» » » Кенжебек ТАҢБАЕВ: «Маңызды науқанға біржақты қарауға болмайды»

Кенжебек ТАҢБАЕВ: «Маңызды науқанға біржақты қарауға болмайды»


Кенжебек ТАҢБАЕВ,
аудандық статистика басқармасының басшысы:

Халық санағы – қоғамның әлеуметтік-демографиялық бейнесін бағалаудың құралы. Санақ арқылы мемлекетте ең үлкен мәліметтер базасы қалыптасады. Ал бұл өлшемдер бойынша жалпыхалықтық деңгейде жиналған ақпарат бізге құнды мәлімет береді. Нәтижесінде халықтың әлеуметтік тұрмысын бағалауға мүмкіндік туады. Биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында өткізілгелі отырған Ұлттық халық санағының маңызы зор. Осы тұрғыда Ұлттық халық санағының өткізілу барысы туралы білу мақсатында аудандық статис­тика басқармасының басшысы Кенжебек Таңбаевпен сұқбаттасқан едік.

– Кенжебек Ерманұлы, онлайн санақ қай деңгейде жүргізіліп жатыр?
– Жалпы, халық санағы – белгілі бір уақыт шеңберінде халықтың демографиялық, эко­номикалық, әлеуметтік сипаттағы ақ­паратын жинау, өңдеу, жариялау, тарату мақ­сатындағы жалпыұлттық статистикалық сараптау саналғанымен, оның ауқымы әлдеқайда кең. Себебі санақтың қоры­тындысы есеп-қисап үшін ғана емес, ең алдымен мемлекеттің алдағы даму бағытын айқындау, басқарушылық шешімдер шығару үшін қажет. Қазіргі онлайн санаққа аудан тұрғындарының белсенділігі жоғары. Мекеме қызметкерлері ұжым болып бірлесіп санаққа қатысуда.
– Бұл санақтың 1999, 2009 жылғы са­нақтардан қандай айырмашылығы бар?
– Халқымыздың барын бағам­дай­тын бұл санақ өз дәстүрінен жаңылмағанда осыдан тура екі жыл бұрын қолға алынып, нәтижесі сарапталуы тиіс еді. Алайда түрлі себептерге байланысты бұл жұмыс алдымен 2020 жылға, кейін пандемияның салдарынан 2021 жылға шегерілді. Осылайша, ұпайымыз түгенделетін Ұлттық санақты өткізудің сәті биыл келген секілді. Елімізде үшінші рет өткізілгелі отырған Ұлттық халық санағының мынадай ерекшелігі бар. Біріншіден, бұл санақ электронды түрде жүзеге асырылады. Екіншіден, әр тұрғын sanaq.gov.kz арнайы сайтына кіріп, сауалнаманы өзі толтыра алады. Өзге санақтардан негізгі айырмашылығы да цифрлық технологияның қолданылуында. Сұқбатшылар планшетпен ғана жұмыс істейді. Бұл жұмысты екі есе, артық жасауға мүмкіндік бермейді. Өйткені сіз тіркелген болсаңыз жеке сәйкестендіру нөміріңізді тергенде бірден мекен-жайыңыз, аты-жөніңіз шығып тұрады.
– Ауданда санақ жүргізуге қанша адам жұмылдыруда?
– Санақ жұмыстары басталған кезеңнен алты ай мерзімге бөлімге қосымша 4 адам алынды. Ал бірінші кезеңге 17 адам жұмылдырылса, екінші кезеңге 75 адам дайындалды. Оның 9-ы бақылаушы, 66-сы сұқбатшы. Алдыңғысы үйдің санына байланысты болса, екінші кезеңде тұрғындарға байланысты. Әрбір сұқбатшыға 833 адамнан бөлінді. Сұқбатшылар жұмыссыз жастардан жергілікті әкімдіктердің ұсыныстары және алдын ала хабарламалар бойынша құжаттары қабылданып, статистика департаментімен құрылған комиссиямен әңгімелесу арқылы іріктеліп алынды. Олардың барлығы вакцинаның ІІ кезеңінен өткен.
– Халық арасында санақ жұмысын жүргіземіз дегендерге алданып, түрлі қолайсыз жағдайға тап болып жатқандар бар. Тұрғындар интервьюерлерді қалай таниды?
