» » Аудан әкімінің ауыл халқымен кездесуі басталды

Аудан әкімінің ауыл халқымен кездесуі басталды

«Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» ҚР Президентінің жарлығына сәйкес аудан әкімі Әділбек Ерсұлтановтың 1-5 тамыз аралығындағы кент, ауылдық округтердегі тұрғындармен кездесуі бастал- ды. Кеше аудан басшысы Т.Көмекбаев, Қуаңдария, Алдашбай ахун, Дауылкөл ауылдық округтерінде болды.
Кездесу Т.Көмекбаев ауылдық округінде басталды. Алдымен аудан әкімі Ә.Бөрібайұлы ауылдың ақ баталы ақсақалы, тыл ардагері Серікбай Шамшатов ата мен Базаш Ибраева анамыздың отбасына арнайы ат басын бұрып, облыстық «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына қатысып, «Үлгілі отбасы» атанған жанұяға ізет-ілтипатын білдіріп, құттықтауы мен сый-құрметін жасады. Одан соң ауылдағы абаттандыру жұмыстарының барысымен танысқан аудан әкімі ауылдық клуб үйінде тұрғындармен кездесті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы жылғы 3 наурыздағы No826 Жарлығына сәйкес өздеріңізбен кездесуге келіп отырмын. Бұған дейін, үстіміздегі жылдың мамыр айында өздеріңізбен кездесіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму барысы мен алдағы міндеттер туралы айтып өткен болатынмын. Ендігі кезекте, ауданның негізгі көрсеткіштері мен атқарылып жатқан жұмыстары туралы қысқаша тоқталып өтейін, – деген ол атқарылған ауқымды жобалар жайына ойысты.
Жалпы Т.Көмекбаев ауылдық округінде биыл негізгі екі ірі жоба жүзеге асырылады. «Қарақ және Қоңыраулы- көлдей» су тоспасының құрылысына облыстық бюджеттен 113,1 млн теңге, ауылдағы су қабылдайтын құрылғыны қайта құру жобасына 253,4 млн теңге қаржы бөлініп, облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасы арқылы мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Мемлекеттік сатып алу қорытындылары тамыз-қыркүйек айында шығады. Бұдан бөлек, 2,5 млн теңгеге 1 дана электр трансформатор сатып алынған. Ауылдағы аллеяға Арка орнату, спорт алаңына жөндеу жұмыстары толығымен аяқталып, пайдалануға берілген. Сондай-ақ, ауылда жаңадан балабақша мен клуб үйін салу туралы сұранысқа сәйкес аудандық бюджеттен тиісті қаржы бөлініп, 100 орындық клуб үйі құрылысының жоба сметалық құжаттары әзірленіп, сараптама қарауына ұсынылуда.
– Облыстық бюджеттен 2,1 млн теңгеге қаржы бөлініп, No18 «Қуаныш» балабақшасының жылу қазандық ғимаратының құрылысына жобалық сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілуде. Ауылда тіркелген кәсіпкерлік субъектілер саны – 43, оның ішінде жұмыс жасап тұрғандары – 39. Осы ретте, ауыл тұрғындарының барлығын бірдей бюджеттік сала мекемелеріне жұмыспен қамту мүмкін емесін ескеріп, мемлекеттік бағдарламалар арқылы жеңілдетілген несиелер не гранттар алып, кәсіппен айналысуға шақырамын. Ол үшін сіздерге ауыл әкімі мен аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі, кәсіпкерлер палатасы жан-жақты қолдау көрсетуге дайын, – деді аудан басшысы кездесуде.
Ауыл тұрғындары еккен жалпы егіс көлемі 25 гектарды құрапты. Сонымен қатар ауылда 1474 бас МІҚ, 1768 бас жылқы, 846 бас түйе, 7570 бас уақ мал тіркелген. Аудандағы төрт түлік мал басы санының өсуіне байланысты жайылымдық жерлердің жетіспеушілігін болдырмау мақсатында елді мекендерден шалғай орындардағы көне су ұңғымаларын тазарту арқылы, қайта іске қосу үшін 26 су ұңғымасы құжаттандырылып ұсынылған. Оның ішіндегі 7 су ұңғымасы Т.Көмекбаев ауылдық округінің аумағында.
