» » Талап қыла білген қыр асады

Талап қыла білген қыр асады

Ақай ауыл әкімшілігінде жұмыс бағдарымызды бір пысықтап алып, кәсіпкерлік нысандарын бағытқа алдық. Орталық көшелерде құрылыс, сауда-саттық дүкендерінің есігі айқара ашылып, кіріп-шығып жатқандар көп. Ұзын көшемен тура жүріп, оңға қарай бұрылғанымызда өзіндік келбеті келіскен «Жұлдыз» дүкені мен оған жапсарлас салынған асханаға назарымыз ауды.
Тамақтану орнына кіре бергенімізде бізді жас қыз қарсы алды. Оған келгендегі жөнімізді айтып, асхана иесін шақыруды өтіндік. Айтқанымыздай артынша-ақ асхана иесінің жұбайымын деп өзін таныстырған инабатты келіншек кіріп келіп, келген тобымызбен үстел басына шақырды.
– Іздеген адамдарыңыз шауалармен жүр. Мен сол жеке кәсіпкер Арман Дәуленбаевтың жолдасымын деп, жылы қабылдап алдымызға ыстық шай мен жұмсақ наннан алдырды.
– Байқоңыр қаласының тұрғынымыз. Екеуміз де кәсіпкерміз. Мен 2015 жылдан бастасам, Арман Әнуарұлы 2012 жылдан бері кәсіппен айналысады. Ал дүкеннің кәсібіне келсем, оны 2017 жылдан бастадық. "Жұлдыз" дүкенінің бес жылдығына орай сәтін салып осы асхананы аштық. Ондағы себеп – ауылда балалар ойнап, қызығатын жер жоқтың қасы. Кешке қарай көлеңке түсе бастағанда осы маңдағы балалар жиналып есіктің алдында жүреді. Арасында ішке кіріп, көңілдерін көтеріп музыкаға билейді. Әңгімелерін айтады. Былай айтқанда бала барып тынығатын орын кемшін. Бізде емін-еркін су-пуын ішіп, демалыстайды.
Қосымша тағы наубайхана ашамыз ба деген де ниетіміз бар. Қолдан бүгіп тұшпара, орама, манты дайындауды да қолға алмақпыз бұйырса. Кәсіпті жалғастырып, кеңейтіп, бірнеше адамды жұмыспен қамтудамыз. Асханамызда 3 аспаз, дүкенде 5 адам және тағы 2 адам, барлығы 10 адам осы нысаннан нәпақасын тауып, отбасын асырап отыр. Әлде де кеңейсек, тағы 5 адамды жұмыспен қамтимыз. Кәсіпті өз қаражатымыз есебінен жүргізіп жатырмыз, – дейді Жанар Мұстафаева.
Кәсіпкердің пайымынша әркімге де кәсіп істеуге болады. Жұмыс жоқ емес, бар. Егер қаражаты болмаса, мемлекеттік қолдау бағдарламаларына сүйенуге болады.
«Жалқаулық бар жастарымызда. Жұмыс істеуге де, кәсіп ашуға да ықыласың болса болғаны. Кәсіптің көзі көп. Істеймін дегенге еңбек табылады. Мысалы кәсіби аспаздар өте тапшы. Мамандар жетіспейді. Соны үйренсе жастар, сұранысқа ие болар еді. Бізде жұмыс істеп жатқан жастар 18 жасқа толғандар. Өрімдей ер жігіттер. Қызылордаға барып, оқып келіп жұмыс істеп жатыр. Соған сай өздерінің кәсібін ашса да жолдары ашық» дейді кәсіпкер.
Асханаға тағамның фасфуд және ыстық тағамдарға да тапсырыс жиі түседі екен. Қуырдақ, палау ыстық тамақ ретінде ұсынылса, тандыр нанды да өздері өндіріп отыр. Самса, бәліш, басқа да нан өнімінің бірнеше түрі тұтынушыға ұсынылады.
– Арасында той-томалаққа тапсырыстар қабылдаймыз. Кез келген істе алдымен идея туындайды ғой. Енді осы маңнан балаларға уақыттарын тиімді өткізіп, ойнауларына арналған балалар ойын және спорттық алаңдарын салғымыз келеді. Бар арман-мақсатымыз – ауылымызды көркейтіп, оның дамуына атсалысу. Қазір спорттық кешен құрылысы салынуда. Десе де ол ауылдың сырт жағында орналасқан. Орталықтан да спорттық ойын алаңын ұйымдастырсақ, артық болмайды деген ойдамыз. Осындай да жоспарымыз бар болашақта, – дейді Жанар Айназарқызы өзінің елге, халыққа деген патриоттық сезімін байқатып.
Асханаға келіп-кетіп жатқан адамдар баршылық. Уақыт бәрінен қымбат дегендей, кәсіпкердің жұмысына кедергі келтірмейік деген оймен жолға жинала бастадық.
Шынында да талап қыла білген ғана тәуекел етеді. Кәсіп – тәуекелді сүйеді. Өмірдегі жетістіктің бәрі де еңбекпен ғана келеді. Алған бетінен қайтпайтын қайсар жандар ғана нағыз кәсіпкер атана алады.
Сәрсенкүл АҚКІСІ
Ерсін СӘДУҰЛЫ (сурет)
21 тамыз 2022 ж. 631 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№35 (10300)

04 мамыр 2024 ж.

№34 (10299)

30 сәуір 2024 ж.

№33 (10298)

27 сәуір 2024 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру!

Хабарландыру!

29 сәуір 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031