Жылу беру маусымында өрт қауіпсіздігін сақтайық

Аудан көлемінде тұрғын үйлердегі от жағу пештерінің жарамсыздығынан, от жағу пешін пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау салдарынан өрт оқиғалары жиі орын алуда. Тұрмыстық газдарды пайдаланудағы қауіпсіздік ережелерін сақтау бұл өз өміріміз бен дүние мүлкіміздің қауіпсіздігінің кепілі екендігін ешқашан ұмытпауымыз керек.
Осы орайда, жоғарыда аталған жағдайларға жол бермеу үшін, аудан тұрғындарына төмендегі өрт қауіпсіздігі ереже талаптарын қатаң сақтау қажеттігін ескертеміз:
– жылу беру маусымында пештер, қазандықтар және басқа да жылу беру құралдары мен жүйелері жөнделіп, тексеруден өткізілуі қажет;
–жарамсыз пештер мен басқа да жылу беру құралдарын пайдалануға тыйым салынады;
– жағылған пешті қараусыз қалдырмаңыз;
– тұрмыстық газ қондырғыларын ережеге сай орнатып, пайдалану барысында өрт қауіпсіздігі ереже талаптарын сақтаған жөн;
– электр өткізгіштердің, ажыратқыштардың және ток көздерінің дұрыс жұмыс істеуін қадағалаңыз;
– электр аспаптарын бір нүктеге қосуға жол бермеңіз, бұл электр желісінің шамадан тыс қуаттығына әкеп соқтырады;
– үйден шығарда барлық газ және электр қондырғыларының өшірілгеніне көз жеткізіңіз;
– сіріңке мен жандырғыш құралдарды балалардың қолы жетпейтін жерде сақтаңыз;
– жасөспірім балаларды үйде қараусыз жалғыз қалдырмаңыз.
Есте сақтаңыз. Төтенше жағдай немесе өрт оқиғалары болған жағдайда тез арада «101» немесе «112» телефонына хабарласу керек.
Еркін НАЗАРҚҰЛОВ,
аудандық төтенше жағдайлар бөлімі бастығының міндетін атқарушы, азаматтық қорғау майоры