» » Берекесі тасыған Бердібаевтар отбасы

Берекесі тасыған Бердібаевтар отбасы

Халық – көптің аты. Осы көптің бәрі көзге бірдей көрінгенімен, талдай, талғай келе бәрінің тек бір қарағанда бірдей болып көрінетініне көз жеткізесіз. Шыны да сол көпшіліктің арасында қарапайым қоңыр тіршілігімен-ақ елдің алдына шығып, өнегесі болып жүрген отбасылар аз емес. Өткен жылы Төретамға жолымыз түскенде сондағы құрметті отбасының бірі – Бердібаевтардың шаңырағында болып, ата мен әженің ақ батасына алақан жайғанымыз бар. Қуаныштысы сол, сол отбасы биылғы "Мерейлі отбасы" Ұлттық жобасының облыстық кезеңінде "Өнегелі отбасы" номинациясын жеңіп алып, аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың қолынан марапат пен қаржылай сыйлыққа ие болып отыр.
Алдымен Бердібаевтардың ғана емес, бүкіл ағайын-туысының иесі мен киесі болып отырған Мұса әкеміз жайында әңгімелеп өтсек. Мұса Сартайұлы 1940 жылы Әйтеке би кентінде туып-өскен. Үш жыл қатарынан әскери борышын өтеген. Отан алдындағы міндетін атқарып келген соң оқуға ден қойып, кәсіптік-техникалық училищеден машинистер даярлайтын факультетте білім алады. Сөйтіп жас жігіттің еңбек жолы темір жол саласында тепловоз машинисінің көмекшісі болудан басталады. Бұл уақыт Төретам темір жолының қызып тұрған шағы болатын. Саланы жетік білетін мамандар керек болды. Осындай сұраныспен жұмыс ауыстырған Мұса Сартайұлы он екі жыл бойы тапжылмастан Қазалы мен Төретамның ортасында қатынап жұмыс істеген. Көрші ауылға көшіп келу де оңай болмапты. Үйренісіп қалған ағайын-тума, көрші-көлем, жора-жолдаспен жақсы араласқаны соншалық, көшіп кетуге қимаған кездері де болған екен. Бірақ жұмыстың аты, жұмыс. Еңбек ету керек. Жұмысын жалғастыра жүріп дүниежүзіне әйгілі Байқоңыр ғарыш айлағында мотовозбен зымыранды ұшыру алаңына жеткізіп беріп отырған. Содан міне, 1976 жылы Төретамға көшіп келгеннен бері күні бүгінге дейін осы кенттің тұрғылықты тұрғындары. Осы жерде көктеп-көгеріп, осы жерде ұл-қыздары өсіп-өнді.
Темір жолда ұзақ жылдар еңбек еткен М.Бердібаев 1995 жылы, яғни елу бес жасында зейнеткерлік демалысқа шығып, төретамдықтардың рухани байлығын, оның ішінде имандылық жағынан сауатын арттыруға көп еңбек сіңіріп, мешітте молдалық етеді. Жан-жақтан көшіп келген тұрғындарымен ерекшеленетін кентте игі істердің бастамашысы және ұйытқысы бола білді. "Мүсірәлі сопы" атындағы мешітте жиырма жылға жуық уақыт қызмет етіп, жамағатқа пайым-парасатымен ағалық ақылын айтып, рухани-діни құндылықтарға баулыды. Елдің құрметіне бөленген азамат мұнан соң он жеті жылдай ауыл ақсақалдарының басын қосып, елдік мұраттарға жетелейтін істерге араласады.
"Ол кезде діннің арамызға оралып жатқан тұсы болатын. Ауылдың атқамінер азаматтары мешітке орын ашып берді. Мен теміржолда жұмыс істеп жүргенімде-ақ дінге бет бұрған едім. Талай рет тепловоздың ішінде намаз оқыдық қой. Молдалықпен қатар, Қарасақал руындағы екі жүз түтінге отыз жылдай ағалық қызметімді арнадым" деп еске алады ақсақал бүгінде еңбегінің жемісіне риза болып.
Өмірі өнегеге толған еңбек ардагері бірқатар марапаттардың иегері. Атап айтар болсақ, Байқоңыр ғарыш кешенінің дамуына қосқан үлесі үшін «Еңбек. Абырой. Құрмет» төсбелгісімен және КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының "Еңбек ардагері" медалімен наградталған. Әулетінің киесі де, иесі де өзі болып отырған Мұса Сартайұлы мен оның жанжары Шамшат анамыздың отау құрғандарына асқаралы алпыс жылдан асқан екен. "Екі жақсыны құдай қосады" демекші, дүниеге алты бала әкелген ерлі-зайыптылардан бүгінде бір қауым ел тараған. 35 немере мен 20 шөберенің атасы мен әжесі өздерін бақытты жандар санайды.
Шамшат анамыз да темір жолда ширек ғасыр оператор қызметін атқарған. "Ол кезде уақытпен санаспай түнімен жұмыс істейтінбіз. Бастысы – нәтижесі деген ұстаным болды" дейді ол сөз арасында еңбек жолына тоқталып. Дегенмен денсаулығы сыр беріп, бармаған жері, баспаған тауы қалмайды. Дәрігерден шипа болмаған соң қазақы дәстүрмен намазға жығылып, емшілікке бет бұрады.
