» » Тағылымға толы төркіндеу

Тағылымға толы төркіндеу

Ұлтымыздың өткенінде ерекше мәнге ие, ел мен елді жақындастырып, алыстағанның арасын жақындатып, қайта табыстыратын «Төркіндеу» деген игі дәстүр бар. Бүгінде осы дәстүріміз жаңа бағытта қарқын алып келеді. Осыдан біршама уақыт бұрын қазақ дәстүрін қайта жаңғыртып, бүкіл саналы ғұмырын Сыр өңірінің рухани дамуына, туған елінің өркендеуіне, халық тұрмысының жақсаруына елеулі үлесін қосып келе жатқан қасиетті Қармақшы топырағынан шыққан облыста елге қызмет етіп жүрген қоғам қайраткерлері мен берекелі отбасының ұйытқысы болып отырған әйел-аналар туған жерге тағзым етіп келген болатын. Облыстық, аудандық әйелдер кеңесінің ұйымдастыруымен өткізілген игілікті іс-шаралар жас ұрпаққа өнеге ізін қалдырып қана қоймай, елдің рухын көтеруге өзіндік үлесін қосқан еді.
Осындай тағылымға толы, берері мол іс-шара жақында тағы да жалғасын тапты. Облыстық деңгейде елге қызмет етіп жүрген Сыр елінің қыздары елге үлкен сыйымен келді. Белгілі қоғам қайраткері, облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Райкүл Байназарова, облыстық әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Қаламқас Каримова, облыстық мәдениет және спорт басқармасының маманы Алия Қарабалиналар өскен өңіріне төркіндеп келіп, тағылымды іс-шараның қонағы болды.
Бағдарламаларына бір емес, бірнеше іс-шараны сыйдырған олар ең бірінші «Мектепке жол» акциясы бойынша көпбалалы және аз қамтылған отбасыдан шыққан 18 оқушыға өз сұраныстарына орай мектеп формасы, аяқ киім мен оқушы портфелін табыстап балаларды қуантты. Бала мен ананың қуанышынан асқан бақыт жоқ қой. Ата-аналар да өз кезегінде ризашылығын білдіріп, алғысын жаудырды.
Одан соң, аудандық кітапхананың «Coworking» залында «Қазақстан барысы – 2022» турнирінің жеңімпазы Мақсат Исағабыловтың анасы, елдің құрметтісі Роза Қуаңбаеваның қатысуымен тағылымды кездесу болды. Кездесуге аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков, ауданымыздың құрметті азаматы, ұлағатты ұстаз Дәмелі Жалғасбаева, аудандық əйелдер кеңесінің мүшелері мен ауылдық әйелдер кеңестерінің төрайымдары, ұстаздар, отасқанына 50 жыл толған отбасының отанасы Ақжар ауылынан Сафура Шәйкенова, жас аналар, жас спортшы қыздар қатысты. Жиынды аудандық әйелдер көңесінің төрайымы ГүлжауҺар Раева жүргізіп, отырыстың мән-маңызын түсіндіріп, кездесуге арнайы келген қонақтармен таныстырып өтті. Алғашқы сөзді алған облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Райкүл Байназарова төркіндеудің түпкі мағынасына тағы бір тоқталып, бүгінгі іс-шараның мақсатын да айта кетті.
– Жасымыз үлкейген сайын туған жерге қарай тартып тұрады екен. Өзіңе ет жақындарды іздеп, өскен өңірге қарай бүйрегің бұрып тұрады. Ауданымыздың ғана емес, тұтас еліміздің мақтанышы болып, «Қазақстан барысы – 2022» турнирінің жеңімпазы Мақсат Исағабылов өзіміздің өлкенің баласы. Сондықтан да осындай ел перзентін өмірге әкелген анасы Роза Қаратайқызымен кездесуді Қармақшыдан бастағанды жөн көрдік. Себебі Мақсатқа деген Сыр елінің ілтипаты ерекше. Жеңіс төрінен көрінгеннен бері аэропорттан бастап сән-салтанатпен күтіп алып, құрмет көрсетіп жатыр. Өзге аудандар да баламыздың бұл жеңісін мақтан тұтады. Сондықтан анамен алғашқы кездесу туған мекеннен басталғаны абзалырақ. Әрі абзал ананың әңгімесі жас аналарға тәлім болсын, үлкенді құрмет тұтуды, бала тәрбиесі туралы сөз қозғауды мақсат етіп келдік. Себебі бүгінгі әрбір жас ана ертеңгі ұлт болашағын тәрбиелеуде, – деді Райкүл Мансұрқызы.
