» » Үкіметтің басты міндеті – халықтың әл-әуқатын арттыру

Үкіметтің басты міндеті – халықтың әл-әуқатын арттыру


8 АҚПАНДА ПРЕЗИДЕНТ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВТЫҢ ТӨРАҒАЛЫҒЫМЕН БЕЙНЕБАЙЛАНЫС РЕЖИМІНДЕ ҮКІМЕТТІҢ КЕҢЕЙТІЛГЕН ОТЫРЫСЫ ӨТТІ. ЖИЫНҒА ПРЕМЬЕР-МИНИСТР ӘЛИХАН СМАЙЫЛОВ, МЕМЛЕКЕТТІК ХАТШЫ ЕРЛАН ҚАРИН, ПРЕЗИДЕНТ ӘКІМШІЛІГІНІҢ БАСШЫСЫ МҰРАТ НҰРТІЛЕУ, ҮКІМЕТ МҮШЕЛЕРІ, ОБЛЫСТАР МЕН НҰР-СҰЛТАН, АЛМАТЫ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛАРЫНЫҢ ӘКІМДЕРІ, ОРТАЛЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАРДЫҢ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ КОМПАНИЯЛАРДЫҢ ЖЕТЕКШІЛЕРІ ҚАТЫСТЫ.
Мемлекет басшысы жиында сөй­леген сөзінде еліміздің был­тырғы әлеуметтік-экономи­калық дамуы қорытындыланып, биылғы жоспардың талқылана­тынын атап өтті.
– Өткен жылы ел экономикасы 4 пайызға өсті. Өңдеу өнеркәсібі 5,5, құрылыс индустриясы 7,6 пайызға артты. Қызмет көрсету саласында оң үрдіс бар. Сауда-саттық 9,2, көлік саласы 3,6 пайызға артты. Дегенмен, инфляция межелі деңгейден асып кетті. Бұл көрсеткіш 8,4 пайыз болды. Өкінішке қарай, қаңтар оқиғалары қалыпты өмірімізді түбегейлі өзгертті. Заңсыз әрекеттердің салдарынан көптеген азаматтарымыз зардап шекті. Шағын және орта бизнес өкілдері шығынға ұшырады. Қазіргі мәліметтер бо­йынша бизнес­ке 100 миллиардтан астам теңге көлемінде залал келді, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев елі­міз­­дің пандемияға, іскерлік бел­сен­діліктің төмендеуіне және ұлттық қауіп­сіздікке төнген сын-қатерлерге байланысты күрделі кезеңді бастан өткеріп отырғанына назар аударды.
– Біз осындай қиын жағдайда ел бірлігінің арқасында мем­лекетіміздің қауіпсіздігін, тіпті тұтастығын сақ­тап қалдық. Қазір Үкіметтің басты міндеті – халықтың әл-ауқатын арттыру, азаматтардың табысындағы алшақтықты азайту және еңбек етуге қолайлы жұмыс орындарын ашу. Бәріміз елдің игілігі үшін қызмет етуге тиіспіз, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің пікірінше, халық­тың табысын арттыру және теңсіздікті азайту басым міндеттің бірі.
– Қазіргі таңда 1 миллионға жуық адамның табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне де жетпейді. Бұл – соңғы 10 жылдағы ең нашар көрсеткіш. Қазіргі уақытта менің тапсырмам бойынша Халықтың табысын арттыруға арналған бағдарлама әзірленіп жатыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы инфляция­ны ауыздықтау мәселесін екінші міндет ретінде атады.
– Сауда-саттықтағы тиімсіз делдалдыққа тоқтау салатын кез келді. Мысалы, 3 миллион адам тұратын Алматы қаласы мен оның төңірегіндегі елді-мекен тұрғындары тұтыну тауарларын көбіне «Алтын орда» базарынан алады. Алматы облысы мен Алматы қаласының әкімдеріне Үкіметпен бірлесіп, базарды тексеруді және тәртіп орнатуды тапсырамын. Бұл жер пайдакүнемдер үшін нағыз майшелпекке айналған. Бұған Алматыдағы қаңтар оқиғасы кезінде анық көз жеткіздік. Бұл – басқа өңірлерге де қатысты мәселе. Қажет болса, бұл жұмысқа құқық қорғау органдары атсалыссын. Екі ай уақыт беремін, – деді Президент.
Мемлекет басшысы экономиканы өркендету үшін қосымша қаражат қарастыру міндетіне де тоқталды.
– Еркін экономикалық аймақ­тар­дың көпшілігі инвестиция әкелу үшін тиімді бола алмады деп мен бірнеше рет айттым. Жарты триллион теңгеге жуық ауқымды салықтық ынталандыру топтамасына қарамастан жағдай осындай болып тұр. Нәтижесінде не таптық? Соңғы үш жылда еркін экономикалық аймақтарда өндірілген тауар көлемі ішкі жалпы өнімнің 1,5 пайызынан аспайды. Ал экспорттың үлесі жалпыелдік өнімнің 0,1 пайызын ғана құрайды. Осы мәселені реттейтін кез келді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Үкіметке бір айдың ішінде заңға өзгеріс енгізуден бастап, барлық қажетті шараны қабылдауға, соның ішінде іштен және сырттан инвестор тартуға тапсырма берді.