Ал «Ақжар – Тұрмағамбет – Т.Көмекбаев» автомобиль жолының бойындағы Қуаңдария ауылына кіреберіс және Т.Көмекбаев ауылы бағытында жол бойындағы көпірге жөндеу жұмыстары мен шлюз салуды қажет етеді. Тиісті жұмыстарды атқаруға бүгінгі таңда демеушілермен келіссөздер жүргізілуде. Аудандық маңызы бар «Самара – Шымкент – Ақжар – Тұрмағамбет – Көмекбаев» автомобиль жолының күрделі жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 239,1 млн теңге қаржы бөлінген. Қазіргі таңда мердігер мекеме «Қыран» ЖШС- мен келісімшарт жасау мүмкіндігі болмауына байланысты, қосымша шаралар қабылданып жатыр.
– Аталған мәселе облыс әкімінің жанындағы кеңесте қаралып, хаттамалық шешімінің 36 тармағында қаралған қаржыны орташа жөндеу жұмыстарына қайта бағыттауға тиісті шаралар атқарылуда. Бүгінгі күні жобаға қосымша жұмыстар анықталуына байланысты өзгерістер енгізіліп, сараптама қарауына қайта ұсынылды. Алдағы уақытта Облыстық бюджеттік бағдарлама әкімшілерінен келісім алынып, мемлекеттік сатып алу рәсімдері ұйымдастырылатын болады, – деді аудан әкімі.
Ал ауыл көшелеріндегі жарықтандыру бағаналарын күтіп ұстауға аудандық бюджеттен 1,5 млн теңге бөлініп, күтіп-ұстау жұмыстары жүргізілуде. Тұрғындар тарапынан зейнетақыны көбейту, балабақша салу, аяқ су мәселелері бойынша сұрақтар қойылды.
Кездесу Қуаңдария ауылдық округінде жалғасты. Алдымен аудан әкімі ауылдағы жаңадан салынып жатқан клуб үйінің құрылысын көрді.
Одан соң ауыл тұрғындарымен кездесіп, бірнеше жұмыстардың легіне тоқталды.
– Қуаңдария ауылында 100 орындық клуб құрылысы жүргізілуде. Биыл құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде. Ауылдық округ бойынша тіркелген кәсіпкерлік субъектілер саны – 40, оның 39-ы жұмыс жасап тұр. Осы ретте, ауыл тұрғындарын мемлекеттік бағдарламалар арқылы жеңілдетілген несиелер немесе гранттар алып, кәсіппен айналысуға шақырамын, – деді аудан басшысы.
Қуаңдария ауылының тұрғындары еккен жалпы егіс көлемі 25 гектарды құрайды. Мұнда 1419 бас МІҚ, 564 бас жылқы, 439 бас түйе, 1417 бас уақ мал тіркелген. 12 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Ауданда елді мекендерден шалғай орындардағы көне су ұңғымаларын тазарту арқылы, қайта іске қосу үшін 26 су ұңғымасы құжаттандырылса, оның ішіндегі 10 су ұңғымасы Қуаңдария ауылдық округінің аумағында. Ауылға биыл 12,1 млн теңгеге су айдау насосы алынып, тұрақты жұмыс жасап жатыр.
Кездесуден соң аудан әкімі тұрғындарды жеке қабылдады. Онда Маратбек Өмірбаев балалар қауіпсіздігі үшін жол кедергісін қоюды сұраса, жастар тәжірибесімен келген мұғалім Қуандық Алмаханов ауылдағы мектептен тұрақты жұмыс болса екен деген ниетін айтты. Ал Гүлзира Алдамжарова тұратын көшеде жарық жиі өшеді екен. Әсіресе, салқындатқыш, пеш секілді электр қуатын қажет ететін құрылғыларды қоса алмайды. Осындай шағымымен келген ол аудан әкімінен жарық бағанасын қайта жасап беруді сұрады. Өз кезегінде Әділбек Ерсұлтанов арнайы мамандарға тапсырып, қазан айына дейін бұл тілектің орындалатынын тілге тиек етті.
Одан соң аудан басшысы Алдашбай ахун ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті.
– Алдашбай ахун ауылындағы су қабылдайтын құрылғыны қайта құру жобасына 229,7 млн теңге қаржы бөлініп, облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасы арқылы мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Қорытынды тамыз-қыркүйек айында шығады деп жоспарлануда. Белгілі болғанда құрылыс жұмыстары басталады. Ауылдық округ жаңадан балабақша және клуб үйін салуды қажет етеді. Осы мәселені шешу үшін 100 орындық клуб үйі құрылысының жоба сметалық құжаттарына 6,9 млн теңге қаржы бөлініп, құжаттары әзірленуде, – деді аудан әкімі. Ауылда кәсіпкерліктің жайы да жақсы. Мәселен, 39 адам кәсібін ашып, дөңгелетіп отыр. Оның ішінде ауыл тұрғыны Рүстем Оңайсынов жылқы шаруашылығын дамыту мақсатында 7,5 млн теңге жеңілдетілген несие алыпты. Сондай-ақ ауылда жеке кәсіпкерлермен жабынды астында 13 гектар қауын-қарбыз, «Майлыөзек» ЖШС-мен 375 гектар жоңышқа егілген. Мұнда 995 бас МІҚ, 394 бас жылқы, 3890 бас уақ мал тіркелген. 3 шаруа қожалығы, 2 жеке шаруашылық серіктестігі жұмыс жасай- ды. Сонымен қатар ауылдағы Ә.Егізбаев, Омар Шораяқұлы және Түпбөгет көшесін ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін ЖСҚ әзірленіп, былтыр облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына бюджеттік өтінім өткізілген. Биыл ауылға жаңадан 3 дана су айдау насосы алынып беріліпті.