Келесі сөздің кезегі Мақсаттың анасы Роза Қуаңбаеваға берілді. Ол баласы дүние есігін ашқан сәтінен азамат боп өскенге дейінгі әрбір кезеңді ерекше сезіммен айтып берді.
– Сөзімді бастамас бұрын, ел перзенті Роза Бағланованың «Айналайын халқымнан еркелеткен» деген керемет сөз тіркесі ойыма оралып тұр. Себебі Мақсаттың бүгінгі жетістігі бірінші Алланың, екінші халықтың ақ тілегінің, сенімінің, ықыласының арқасы. Мақсаттың Мақсат болып халыққа танылып жатқаны сіздердің ниеттеріңіздің, жылы лебіздеріңіздің себебінен деп ойлаймын. Елден жырақта тұрған соң, туған жерді сағынамыз. Алайда күйбең тірлікпен жиі келуге уақыт тапшылық етеді. Осы іс-шараны ұйымдастырған қыздар болмаса менің туған жерге жолым түсер ме еді, түспес пе еді? Сондықтан облыс көлемінде осындай бастама көтеріп, мені құрметтеп қонақ етіп шақырғандарыңызға алғыс білдіремін. Әрбір ата-ана баласы өмірге келген соң, өмірінің жарқын болғанын тілейді. Ал аналар қауымы сәбиі құрсағына біткен сәттен бастап ғұмырлы болуын, дені сау, ел перзенті болғанын қалайды емес пе? Әрбір баланың дүниеге есігін ашуы да ерекше құбылыс. Менің Мақсатымның да өмірге келуінің өзі өзгеше болды. Перзентханаға кешкі сағат онда келдім. Толғағым тарап кетсе де, сонда қалуға тура келді. Сағат таңғы 5 болса керек. Жоғарғы қабаттан жылдамдата түсіп келе жатқан аяқ дыбысы естілді. Осы өңірдегі жүздеген баланың кіндік анасы атанған Алтынкүл апай екен. Ол менің жаныма келіп «Сен бүгін өмірге алтын айдарлы ұлды әкелесің. Ерекше бала болады. Есімін Марал қой» деді. Ол уақытта қазіргідей ультрадыбыстық зерттеу жоқ. Баланың жынысын босанғанда бір-ақ білетінбіз. Мен аң-таңмын. Айтса айтқанындай-ақ сол күні шекесі торсықтай ұлым өмірге келді. Үйге келген соң болған жайды әкесіне айттым. Сонда әкесі «Балаға Марал ишанның атын қойғанымыз ауыр болар. Себебі өсе келе балалар ойнап жүріп балағаттап қоюы мүмкін. Сондықтан ишан аруағына кір келтірмей, Мақсат деп қояйық. Мақсатына жететін перзент болсын. Ал Марал деп өзіміз атай берейік» дейді. Осылайша Марал-Мақсатымыз бүгінде өз мақсатына жеткен перзент болып отыр, – дейді ардақты ана.
Роза Қаратайқызының әңгімесін жиналған қауым ерекше ықыласпен, ұйып тыңдады. Ананың баласына деген шексіз сүйіспеншілігін отбасына деген жылылығын, парасатқа толы әңгімесін жұмсақ үнімен, жан тәнімен жеткізуі қатысушыларға үлкен әсер берді.
– Тағы бір айта кетерлігі, баламның тұсауын ел алдында жүрген ағасындай танымал болсын деген ниетпен ырымдап Қаршыға Есдәулетовке кестірген болатынбыз. Жақсылықты жұқса екен дейтін ырымшыл халықпыз ғой. Жастарға айтарым, тұсау кестіретін адамды да ойланып таңдаған абзал. Дана халқымыз мұның барлығын ертеден-ақ білген ғой. Мақсатым бала кезінде кішкентай, әлсіз болды. 5 сыныпқа келген кезде әкесі спорт үйірмесіне алып барды. Сонда қазіргі бапкері Болатбек Кенеевке тапсырған. Бала кезінен баулыған бапкерінің біз үшін де орны бөлек. Жаздың ыстығына, қыстың суығына қарамастан дайындықтан қалмай, қызығушылықпен қатысты. Осылайша жарыстарға қатысып бастады. Ең алғашқы жарысынан бір портфель жеңіп алып келді. Соған бәріміз қуанып, сол сыйлықты алып, әкесі үшеуміз қайта-қайта суретке түсіп, ерекше шаттанғанбыз. Алғашқы жеңістің бұл естелігі мен тәттілігі есімізден кетпейді. Бүгінгі жас аналар балаларыңызға телефон бермеңіздер. Олармен көп сырласып, жаны нені қалайтынын ұғуға тырысыңыздар. Бала мектептен бөлек, өз қалауы бойынша бір нәрсені меңгергені жөн. Сонда оның жаман әдеттерге уақыты да болмайды. Сол үшін баламен көп сырласып, оларға арнайы уақыт бөлген жөн, – дейді Роза Қуаңбаева.
