ДОМБЫРА – ХАЛЫҚ МҰРАСЫ
Сырдың бас алаңында домбыра үнін күмбірлетіп "ДОМБЫРА – ХАЛЫҚ МҰРАСЫ" атты фестиваль өтті.
Ұлттық домбыра күні Сыр бойында кең көлемде аталып өтуде. Маусым айының аяғынан бастау алған атаулы күнге арналған домбыра шерулері ауыл, аудандарда басталып кеше қалада өткізілді. Ал бүгін кеште өңірдің барлық аудандарынан жиналған өнер саңлақтарының қатысуымен негізгі көпшілік шара Сырдың бас алаңында жалғасын тапты.
Қазақы дәстүрмен безендірілген сахнада облыстың белгілі өнер ұжымдары, жыршы-термешілер, домбыра шеберлері əн-күй төкті. Оркестрдің орындауымен күй атасы Құрманғазының "Сарыарқа" күйімен ашылған салтанатты шараға қатысқан облыстық Мәслихат хатшысы Байқадамов Наурызбай Сейтқалиұлы өз сөзінде рухани жаңғырудың нағыз үлгісі – домбыраны ұлықтау екенін, алғаш эпикалық дәстүр шеңберінде жыр, толғау, термелерді сүйемелдеуге қолданылған домбыра кейін аспаптық шығарма — күй жанрының қалыптасуына ықпал еткенін, ал жыр мен толғау, терме Сыр сүлейлерінен бастау алғанын айтты.
Мәдениет және спорт басқармасы ұйымдастырған концерт барысында облыстың өнер ұжымдары Түркештің "Көңілашар", Әлшекейдің "Терісқақпай", М.Сыдықовтың "Батыр баба", "Күй-тартыс", Ә.Райымбергеновтің "Секіртпе" күйлерін күмбірлетсе, әншілеріміз ұлттық музыкалық аспабымыз – домбыраны әуелеген әндеріне арқау етіп, домбыраның қос ішегіндей тартылған мың бұралған бишілер көрермендерге тамаша демалыс сыйлады.
Ұлттық саз өнерінің Темірқазығына айналған Құрманғазы Сағырбайұлының күйімен бастау алған шара күйшінің "Махамбет" атты туындысымен қорытындыланды.