Ұлттық санақ қалай өтуде? (репортаж)
Биыл Ұлттық халық санағы өткізілуде. Санақ – қоғамның әлеуметтік-демографиялық бейнесін бағалаудың тиімді құралы. Сол арқылы халықтың әлеуметтік тұрмысын бағалауға мүмкіндік туады. 1 қыркүйек пен 15 қазан аралығында Қазақстан азаматтары санақтан электронды түрде өтті. Ал 1 қазаннан бастап сұқбатшылар үй-үйді аралауда. Санақ қалай жүріп жатыр? Біз де көк шалғыны мойнымызға байлап, көк сөмкені иыққа асып арнайы топпен үй араладық.
Таңғы сағат 10.00. Алдымен аудандық статистика басқармасына барып, басшысы Кенжебек Таңбаевпен әңгімелестік.
– «Қазақстанда әркім маңызды» деген ұранды біз де басшылыққа аламыз. 15 қазанға дейін онлайн санақ аяқталды. Нәтижесінде аудан бойынша 19 123 адам тіркелді. Ал 1 қазаннан басталған үйді аралауда, яки офлайн форматта 3724 адам санақ қатарында. Нысандарды аралау кезінде интервьюерлердің куәлігінде суреті, мәліметтері, статистиканың аумақтық органының мөрі болады, халық санағының символикасы басылған көк түсті шарф тағып, көк түсті портфель ұстайды. Тұрғынды тіркеуге арналған планшетпен және тұрғынға түсінікті болу үшін жадынамамен қамтамасыз етілген. Жадынамада санақ туралы, сұқбатшы туралы, Call центрі мен статистика басқармасының нөмірлері жазылған. Тұрғындар түсінбеген немесе санаққа байланысты сауалдары болса, жадынамадағы нөмірлерге хабарласа алады, – деді ол.Оның айтуынша, санақ жұмыстары басталған кезеңнен алты ай мерзімге бөлімге қосымша 4 адам алынған. Ал бірінші кезеңге 17 адам жұмылдырылса, екінші кезеңге 75 адам дайындалыпты. Оның 9-ы бақылаушы, 66-сы сұқбатшы. Алдыңғысы үйдің санына байланысты болса, екінші кезеңде тұрғындарға байланысты. Әрбір сұқбатшыға 833 адамнан бөлінген. Сұқбатшылар жұмыссыз жастардан жергілікті әкімдіктердің ұсыныстары және алдын ала хабарламалар бойынша құжаттары қабылданып, статистика департаментімен құрылған комиссиямен әңгімелесу арқылы іріктелген. Олардың барлығы вакцинаның ІІ кезеңінен өткен екен.
Барлық мәліметке қаныққан соң Кенжебек Таңбаев бізге дәстүрлі форматтағы халық санағын жүргізуімізге сәттілік тіледі. Санақшыларға арналған арнайы көк шалғы мен сөмкені табыстап мекемеден шығарып салды. Солай бақылаушы Ақмарал үй аралауға кірісіп кеттік. Нысан – арғы бетте орналасқан көше үйлері. Қолына планшетін ұстаған бақылаушы енді араланатын үйлердің есігін қағып бастады.
– Адамдар әртүрлі ғой. Бірі – дұрыс қабылдамай, сөгеді. Бірі – онлайн өткенін дәлелдеп, тез-ақ мәселені шеше қояды. Кейде әр үйдің ауласында жатқан иттен қорқатынымыз бар. Тұрғындармен дұрыс сөйлесе білу керек. Егер артыққа кетіп жатса, әрине оны басуға, барынша сыпайы болып, түсіндіруге тырысамыз. Біздегі мақсат та сол, – деді ол жадырай сөйлеп.
Біз ә деместен үй иесі де есігін ашты.
– Сәлеметсіз бе? Санақ бойынша келіп отырмыз, – дегеніміз сол еді:
– Кеше ғана онлайн тіркелдік қой. Не үшін келе бересіздер, – деді тұрғын ашулана.
– Дұрыс қой, аға. Сол онлайн санақтан өткен кезде сізге «өтті» деген хабарлама келеді. Соны көрсетсеңіз, мен мына планшеттен белгілеп қоямын, – деді Ақмарал байыпты сөйлей.
– Сонда сайтта тіркелгеніміз сіздерде тұрмай ма? – деді тұрғын тағы да сұрақтың астына алып.
– Әр көшеде орналасқан үйлерді аралау біздің міндетіміз. Өзіңізде бар санақ хабарламасының нөмірін айтсаңыз базадан бірден шығады, – деді бақылаушы.
Андай ма, мындай ма деп түрлі сауалды төтеден қойғанда сасқалақтап қалады екенсің. Бірақ осы кезге дейін санақ жайында жазып жүрген соң барлық ережеге қанықпыз. Шамамызға қарай жауап беруге тырысып жатырмыз. Содан әлгі тұрғын телефонына келген санақтан өткендігі жайындағы хабарламасын көрсетіп, үй мүшелерінің толық өткенін дәлелдеді. Біз де өз жөнімізбен келесі үйге келдік. Есік қағып жатырмыз. Ашық. Бірақ кірейін десек, үрген иттің дауысынан сескеніп тұрмыз. Әрі күтіп, бері күтіп тұрғында үй иесінің өзі де шықты. Амандық-саулық сұрасқан соң жұмысқа кірістік.
