Қазақстан мен Тәжікстан Президенттері ертең қандай мәселелерді талқылайтыны белгілі болды
Қазақстанның Тәжікстандағы Елшісі Нұрлан Сейтімов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Тәжікстан басшысы Эмомали Рахмонмен кездесуінің күн тәртібіндегі маңызды мәселелерді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекет басшыларының ертеңгі кездесуі шағын және кеңейтілген құрамда өтіп, оның барысында өңірлік күн тәртібіндегі және халықаралық форматтағы өзекті мәселелер талқыға түседі. Сонымен қатар сауда-экономикалық қарым-қатынасымызды сапалы жаңа деңгейге көтеру мәселелеріне де айрықша назар аударылады. Әдетте, біздің тараптың тауар айналымының тізілімінде астық пен ұн ғана қалыптасқан. Алайда, уақыт өз дегенін жасатып, локомотивтер, автомобильдер сынды жаңа дүниелерді ілгерілетуді талап етеді. Сондықтан тауарларымызды Тәжікстан нарығына одан ары экспортқа шығару жолдары талқыланады», - деді ол бүгін еліміздің Сыртқы істер министрлігінде БАҚ өкілдеріне өткізген баспасөз мәслихатында.Н.Сейтімовтің атап өтуінше, келіссөздер қорытындысында Мемлекет басшыларының бірлескен мәлімдемесін қабылдау жоспарланған. Мұнан бөлек, үкіметаралық үш келісімді рәсімдеу де көзделіп отыр. Аталған құжаттардың барлығы да көші-қон мәселелеріне, бір елдің азаматының екінші елге келу тәртібіне қатысты болмақ.
«Сондай-ақ екі мемлекеттің Сыртқы істер министрліктері арасында ынтымақтастық бағдарламасына қол қою көзделген. Ол елдер арасында екіжақты мәселелермен қатар көпжақты форматтағы ынтымақтастық бойынша саяси консультациялар өткізу тәртібі мен кестесін қарастырады. Мұндай келісім әрбір екі жылда бір рет жаңарып отырады», - деді Елші