» » Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бейнеүндеуі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бейнеүндеуі


Құрметті отандастар!

Баршаңызға мәлім, Мен биыл халыққа Жолдауымда саяси жаңғыру туралы ауқымды бағдарлама ұсындым. Бұл құжат қоғамда жан-жақты талқыланды. Сарапшылар қауымы және белсенді азаматтар осыған қатысты өз пікірін білдірді. Қалың көпшілік қолдау көрсетті, деп хабарлайды Аkorda.kz.


Жолдауда айтылған бастамалардың негізгі мақсаты – саяси жүйемізді түбірімен өзгерту. Бұл халықтың көп жылғы талап-тілегінен туындап отыр. Азаматтарымыз мемлекетті басқару ісіне қатысуға кең мүмкіндік берілгенін қалайды. Сондай-ақ саяси үдерісті түбегейлі демократияландыру қажет деп санайды. Мұны тиімді жүзеге асыру үшін Ата заңымызға өзгерістер енгізу қажет.
Бір сөзбен айтқанда, конституциялық реформа жасау керек. Осыған орай менің тапсырмаммен арнаулы жұмыс тобы құрылды. Оған белгілі құқықтанушы ғалымдар, тәжірибелі сарапшылар және құзырлы органдардың өкілдері кірді.
Жұмыс тобы Негізгі заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобасын әзірледі. Оны мұқият зерделеп, Конституциялық кеңеске жолдадық. Бұл орган өз қорытындысын ұсынды. Құжат жобасы Ата заң нормаларына сай келеді. Біз конституциялық реформаның шешуші кезеңіне қадам бастық. Енді Негізгі заңды өзгертуіміз керек. Шын мәнінде, мұның ел тағдыры үшін айрықша мәні бар.
Ата заң баптарының үштен бірі өзгереді. Ашығын айтсақ, Конституциямыз мүлде жаңа сипатқа ие болады. Сол себепті, мен республикалық референдум өткізу туралы бастама көтердім. Өйткені, мұндай ауқымды өзгеріс бүкіл халықтың шешімімен жүзеге асырылуға тиіс.
Барлық дамыған елде плебисцит тікелей халық билігінің айқын көрінісі саналады. Бірақ Қазақстанда демократияның бұл тиімді институтының әлеуеті толыққанды пайдаланылмай отыр.
27 жыл бұрын өткізілген референдумда қазіргі Ата заң қабылданды. Одан кейінгі барлық конституциялық реформа Парламентте мақұлданды. Негізінде, бұл заңды қалыптасқан тәжірибе. Бірақ дамудың жаңа кезеңінде, Жаңа Қазақстанды құру жолында еліміз үшін осындай аса маңызды шешімдерді бүкіл халық болып қабылдауымыз керек. Бұған кәміл сенемін. Сондықтан бүгін мен Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін 5 маусымда республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойдым.
Конституциялық түзетулер жобасы бойынша азаматтардың жаппай дауыс беруі біздің демократиялық қағидаттарды берік ұстанатынымызды білдіреді.
Алдағы референдум Қазақстанның болашағын айқындайды. Әрбір азаматымыз дауыс беріп, осы тарихи бетбұрысты жасауға өз үлесін қоса алады.
Конституциялық реформа барлық мемлекеттік модельді кешенді түрде өзгертуге бағытталған. Түзетулер «суперпрезиденттік» басқару үлгісінен ықпалды Парламенті және есеп беретін Үкіметі бар президенттік республикаға түбегейлі көшуді көздейді.
Конституциялық реформа биліктің өкілді тармағын айтарлықтай күшейтеді. Үйлесімді және теңгерімді жүйені нығайтады. Мәслихаттардың ықпалын арттырады.
Мәжіліс пен облыстық мәслихаттардың депутаттарын сайлаудың аралас мажоритарлы-пропорционалды моделі енгізіледі. Бұл қадам сайлаушылардың көзқарастары мен пікірлерін барынша толық  қамтуға мүмкіндік береді.
Аудандық және қалалық мәслихаттардың депутаттарын сайлаудың мажоритарлық жүйесінің толықтай енгізілуі өңірлердің тыныс-тіршілігіне азаматтардың ықпал ету мүмкіндігін арттыруға жол ашады.
Конституцияның жаңарған нұсқасында Президенттің барлық саяси күштер мен партиялардан дербестігін бекіту көзделген. Мемлекет басшысының жақын туыстарына саяси лауазым иеленуге және квазимемлекеттік секторда басшылық қызмет атқаруға тыйым салынады. Сондай-ақ құқық қорғау саласы бойынша маңызды өзгерістер енгізіледі. Атап айтсақ, Конституциялық сот құрылады. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің, яғни омбудсменнің мәртебесі Ата заңмен айқындалады. Елімізде өлім жазасы мүлде жойылады. Мұның бәрі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін жасалып жатыр. Алдағы конституциялық реформа ел дамуының жаңа кезеңі басталғанын көрсетеді.
 
Құрметті отандастар!
 
Біз бәріміз бір ел болып Жаңа Қазақстанды, Әділетті Қазақстанды құрамыз. Әрбір азаматтың құқығы қорғалатын мемлекет боламыз. Бәріне бірдей мүмкіндік береміз. Әркім қарым-қабілетіне сай қоғамнан өз орнын иеленеді. Халықтың ой-санасы жаңғырып, өмір салты өзгереді. Біз мемлекеттік жүйені жетілдіріп, қоғам мен биліктің тиімді диалогын орнатамыз. Осылайша, Екінші Республиканы қалыптастырамыз. Конституциялық реформа мұның бәрін табысты жүзеге асыру үшін қажет.
Қазіргі реформаның ерекшелігі – Президенттің өкілеттігін күшейту емес, мемлекетімізді жетілдіру, жаңғырту және нығайту. Мен баршаңызды елдің ертеңі, ұрпақтың келешегі үшін референдумға қатысуға шақырамын!
Ұлт мүддесіне сай бастамаларды қолдайсыздар деп сенемін!
Еліміздің жарқын болашағы – өз қолымызда!
Күшіміз – бірлікте!
Бірге болайық!
Береке-бірлігімізді нығайтайық!
05 мамыр 2022 ж. 632 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

№89 (10354)

09 қараша 2024 ж.

№88 (10353)

05 қараша 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 118

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930