– Онлайн тіркелдіңіз бе? – деп едік, ол еш тосылмастан «иә» деді. Телефонына келген хабарламаны сұрағанымызда сәл кідірді. Ақыры өтпегенін айтып, басынан бастап үй ішінің барлығын рет-ретімен, сауалдарға жауап беріп тіркеп алдық. Мұның өзі біршама уақыт ұстады. Дегенмен әлі алда бірнеше үй бар.
Осы уақытта сағат тілі 11.30-ды көрсетіп тұр еді. Келесі үйге барсақ, есігінде қара құлып. Келесіге жөнелдік. Жолай бақылаушыны әңгімеге тартып, біршама сауалға жауап алдық.
– Мамандығым мұғалім. Осы санаққа жұмысшылар іздегенде бірден келдім. Өзімнің адамдармен тез араласып кететін қабілетім болған соң ба, бұл жұмыс маған қатты қиын болмады. Көбі тұрғындармен сөйлесуде айтылған түрлі әңгімеге шыдамай, шығып кетіп жатады. Сол үшін бастысы адамның көңілін дұрыс таба білсең, жөнді сөйлеп, жауапты нақты айтсаң түсінбейді емес, жұрт түсінеді. Үй аралауымыз уақыт таңдамайды. Кейде тұрғындарды тіркеуде бірнеше уақыт алатыны бар. Ондайда түнге қалып қойып жатамыз, – деді Ақмарал ағынан жарылып.
Міне, тағы бір үйдің терезесін қағып тұрмыз. Көп ұзамай үйден адам шығып, есігін ашты. Мән-жайды айттық. «Жарайды» деп басын изеген ол қойылған сауалдарға жауап беріп, онлайн өткені туралы растады. Келесі үйге кеттік. Мұнда алдыңғылардағыдай емес. Сәл қиындау болғаны рас. Үйдегілердің барлығы сыртта екенін естіген соң жалғыз мүшесінен санақ жайында сұрадық. Ащы суға сылқия тойған ол жауап бермек түгіл бізді кіргізбеді де. Қош. Келесі үйдің иесі түрлі сұрақпен төпелегенімен соңында тіркеліп, үйден шығарып салды.
Түскі үзілістің уақыты жақындады. Бірнеше сағатқа созылған үй аралау біз үшін қиындау болды. Халықпен байланыста жүрсек те кейбірінің түрлі сауал қойып, түсінбеушілік танытуы кейде жаныңа батады екен. Қанша шырылдасаң да түсінбейтіні бар. Ал кейбірі оп-оңай ғана жұмысты бітіріп отырды. Оған да қарап бір қуанып алдық.
Иә, санақ нәтижесінде халықтың тұрғын үй жағдайы, отбасылық құрамы, этностық сипаты, ұлты, діні, тіл білуі, білім деңгейі, көші-қон, болашақта көшу жоспары, неке туралы мәліметтер, жұмыспен қамтылу деңгейі, табыс көздері, денсаулығы, тұрмыста айрықша күтімді қажет ететіні секілді маңызды әлеуметтік көрсеткіштерді анықтауға болады. Ал бұл өлшемдер бойынша жалпыхалықтық деңгейде жиналған ақпарат бізге құнды мәлімет береді. Нәтижесінде халықтың әлеуметтік тұрмысын бағалауға мүмкіндік туады.
– Әлеуметтік жағдайды сандық тұрғыда өлшейтін болсақ, біз азаматтардың табыс көлемін де білгіміз келеді. Мұндай мәселе өзге елдерде де кездеседі. Алайда, халықтың көпшілігі табысы туралы сауалдан жалтарып, жауап бергісі келмейді. Бұл сұраққа жауап алу ықтималдылығы төмен не шынайы болмауына байланысты бізде бұл сауал қойылмайды. Сол себепті халықтың тұрмысын, әлеуметтік жағдайын сандық тұрғыда бағалау өте қиын, – дейді мамандар.
Науқан кезінде бақылаушылар қарамағындағы қызметкерлермен өздеріне бекітілген аумақта сауалнама жүргізуде. Құрылған топтар 1 айға созылатын ақысы төленетін жұмыспен қамтылған.
Жұмысымызды сәтті аяқтап бақылаушымен қоштастық. Алдағы уақыттағы атқарар жұмысына сәттілік тіледік. Ол да біздің үй аралауда кездесетін кедергілерді өз көзімізбен көріп, санаққа жұртшылықтың белсене араласуына насихат жүргізгенімізге алғысын айтты...
...Иә, қазан айында санымыз бен сапамызға қан жүгірмек. Тек әрбір Қазақстан азаматы елдің әлеуметтік бағдарламаларын жоспарлауға және дайындауға ауқымды үлес қосса нұр үстіне нұр болар еді.
Айнұр ӘЛИ
Ерсін СӘДУҰЛЫ (сурет)