– Сұрағыңыз орынды. Үйге сұқбатшы келген кезде оларда мына белгілер кездеседі. Нысандарды аралау кезінде интервьюерлердің куәлігінде суреті, мәліметтері, статистиканың аумақтық органының мөрі болады, халық санағының символикасы басылған көк түсті шарф тағып, көк түсті портфель ұстайды. Тұрғынды тіркеуге арналған планшетпен және тұрғынға түсінікті болу үшін жадынамамен қамтамасыз етілген. Жадынамада санақ туралы, интервьюер туралы, Call центрі мен статистика басқармасының нөмірлері жазылған. Тұрғындар түсінбеген немесе санаққа байланысты сауалдары болса, жадынамадағы нөмірлерге хабарласа алады.
– Санаққа кімдер қатыса алмайды?
– Мемлекет үшін маңызды шараға Қазақстан Республикасының азаматтары (уақытша жоқ және тұратындар), шетелдіктер мен ел аумағында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ адамдар (12 айдан көп) қатысады. Сонымен қатар дипломатиялық қызметімен байланыс­ты және «Болашақ» бағдарламасымен оқитын ел азаматтары мен олардың отбасы мүшелері, басқа мемлекетте тұратын, бірақ, есепке алу сәтінде республикамыздың аумағында жүрген Қазақстан азаматтары, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар санаққа алынады. Ал Қазақстан аумағында дипломатиялық мекемелерде немесе халықаралық ұйымдарда жұмыс істейтін шетелдік азаматтар, олардың отбасы мүшелері, сондай-ақ жұмыспен, іссапармен, оқумен («Болашақ» бағдарламасымен оқитындардан басқа) байланысты 12 айдан көп мерзімге ел аумағынан тыс кеткен адамдар бұл шараға қатыспайды. Біздің өлкеде жабық мекемелер бар. Оған шекарашылар жатады. Оларға арнайы бір сұқбатшы бөлінеді.
– Онлайн санаққа тіркелуге мүмкіндігі жоқ адамдар не істейді?
– 1 қыркүйек пен 15 қазан аралығында Қазақстан азаматтары санақтан электронды түрде өтеді. Мекемеде жұмыс істейтін адамдарға мамандар түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. 1 қазаннан бастап сұқбатшылар үй-үйді аралайды. Сондайда онлайн тіркеле алмаған адамды планшетке бірден тіркеп алады. Ал ауылдық жерлерде санаққа дайындық барысында байланыс құралдары нығайтылды. Мүлде интернетсіз отырған Көмекбаев ауылына қарасты Шобанқазған мен Кекірелі елді мекені бар. Оларды тізім түрінде алып, ауыл орталығына келіп планшетке енгіземіз. Ешкім назардан тыс қалмайды. «Қазақстанда әркім маңызды» деген ұранды біз де басшылыққа аламыз.
– Күтілетін нәтиже қандай?
– Халық санағы тұрғындардың нақты санын, оның жас және гендерлік құрамын, урбанизация деңгейін, табыс көлемі мен басқа да маңызды талдау деректерін анық¬тап, тексерілген әрі дәйекті басқарушылық шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Соңғы онжылдықта халықтың әлеуметтік, экономикалық жағдайының қай деңгейге көтерілгенін көруге болады. Жалпы алғанда, санақ он жылда нені еңсергенімізді нақтылай отыра, алдағы онжылдықта жасалатын істердің жоспарын құру үшін қажет. Сондықтан зор мәнге де, мазмұнға да бай бұл науқанға біржақты қарауға болмайды. Халық санағына қатысқан әрбір Қазақстан азаматы елдің әлеуметтік бағдарламаларын жоспарлауға және дайындауға ауқымды үлес қосары сөзсіз.
– Сұқбатыңызға рахмет!

Сұқбаттасқан Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
14 қыркүйек 2021 ж. 630 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (10362)

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 (10361)

03 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 739

Сұхбат

Мәдениет

Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.
БАБАДАН ҚАЛҒАН ҰЛЫ ӨНЕР

БАБАДАН ҚАЛҒАН ҰЛЫ ӨНЕР

08 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 792

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031