, отбасы құндылықтарын, сондай-ақ жастар мен болашақ ұрпақты рухани адамгершілік және патриоттық рухта тәрбиелеу. Бұл бағытта Аналар кеңестері біраз жұмыстарды атқарып келеді. Міне, бүгін Қармақшы ауданында аналар кеңесінің бастамасымен денсаулық фестивалі өтуде. Ана мен бала денсаулығы байланысты мәселелер талқыланып, шешу жолдары да қарастырылуда», - деді.
Облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы, облыстық мәслихат депутаты Манат Алмашева және «Қазпошта» АҚ Қызылорда филиалының директоры, облыстық мәслихат депутаты, аналар кеңесінің мүшесі Aida Abibullayeva құттықтау сөз сөйледі.
Мұнан соң аудандағы 8 өнегелі анаға республикалық «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясында алғыс хаттар табысталды.
Аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Айдос Жаналиевтің «Ана мен бала денсаулығы» тақырыбындағы баяндамасы тыңдалды. Ана денсаулығын қорғау, соның нәтижесінде өмірге дені сау ұрпақ әкелу, халық санының көбеюі тәрізді мәселелерге тоқталып өтті.
Фестивальге қатысушылар ерекше дайындықпен келген Дүр Оңғар мен Иіркөл ауылының әзірлеген флешмобын тамашалады. Бірлік пен келісімде 20-ға жуық түрлі ұлт өкілдері мекендеген ІІІ Интернационал Ауылы ауылының тұрғындары кереметтей көрініс қойды. Көріністе ұлт қорғаны болған ұлттық құндылықтар мен қазақтың салт-дәстүрлері дәріптеліп, оны бүгінгі жастардың санасына қалыптастыру бағыттары әспеттелді. Мұнан соң қатысушылар Қорқыт ата мемориалдық кешенінің жұмысымен танысты.