Президент утилизациялық алым мәселесіне де тоқталды.
– Утилизациялық алым бойынша барлық қаражат мемлекет пайдасына түседі деп шештік. Ендігі мәселе – мөлшерлеме деңгейін анықтау. Жұмыс тобы осы мәселені қызу талқылап жатыр. Бірден айтайын, утилизациялық алым қайта қаралады. Бірақ шектен шықпаған жөн. Автоөнеркәсіпті дамытуға жұмсалған ақшаны желге шашудың, ескі автокөліктерді сырттан әкеліп, қалдықтан нарық ашудың қажеті жоқ. Утилизациялық немесе тіркеу алымы түпкі мақсат емес. Бастысы – тұтынушылар үшін автокөліктер мен ауыл шаруашылығы техни­касының қолжетімділігін қам­тамасыз ету. Өндірушілер мен дистрибьютерлер тарапынан әрекет болады деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент жалдамалы тұрғын үйді субсидиялау жөніндегі бас­тамасын тездетіп жүзеге асыру қажеттігіне де баса мән берді. Бұл бастама өткен жылы іске қосылуы керек еді.
– «Отбасы банк» пен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі субсидия алатындар мен жылжымайтын мүлікті жалға берушілер тіркелетін арнайы цифрлық платформаны әзірлеуге тиіс. Азаматтар өздерінің қажеттіліктеріне сәйкес әкімдіктер немесе құрылыс компаниялары айтқан жерден емес, өздері қалаған жерден тұрғын үй таңдай алады. Әлеуметтік жағдайы нашар топтар үшін жалға алу шығынының 50 пайызы мөлшеріндегі субсидия мемлекеттен төленеді. Тұрғындар отбасылық бюджеттің артылған ақшасын азық-түлік, білім алу, медицина және тағы басқа қажеттіліктеріне жұмсай алады. Осы жүйе бойынша өтінімдерді қабылдау мерзімін биылғы 1 мамырдан кешіктірмеуді тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.
Отырыс барысында агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселесіне баса мән берілді.
Президент соңғы 5 жылда ауылшаруашылығын дамытуға 2 триллион теңгеден астам қаражат бөлінгенін еске салды. Алайда, оның айтуынша, субсидия қанша өссе де, бұл салада ауыз толтырып айтатын өзгеріс болған жоқ.
– Субсидия түпкі иесіне жетпей, орта жолда талан-таражға түсуде. Тіпті, ауыл шаруашылығына еш қатысы жоқ салалар да оның қызығын көруде. Соңғы жылдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 960 қылмыстық іс тергеген. Соның 54 пайызы субсидияны жымқыруға қатысты болған. Мысалы, жайылымдық жерлерді суландыруға 80 миллиард теңге бөлінді. Бірақ, оның тең жартысы желге ұшты. Осы жұмысқа қажетті құрал-жабдықтың бағасы 2-3 есе артық көрсетілген. Тіпті, кей жағдайда қаржыны қағаз жүзінде игере салған, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы осы саланы ретке келтіруді, аграрлық саланың тиімділігін арттыруға бағытталған субсидиялаудың жаңа жүйесін құруды тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін түйіндей келе, мемлекет пен бизнес басшылыққа алуға тиіс қағидаттарды айқындады.
– «Жаңа Қазақстанды» құру үшін түсінікті әрі әділ мемлекеттік саясат жүргізілуі керек. Бұл саясат шенеуніктердің жөнсіздігіне жол бермейді. Бәсекеге және технологияға негізделген экономиканы қалыптастырады. Сонымен бірге, жеке меншікке, адамның құқықтары мен бостандығына қол сұғылмауына заң үстемдігі арқылы кепілдік береді, – деді Президент.

«Қт» ақпарат
12 ақпан 2022 ж. 261 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 040

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031