Кездесуден соң Әділбек Ерсұлтанов ауыл тұрғындарын жеке қабылдады. Оның ішінде Қартабек Айтмаханов ауылдағы спорт алаңына жөндеу жүргізсе деген ниетін айтты. Тәуелсіздік көшесіне орташа жөндеу жұмысын жүргізуді сұрады. Аудан әкімі алдағы уақытта бұл мәселе шешімін табатынын жеткізді.
Аудан әкімінің ауыл тұғындарымен кездесуі Дауылкөлде жалғасын тапты. Мұндағы демеушілік есебінен салынған спорт алаңымен танысқан соң ауылдық клуб үйінде тұрғындармен кездесті.
– Облыс әкімі тапсырмасына сәйкес, Дауылкөл ауылдық округінде 1 балалар ойын алаңы салынып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар, биыл Тұрмағамбет ауылына дәрігерлік амбулатория құрылысының жоба-сметалық құжаттамасына облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, құжаттама әзірленді. Жобаның жалпы құны 436,7 млн теңгені құрады. Алдағы уақытта жоғары тұрған бюджеттерден қаржы сұратылып, жұмыстар атқарылатын болады, – деді Ә.Бөрібайұлы.
Тұрмағамбет ауылы тындырымды тірлігімен көпке үлгі. Оны біз көкжиегі кеңейген кәсібінен аңғарамыз. Мұнда 77 кәсіп қолға алынып, нәсібін көріп отыр. Ал ауыл тұрғындары еккен егіс көлемі 10 гектарды құрапты. Оның ішінде картоп – 3 гектар, көкөніс – 1 гектар, бақша өнімдері – 6 гектар. Бұдан бөлек, «Тұрмағамбет» ЖШС-мен 2870 гектар егін егілген. Онда 1400 га күріш, 30 га бидай, 237 га мақсары, 10 га картоп, 5 га көкөніс, 12 га бақша, 1176 га жоңышқа егіліпті. Мал шаруашылығы да тоқтап тұрған жоқ. Мұнда 3139 бас МІҚ, 649 бас жылқы, 6803 бас уақ мал тіркелген.
– Дауылкөл ауылдық округіндегі Ә.Құланбаев көшесінің күрделі жөндеу жұмыстарына жобалық-сметалық құжат әзірленіп, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды. Сонымен бірге Сыр сүлейі, ақын Тұрмағамбет Ізтілеуұлының 140 жылдығын кең көлемде атап өту де жоспарлануда. Аудан орталығында республикалық деңгейдегі айтыс және жыраулар фестивалі ұйымдастырылатын болады. Мерейтой аясында облыстық жыраулар фестивалі, ақындар айтысы, оқушылар арасындағы Т.Ізтілеуов өлеңдерін мәнерлеп оқу жарысы өткізіледі. Бұл бағытта аудандық бюджеттен 5,0 млн теңге қаржы қарастырылған, – деді аудан әкімі.
Кездесуде ауыл тұрғындары тарапынан сұрақтар қойылды. Оның ішінде аяқ су мәселесі қозғалды. Сонымен қатар ауылда амбулатория қашан салынады деген сауал да жолданды. Аудан әкімі бұл мәселелердің шешімі табылатынын алға тартты. Одан соң аудан басшысы ауыл тұрғындарын жеке қабылдады.
Айта кеткен жөн, Сырдария өзенінің арғы бетінде орналасқан Төребай би, Иіркөл, Дүр Оңғар, ІІІ Интернационал, Ақтөбе, Ақжар, Тұрмағамбет, Алдашбай ахун, Қуаңдария және Т.Көмекбаев ауылдарын табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында «Жаңажол» ЖШС демеушілігімен жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.
Аудан әкімінің ауыл халқымен кездесуі барысында аудандық мәслихат хатшысы Әділ Қошалақов бірге болды.
Айнұр ӘЛИ
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ (суреттер)

02 тамыз 2022 ж. 560 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 227

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 333

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930