» » Өрісі кең өнерлі ұжым

Өрісі кең өнерлі ұжым

ДАНАГӨЙ АБЫЗ ҚАРИЯСЫ БАР, ЖАЙДАРЫ ЖАҚСЫ ЖҰРТЫ БАР, ТАЛАЙ СҰҢҚАРДЫ ТҮЛЕТІП, ДҮЛДІЛДЕР МЕН ДАРАБОЗДАРДЫҢ ТУҒАН ТОПЫРАҒЫ ОСЫ ҚАСИЕТ ПЕН КИЕ ҚОНҒАН ТӨРЕТАМ ЖЕРІ. ОСЫНАУ КИЕЛІ МЕКЕННЕН ҒАЛЫМ ДА, ӨНЕР МАЙТАЛМАНЫ, ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРЛЕРІ МЕН ДӘРІГЕРЛЕР КӨПТЕП ШЫҚҚАН.
Мысалы медицина ғылымдарының докторы М.Құланбаев, техника ғылымдарының докторы М.Күзенбаев, химия ғылымдарының докторы Б.Серікбаев, ұстаздар Дастан Тәжиев, Қуандық Игенбаев, Ұлы Отан соғысының ардагерлері Сисен Үйреков, Әлихан Төлепов, Тоқшылық Смағұлов, Қалмырза Жарманов, әнші-сазгер Жеңіс Сейдолла, Төреғали Төрали, Айгүл Кәдендер шыққан.
Әрине, Төретам елінен шыққан тұлғаларды тізбектей түссек талайды таңдай қақтырған дарабоздар көп екені даусыз. Бастысы, сол сақа асықтай саңлақтарымыздың ізін жалғаған бүгінгі буынның олжалық қарекеті болмақ.
Бұл жерде туған жердің тарихын ту еткен, киесін жыр еткен, мәдениеттің мәртебесін асырып отырған біршама мақтаныштарымыз Төретам кенттік клуб үйінде топтасқан.
Қай кезеңде де қай елде болмасын мәдениет пен өнер – халықтың рухани болмысының айнасы, бағдарлы болашағының бастауы. Мәдениеттің өсуі – елдің өсуі, ұлттың өсуі. Тәуелсіздігіне тәубе етіп, Мәңгілік Ел болуды мұрат тұтқан халқымыздың рухани бай дүниесінің өлшемі мен өресі де осы мәдениет пен өнер шоқтығында жатыр.
Осы мекеннің рухани ортасы саналатын кент клуб үйі 2012 жылы типтік жобада пайдалануға берілген. Онда жыл басынан бастап аймақта дәстүрлі өнер түрін насихаттау барысында түрлі бағытта іс-шаралар, кездесу кештер, байқаулар өткізу жоспарланып, кент әкімінің бекітілген жоспарымен жұмыс атқаруда. Мәдени шаралар кент клуб үйінің фейсбук, инстаграм, ВКонтакте әлеуметтік желілеріне жарияланып отырады.
Ақмарал Кішкентаева басқаратын бұл ұжымда 10 қызметкер еңбек етеді. Клуб үйіне басшылық етіп отырған Ақмарал Бақбергенқызы білікті маман. Өз ісінің шебері. Ол 2008-2014 жылдары аудандық мәдениет үйінің әдіскері, одан соң аудандық мәдениет үйі жанындағы халық театрының режиссері, сондай режиссері, сондай-ақ 2018 ақ 2018-2021 жылда 2021 жылдары аталған мәдени ошақтың әдістемелік кабинетінің меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарып келсе, 2018-2020 жылдары қосымша «Қармақшы жастары» жастар қоғамдық бірлестігінің төрайымы қызметін де біркісідей көтере білді. Өткен жылдан бастап Төретам кенттік клуб үйінің директоры қызметіне тағайындалған. Ол басшылық етіп отырған рухани өнер ордасы қызметкерлерінің ауызбіршілігі мол, қоғамдық жұмыстарға белсенді атсалысады. Клуб үйінің сүйемелдеушілері Мұхит Темірханов пен Рауан Ысқақов аймақтық, аудандық, облыстық ән байқауларының жүлдегерлері. Ал клуб үйінің әдіскері Гүлнұр Қайнарбаева Төретамда туып, туған жердің қадір-қасиетіне қанық, жастайынан ақындығымен көзге түскен өнерпаз. Одан бөлек білім, жастар саясатын қолдау және қоғамдық жұмыстарда да белсенді.
Клуб үйінде 5 үйірме жұмыс жүргізсе, оған көптеген оқушы тартылып, жақсы нәтиже көрсетуде. Әрбір үйірменің жыл көлеміне жасаған жұмыс жоспары бар. Сол жоспарға сай үйірме жұмыстары жүйелі жүргізіліп отырады. Осындай тиянақты жұмыстардың нәтижесінде жыл көлемінде ауылдық, аудандық, облыстық байқауларға балаларды қатыстыру үнемі назарда ұсталады.
Мемлекет басшысының 2022 жылды – Балалар жылы жариялауына орай мәдени орында «Ай-Назым» би үйірмесі ашылып, оған жас хореограф Назерке Алмасбекқызы жетекшілік етуде. Ол өз мамандығының иесі екенін дәлелдеп, шәкірт тәрбиелеуде жетістіктерге жетуде.