"Бүгінде балаларымыздың бәрін қанаттандырдық. Ұлды – ұяға, қызды – қияға қондырдық. Қазір қолымызда үш келініміз бар. Аллаға сансыз шүкір" дейді көпбалалы ана, "Күміс алқа" иегері мейірлене сөйлеп.
Жалпы Бердібаевтар әулетіне айналасы құрметпен қарайды. Өсіп-өнген отбасының перзенттері ел экономикасы мен әлеуетінің артуына аянбай еңбек сіңіруде. Отбасының үлкені Гүлнар балабақшада тәрбиеші болып істеп, зейнетке шықса, Ажар орталық кітапхананың қызметкері. Одан соңғы Манар бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша бітірген. Ол да балабақшада абыройлы еңбек етіп жүр. Әміре көлік жүргізушісі болса, Әмірхан байланыс торабының механигі. Жанұяның кенже баласы Еркебұлан күзет қызметінде. Бәрі де жанұяларының тірегі, ұйытқысы болып отырған жайы бар. Олардан тараған ұрпақ та түрлі салада жұмыс істеп, ата-әжеден алған үлгі-өнегесімен өмірден өз орындарын табуда.
Мақала жазу барысында осы әулеттің қызы Манар Мұсақызымен сұқбаттасудың сәті түскен болатын.
– Әкемді анасы Ақжарқын әжем жалғыз өзі тәрбиелеп өсіріп жеткізген. "Баламды ертелі- кеш арқама таңып алып, масақ теруші едім. Сол масақтан үйге келгесін әкелеріңе ботқа пісіріп беріп, аман-есен жеткіздім" деп отыратыны бала болсам да есімде қалыпты. Әжеміз көзі көрмейтін зағип жан еді. Жанары солса да көңілі ояу, жаны сергек, намаз оқитын діндар кісі болды. Құрма сүйегінен жасалған тәспісін күні бойыға санап отырғаны көз алдымда. Сол кездегі қиын-қыстау заманды, алмағайып кезеңдерді тасқа басқандай етіп суреттеп әңгімелеп айтып отыратын. Әжем тоқсанға қараған шағында дүниеден өтті. Соған дейін біздерге өсиет-ақылын айтудан шаршаған емес, – дейді ол асыл әженің бейнесін көз алдына әкеліп.
– Әкемізді ел сыйлап құрметтейді. Ауылда өтетін жиналыстардан қалдырмай шақырады. Әкеміз бізді өтірік айтпау, біреуді сыртынан ғайбаттамау, ұрлық істемеу секілді жат әдеттерден бойымызды әркез аулақ ұстауымызды өсиет етіп келеді. Анамыз елу жасында зейнеткерлік демалысына шықты. 1990 жылдан бастап халық емшілігімен айналысады. "Халық емшісі" деген дәрежесі бар. Дертіне шипа іздегендер үйіміздің іргесінен толастамайтын. Анамыздың атына алғысын айтып жазған аналардың жылы лебіздері бірнеше қалың дәптерді құрайды, ол жазбалары оттың басында сақтаулы. Бір уақытта бала қараған да кезі болды. Ол кісі "Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет" дегендей, абысындарының алдынан кесе өтпей, келіндік қызметін адал атқарған жан. Үш ұлынан үш келін тәрбиеледі. Әміре бауырыма айтар алғысымыз шексіз. Келіншегі Айжамал екеуі ата-анамызды алақанына салып, аялап бағып отыр. Әміренің де екі ұлы үйленген, бәрі бірге тұрады. Әкеміздің елге еткен еңбегін ескеріп, Байқоңырдың қала әкімшілігі 80 жасқа толған мерейтойында пәтер кілтін тапсырды. Ата-анамыздың парасаты туралы айтып тауыса алмаспын. Біздерге берген ақыл-кеңесі зор. Еңбек еткен адамның мерейі үстем болатынын, жалқаулықтың адамзат баласы үшін қас-жауы екенін ұғындырып өсірген әкеміз имандылық, адамгершілік қасиеттерді бойымызға екті. Балалары да бес уақыт намазын оқып, ел-халықтың тілеуін тілеудеміз. Біздер де ұрпақ сабақтастырып, бала-шағамызға жақсы тәрбие беруге тырысып келеміз, – дейді ризалық сезімін білдірген отбасы перзенті.
"Көргені жақсы көш бастайды" деген қазақта аталы сөз бар. Облыстың қаншама мерейлі отбасылары қатысқан кіл мықтылардың сайысында арасынан суырылып шығып, "Өнегелі отбасы" номинациясын жеңіп алған Бердібаевтар әулетімен қалай мақтансақ та жарасады. Себебі елдің елдігін сақтап, көшін өрге домалататын мінекей, осындай өнегелі отбасылар екеніне сөз жоқ.
Сәрсенкүл АҚКІСІ
07 тамыз 2022 ж. 369 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№32 (10297)

23 сәуір 2024 ж.

№31 (10296)

20 сәуір 2024 ж.

№30 (10295)

16 сәуір 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930