«Тұлпар мініп, ту алған!»: Қармақшы ауданы бойынша жеңімпаздар анықталды
«Тұлпар мініп, ту алған!» байқауының Қармақшы аудандық кезеңі аяқталды. Жосалы кентіндегі аудандық мәдениет үйінде өткен байқауда аудан мектептері бойынша 74 оқушы «Едіге батыр» жырын жатқа айтудан жарысып, бақ сынады.
Байқауды «Qazaq Epos» қоғамдық қоры «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы, облыстық білім басқармасы және «Дарын» қосымша білім беру орталығымен бірлесе отырып ұйымдастыруда.
Байқаудың ашылу салтанатында «Nur Otan» партиясы Қармақшы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Дастан Буханов құттықтау сөз сөйледі. Сондай-ақ, «Дарын» қосымша білім беру орталығы директорының орынбасары Гүлжахан Сағындыққызы, талапкерлерге сәттілік тіледі.
Байқауға «Nur Otan» партиясы Қармақшы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Дастан Буханов, «Nur Otan» партиясы Қармақшы аудандық филиалының сарапшы маманы Нұрсұлтан Айтбайұлы, аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гульзия Дуйсембаева, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Қармақшы аудандық филиалы төрайымы Күлжауһар Раева, аудандық жыраулар үйінің маманы Айдынбек Скендіров, аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Сырым Әділбеков, «Qazaq Epos» қоғамдық қорының өкілі Нұрсұлтан Қаражан қазылық етті.
Сайыста оқушылардың жырды жатқа айтқа айту барысында кідірмей, мүдірмей оқуы, жырды толық жаттауы ескерілді.
Нәтижесінде, қазылар шешімімен Қармақшы ауданы бойынша келесі оқушылар жеңімпаз атанды:
1 орын(150 мың теңге) – №274 мектептің 8-сынып оқушысы Жания Болатова, дайындаған мұғалімі Набат Алденова;
2 орын(100 мың теңге) – №99 мектептің 10-сынып оқушысы Жолдас Аманжол, дайындаған мұғалімі Лаура Демеуова;
3 орын(50 мың теңге) – №109 мектептің 10-сынып оқушысы Нұрлыайым Кәрібаева, дайындаған мұғалімі Валя Сүйеубаева.
Барлық қатысушылар дипломдармен марапатталып, үздік үштіктен көрінген қатысушылар байқаудың облыстық кезеңіне жолдама алды.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Nur Otan» партиясы, ҚР Білім және ғылым министрлігі және «Qazaq Epos» қоғамдық қоры бірлесе отырып «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауын жариялаған болатын.
Жобаның мақсаты – оқушылар арасында кітап оқуды, оның ішінде қазақ халқының батырлық эпостарын насихаттау, өскелең ұрпақтың шығармашылық және зияткерлік қабілетін дамытуға жағдай жасау, оқушыларды халық поэзиясына, асыл мұраға деген сүйіспеншілікке және патриотизмге тәрбиелеу, намысшылдық, қайсарлық қасиеттерге баулу, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің беделін көтеру.
Байқау 6-10 сынып оқушылары арасында «Едіге батыр» жырын жатқа айтудан өтеді. Қатысушылар қосымша Алтын Орда мемлекетінің тарихи оқиғаларына қатысты сұрақтарға жауап беруі тиіс.
Байқауға облыс бойынша 662 мұғалім дайындаған 713 оқушы қатысуда.