Жалынды жастардан құралған ұжым көптеген іс-шара мен мерекелік концерттердің ұйымдастырушысы, кент өнерпаздарының басын қосатын құтты мекенге айналған. Басқа салада жүрсе де кент мәдениетіне қосар үлесі зор қыз-жігіттер де жоқ емес. Солардың бірі – Бақтияр Русланұлы. Бірнеше аудандық байқауларда бақ сынап, жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Досхан Төлегенов болса, бала кезінен «Бозторғай» байқауына қатысып, туған жерін ақындығымен, әдемі қоңыр дауысымен қуантса, көркемсөз оқуда талай жеңісті бағындырып жүрген жас.
Өткен жылы ҚР Тәуелсіздігіне 30 жыл толуына байланысты облыстық, аудандық іс-шаралар өткізілсе, 5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күніне «Қазақ тілі – мәңгі жасар байлығым» атты аудандық оқушылар арасында онлайн жазба ақындар мүшәйрасы ұйымдастырылған. Жыр мүшәйрасына Байқоңыр қаласынан, ауылдық округтерден 9 жас ақын қатысып, сындарлы тарихы бар қасиетті қазақ тілінің мәртебесін өлеңмен өрнектеді. Бабалардың қанымен келген қастерлі Тәуелсіздік ұғымын жырға арқау етіп, бала жүректен шыққан өлеңдерін оқырманына паш етті. Қазылар алқасының төрағасы, аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры, айтыскер ақын Сырым Әділбеков бастаған алқа мүшелері жас ақындардың өнеріне өз бағаларын берді. Бас жүлдені Жосалы кентінен қатысқан Ердәулет Орынбасаров қанжығасына байласа, 1 орынды иіркөлдік Нұрсәуле Амантай, 2 орынды жаңажолдық Еңлік Мәнсүрова иеленсе, 3 орынды Қармақшы ауылынан Толғанай Бекболатқызы мен қызылтамдық Шұғыла Елеусізова өзара бөлісті. Белсене қатысқаны үшін Жас- мин Бақытова, Кәмшат Қабылқызы, Әйгерім Сырлыбай, Бекқанат Смайлұлы алғыс хатпен марапатталды. Сондай-ақ ҚР Тәуелсіздік мерекесі аясында өткен «Шексіз әлем» ерекше жандар арасындағы өнер фестивалі де жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғамнан тыс қалдырмай олардың ортамен еркін араласуына түрлі бағыттағы мүмкіндіктерін аша отырып, танылмай жүрген таланттарды халық алдына шығару, таныту, сахнаға бейімдеу мақсатында өткен өнер фестиваліне бейнелеу өнері, ән, би жанрлары бойынша 9 өнері ерекше жандар қатысып, бағын сынаған. Қатысқан барлық өнерпазға алғыс хаттар мен кәсіпкерлердің демеушілігімен сыйлықтар табысталған.
Өткенді жаңғырту, одан өнегелі тәрбие алу – кезек күттірмес мәселе болса, кенттік клуб үйінің бұл бағыттағы да іс-шаралары жетерлік. Олардың қатарынан қазақ қауымына танымал белгілі жыршы Көшеней Рүстембекұлының 75 жылдығын атап өтуге арналған «Қазақтың күміс көмей Көшенейі» атты облыстық жыршылар фестивалі жырсүйер көрерменін бір серпілтіп тастаса, Төретам кентіне еңбегі сіңген белгілі азаматтар Сисен, Мақшат Үйрековтерді еске алу мақсатында ұйымдастырылған «Парасаттың биігін бағындырған...» атты облыстық жазба ақындар мүшәйрасы елдің ықыласына бөленді. Жыр бәйгесінің алғашқы сөзін кент әкімі Ғалымжан Елеусінов алып, жас ақындарға сәттілік тіледі. Байқауға кент ардегерлері алқасының төрағасы Смағұл Аралбаев, Ахметкүл Аралбаева аға-апаларымыз бен танымал ақын Сырым Әділбековтер қазылық еткен. Қорытындысында бас жүлдені Әли Асқар иеленсе, Талғат Күзембаев 1 орын, Жамбыл Бақытәлі 2 орын, Бақтөре Айтбаева мен Нұрай Өркенбекқызы 3 орыннан көрінген.
Аудандық мәдениет үйінің жыл көлемінде жүргізген ауқымды іс-шарасының бірі – «Бестің шәйі» бағдарламасы. Осы бағдарламаға Төретам кенті өнерпаздары да белсенділік танытып, ауылдың тыныс-тіршілігін кеңінен насихаттағаны үшін «Жаңашыл бағыт» номинациясына ие болғаны да ұжым мүшелерінің ауызбірлігі мен өнерге деген адалдығы деп ұғуға әбден болады.