Баласы сайыс алаңына шыққан кездегі толқынысты сәттерін де шебер жеткізе білді. «Мен баламның күрестерін көре алмаймын. Ол ортаға шыққан кезде ақырын ғана сыртқа шығып кетемін. 92 жастағы енем бар. Сол кісі атасының орамалын сыйлаған. Әр сайыста сол орамалды қолыма алып, баламның тілеуін тілеп отырамын» деген ана толқынысы әрбір жас анаға үміт дәнін сеуіп, жауапкершілік жүгін тереңінен сезінуіне сеп болды.
Ал Мақсаттың мектептегі кезеңі туралы сол уақытта No27 мектеп-лицейдің директоры Дәмелі Жалғасбаева, ұстазы Ақмарал Жарасова, сынып жетекшісі Бақтыгүл Тәженовалар айтып өтті. Олар жасынан тиянақты, мінезі салмақты, спортқа жақын, достарына адал, мейірімді, еңбекқор бала болғанын жеткізді. Мақсаттың анасы білім беріп, өмірге оң көзқарас қалыптастыруына себепші болған ұстаздарына алғысын білдірсе, ұстаздар қауымы мұғалімін ұлықтайтын перзент тәрбиелеген ата-анаға ризашылығын жеткізуді естен шығармады. Сондай-ақ жиында жан-жарымен отасқанына 50 жыл толған отбасының анасы, Ақжар ауылынан арнайы келген ақжаулықты әже Сафура Шәйкенова үйдің жылылығын арттыратын әйелдің отбасындағы орны, ене мен келіннің міндеті жайлы жас отбасыларға ақыл-кеңесін айтты. Отбасында ер азаматты құрметтеу, ұл-қыз тәрбиесі, тағы басқа салт-дәстүр төңірегінде іс-шараға қатысушы әйел-аналар ой бөлісті. Жас аналар мен қатысушылар кездесуден алған әсерлерін жеткізіп, ардақты аналарға тәлімді әңгіме өрбіткені үшін алғыс білдірді.
Кездесуде жүз жыраудың елінен шыққан Тұрмағамбет ауылынан келген жас термеші Арай Оңғарқызы жырдан шашу шашса, айтыскер ақын Сырым Әділбеков аналарға арнау жырын жолдады. Облыстан төркіндеп келгендер атынан ел мақтанышы болған Мақсаттың анасы Роза Қаратайқызына арнайы шапан жапты. Берекелі отбасының анасы Сафура Бисенбайқызы мен ауданымыздың құрметтісі, ардақты ұстаз Дәмелі Жалғасбаеваға да сый құрмет жасалды. Сонымен қатар, спорт, мəдениет жəне жастар саясаты салаларында жетістіктерге жеткен жас қыздарға жеңіс, сəттілік тілеп, AirPods сыйлады. Сонымен бірге Роза Қаратайқызы еліне адал қызмет еткен халқының Қаратайы деген атқа ие болған, әкесі Қаратай Қуаңбаев туралы жазылған «Өмірінің өзі дастан» атты кітабын аудандық орталықтандырылған кітапханаға табыс етті. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков игілікті шараның үлкен тәрбиелік мәні зор екенін айта келіп, облыстан келген ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, ақ батасын берді. Қонақтар да мұндай игілікті іс алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді. Төркіндеп келіп, төрден орын алған қыздарымыздың артынан ерген сіңлілеріне бұл кездесу арқылы салиқалы ой салып, ана болудың бақытын, әйел болудың жауапкершілігін ұғындыра білді. Тәлімді іс-шараға қатысқан әрбір жан осындай оймақтай ой түйгеніне, өміріне оң бағыт-бағдар алғанына сенімдіміз.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
Ерсін СӘДУҰЛЫ (суреттер)

23 тамыз 2022 ж. 503 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№1(10369)

06 қаңтар 2025 ж.

№103 (10368)

31 желтоқсан 2024 ж.

№102 (10367)

28 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 216
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031