Жаңа баспана – ел игілігіне
БАҚЫТТЫҢ БАСТАУЫ БАСПАНА. ЖАРЫҚ ДҮНИЕДЕ ҰРПАҚ ӨСІРІП, БОЛАШАҚТЫҢ ТІЛЕУІН ТІЛЕГЕН КӨПБАЛАЛЫ ОТБАСЫЛАРДЫ ЖАН ЖЫЛУЫМЕН ЖЫЛЫТҚАННАН АРТЫҚ ҚАНДАЙ ҚУАНЫШ БАР ДЕСЕҢШІ? АУДАНДА КӨПБАЛАЛЫ ОТБАСЫЛАРҒА АРНАЛҒАН ТҰРҒЫН ҮЙДІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРГЕН БОЛАТЫН. ЕНДІ МІНЕ ЖАҢА ЖЫЛҒА ҚАРСЫ СОЛ БАСПАНАНЫ ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ИГІЛІГІНЕ БЕРЕР СӘТ КЕЛГЕНДЕЙ.
Жақында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жұмыс сапарымен ауданға келді. Сапар барысында Тәуелсіздік ықшам ауданындағы көпбалалы отбасыларға арналған тұрғын үйдің кілтін табыстау салтанатына қатысты.
Салтанатты кеште аудан тұрғындарын Тәуелсіздіктің 30 жылдығы және жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Мерейтой аясында көпбалалы аналарға 10 пәтерлі 5 тұрғын үйдің кілтін табыстап, әрбір шаңырақтың шаттыққа бөленуін тіледі.
– Баршаңызды еліміздің ең басты ұлық мерекесі – қастерлі Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен және Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Осы тәуелсіздік жылдары инфрақұрылымға, баспана мәселесіне, әлеуметтік салаға көп көңіл бөлінді. Биыл облыс бойынша екі жарым мыңға жуық пәтер құрылысы басталса, соның мыңға жуығы ел игілігіне берілуде. Баспанаға мұқтаж көпбалалы, аз қамтылған отбасылар үшін мемлекетімізде тиісті жағдайлар жасалғаны белгілі. Жаңа жыл қарсаңында көпбалалы аналарға қуаныш сыйлау мақсатында кезекте тұрған отбасыларға табыстағалы тұрмыз. Қоныс тойларыңыз құтты болсын! Шаңырақтарыңызға шаттық, отбасыларыңызға құт-береке, амандық тілеймін!, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Одан соң аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қаршыға Есдәулетов тәуелсіздік жылдарында еліміз елеулі жетістіктерге жеткенін және ауданымыз биыл көптеген жақсы жаңалықтарға қол жеткізгенін тілге тиек етті. Жаңа жыл қарсаңында баспаналы болған жандарды жаңа қонысымен құттықтап, ақ батасын берді.
Іс-шара барысында аймақ басшысы жаңа үйлерді аралап, ішкі келбетін көрді. Бұл үйлер «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған. Бір тұрғын үйдің жалпы ауданы 136,6 шаршы метрді құрайды. Заманауи талаптарға сай ауыз су, жарықпен қамтылған. Ең бастысы тұрғындар көңілінен шығып отыр. Жылы да жаңа баспанаға қол жеткізген көпбалалы аналардың бірі – Ақтолқын Аймұратова қуанышты сәтін былай жеткізеді.
– Баспаналы болу көптен күткен арманым еді. Міне ойлаған арманымның орындалғанына қатты қуаныштымын. Осындай игі бағдарламаны жүзеге асырып отырған Мемлекет басшысына, алтын уақытын бөліп, бізге баспана кілтін сыйлаған облыс әкіміне, аудан басшыларына айтар алғысым шексіз, – деді ол.
Мұнан кейін облыс әкімі Гүлшара Наушақызы жақында құрылысы аяқталған жаз-қыс мезгілдерінде балалар демалысына арналған лагерьге атбасын бұрып, жұмысын бағамдады. 140 орындық жыл бойы жұмыс істейтін лагерьде медпункт, клуб, асхана, ер және қыз балаларға арналған бөлек жатын орындары орналасқан корпустар, спорттық ойын алаңдары, автотұрақ, шаруашылық және бу қазандығы ғимараттары бар. Бас мердігер – «Промстройсервис-Е» ЖШС.
Аймақ басшысы оқушыларды қабылдау процесіне қажетті қадамдарды іске асырып, танымдық бағыттағы жұмыстарды осы лагерь арқылы жандандыру қажеттігін атап өтті.
Ерсін СӘДУҰЛЫ
(суреттер автордыкі)