Биылғы жылы да клуб үйінде көптеген мәдени шаралар өтіп, елдің алғысына кенелуде. Солардың бірқатары – «Отты жылдар тарихы сыр шертеді» тақырыбымен ауған соғысы ардагерлерімен кездесу кеші, кент өнерпазы Мұхит Темірхановтың онлайн түрдегі «Сырлы әуен» атты ән кеші, 1 наурыз – «Алғыс айту» күніне арналған «Рахмет саған, туған ел» атты бейнеролигі, 8 наурыз – халықаралық әйелдер күні қарсаңында «Ақ босаға» атты аймақтық келіндер байқауы, 22 наурыз – Ұлыстың Ұлы күні мерекесіне орай «Армысың, әз Наурыз» атты мерекелік бағдарламасы сөзімізге дәлел. Одан өзге «Күлкі – витамин» атты әзілкештердің құттықтауы, Тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтың 75 жылдық мерейтойына арналған «Ғарышқа саяхат» атты жас суретшілер көрмесі, ғашықтар күніне арналған Бақтияр Сабырбаевтың «Жүрегің жүрегіммен егіз бе еді?...» атты лирикалық ән кеші, Отан қорғаушылар күніне орай тағзым алаңында гүл қою рәсімі, Ұлы Жеңіс күнімен құттықтау үшін жазба дайындалып, әлеуметтік парақшада жариялануы, саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мақсатындағы кент әкімі мен кент ардагерлерімен кездесулері – ұшқыр ой мен талмас еңбектің нәтижесі екені анық. Ерекше атап өтерлігі, кенттік клуб үйінің ұйымдастырған іс-шараларының әралуандығы қызықтырады. Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған мерекелік бағдарламада клуб үйі алаңында кәсіпкерлердің қолдауымен тегін батут қойылып, балмұздақ таратылса, алаңға сурет салу, бисер тоқудан шеберлік сағаттары мен байқаулар өткен. Көрермен залында клуб үйінің үйірме мүшелерінің дайындауымен концерт тамашаланып, ертегі қойылымдары жол тартқан. Қайырымдылық – адам баласын қашанда игілікке, адамгершілікке, имандылыққа шақырған. Айтулы клуб үйінің қолдауымен, Байқоңыр өнер ұжымының ұйымдастыруымен болған қайырымдылық концерті де тыңдарманның жүрегіне жетіп, жоғары бағасын алған.
– Жас өнерпазды шыңдайтын түрлі байқау болса, төретамдық жас өнерпаздардың да сахнаға бейімделіп, елдің алдында қошеметке бөленуінде клуб үйі қызметкерлерінің еңбегі еселі. Дарындыларды даралап, бәйгеге қосуда «Бозторғай» балалар шығармашылығына арналған байқауға клуб үйінің жанынан құрылған «Ай-Назым» және «Шалқыма» би тобы мен «Гаухартас» би тобы хореография жанры бойынша қатысып, облысқа жолдама алса, «Көркем сөз» жанры бойынша Аяулым Телжан да облысқа жолдама алғанның қатарынан табылды. «Аспапта орындау» жанры бойынша Ислам Бақытбергенов пен Абзал Асылбекұлы да облыстық байқауға жолдама ұтты. Мәдени ұжым аудандық байқаулардың жүлдегер, жеңімпазы болуымен қатар, облыстық деңгейде де биіктен көрініп жүрген жайы бар. «Бозторғай» балалар шығармашылығына арналған байқаудың облыстық кезеңінен «Гаухартас» би тобы 3 орынға ие болса, Ғани Мұратбаевтың 120 жылдығына арналған «Замана заңғары – Ғани» атты облыстық әншілер байқауында клуб үйінің сүйемелдеушісі Мұхит Темірханов «Жігерлі ән» номинациясымен марапатталды. Сондай-ақ осы байқаудың қылқалам шеберлерінің фестивалінде Мақсат Нәби 3 орынды олжалап, мерейі үстем болды. Жуырда ғана өткізілген облыстық «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қорытындысында Бердібаевтар отбасы «Өнегелі отбасы» номинациясын жеңіп алып, облыс көлеміне өрелі өнегесімен танылды. Иә, мұның бәрі ел мәдениетінің мәртебесін арттыру мақсатында атқарылып жатқан үлкен шығармашылық еңбектердің бір парасы ғана. Рухани жаңғыру жолындағы болашақ бағдары айқын, мемлекет қолдауына ие бірден-бір тіректі кіндік жердің төсіндегі Төретам елінің жарқын жаңалықтары мен қолға алған игі бастамалары алдағы уақытта да осылайша өз жалғасын таба береді, – дейді клуб үйінің директоры Ақмарал Бақбергенқызы.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК
15 тамыз 2022 ж. 550 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№31 (10296)

20 сәуір 2024 ж.

№30 (10295)

16 сәуір 2024 ж.

№29 (10294)

13 сәуір 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930