Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы бейнебайланыс режимінде өтті. Іс-шараға Премьер-министр Әлихан Смайылов, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, Үкімет мүшелері, облыстардың, НұрСұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдері, орталық мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың басшылары қатысты.
Мемлекет басшысы еліміздің күрделі геосаяси сын-қатерлерге қарамастан, бірқалыпты дамып келе жатқанын атап өтті. Биылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша экономика 3,4 пайызға, ал нақты сектор 4,1 пайызға өскен. Әсіресе, өңдеу өнеркәсібі саласында айтарлықтай ілгерілеу бар.
– Инфляция бір орында тұрған жоқ. Қазір бұл көрсеткіш 14,5 пайызға жетіп, 2015 жылғы деңгейден асып түсті. Бірінші жартыжылдықта экономикамыз қалпына келді. Бірақ халықаралық институттар Қазақстанның ішкі жалпы өнімі биыл 2 пайызға ғана өседі деп болжап отыр.
Бұған дейін олар өсім 3,7 пайыз болатынын айтқан еді. Сондықтан Үкімет ел экономикасының орнықты дамуын қамтамасыз етуге тиіс. Ең бастысы, азаматтардың нақты табысын арттыру қажет, – деді Президент.
Отырыс барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет мүшелері мен өңірлер әкімдерінің назарын халықты алаңдатқан бірқатар өзекті мәселені шешу қажеттігіне аударды. Президент инфляцияны және азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру, азаматтардың табысын арттыру және адами капиталды дамыту, ақша-несие және салықтық-бюджет саясатын жетілдіру, экономиканың нақты секторына қолдау көрсету, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, автожол инфрақұрылымын дамыту сияқты мәселелер бойынша нақты міндеттер жүктеді.
Мемлекет басшысы Премьер-министр Әлихан Смайыловтың және Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматовтың баяндамаларын тыңдап, Үкімет жұмысының нәтижесіне орташа баға берді.
Президент министрлер мен әкімдерге, ведомстволар мен ұлттық компаниялардың басшыларына жұмыс қарқынын барынша күшейтіп, жаңа әдістер мен тың идеяларды пайдалану қажет екенін айтты. Сонымен қатар оларға еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар міндет жүктеді.
Жиын барысында Мемлекет басшысы Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановқа, Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевке, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевке сөгіс жариялады, сондай-ақ Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусинге ескерту жасады.
akorda.kz