Айшықты нысан ел ажары
Ел дамуында ауданның да айшықты нысандары аймақтың ажарын аша түскендей. Әлеуметтік нысандар бой көтеріп, халыққа пайдалануға берілуде. Одан бөлек, жол бойы алаңдарының құрылысы қарқынын алған. Жыл басынан бері облыс қазынасынан қаражат қаралып, бұл қаржыға 2 абаттандыру, 16 жол жөндеу жұмыстары қолға алынған. Мұнан бөлек те көптеген шаруа жолға қойылуда.
Аудан әкімі Әділбек Ерсұлтанов пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков, сондай-ақ бірқатар бөлім басшылары аталған бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Аудандағы Тәуелсіздік көшесі орташа жөндеуден өткізіліп жатыр. Осы көшемен аттас ықшам аудандағы балалар ойын алаңына да жөндеу жұмыстары қолға алынды. Бұдан бөлек, С.Көбеев, С.Сейфуллин, Тайшық би, Қ.Мүсіркегенов, А.Иманов, Б.Момышұлы, Е.Сексенбаев көшелері де биылғы бюджеттің қаражатымен халыққа жағдай жасалынып, жаңа күйге енбек.
Сонымен қатар, көшелерден бөлек, аллеялар мен саябақтарды да абаттандыру қолға алынған. Оған ауданымыздың демалыс орындарының біріне айналғалы отырған Тайшық би көшесіндегі «Сыр сүлейлері» аллеясы айқын дәлел болмақ.
Мұнан соң, аудан әкімі бастаған топ бірнеше балалар ойын алаңының құрылысы жүретін аумақтарды аралады. Кент орталығындағы No121 орта мектептің күрделі жөндеу жұмыстары және «Достық» сауда үйінің жанында орналасқан бақша өнімдерін сатуға арналған сауда қатарының жай-күйімен танысты. Кентті аралау барысында құрылысы жүріп жатқан денешынықтыру-сауықтыру кешеніне де табан тіреді. Сонымен қатар, аудан әкімі кент орталығындағы бақша өнімдерін сатуға арналған сауда орнын да назардан тыс қалдырмады.
«Қт» ақпарат