Жастар істері жөнінде кеңес өтті
Жұма күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында жастар істері жөніндегі кеңес отырысы өтті. Онда екі мәселе қаралды. Бірінші мәселе бойынша «Жастар мен жасөспірімдер арасында бұқаралық спортты дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы» аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұрбол Мырзабаевтың баяндамасы тыңдалды.
Аудан бойынша 16 164 адам спорттың 22 түрімен жүйелі түрде шұғылданады. Статистикалық деректің қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш аудан халқының 30,18 процентін құрайды. Осыған дейін аудан көлемінде 34 спорттық шара өткізіліп, оған 3279 спортшы қатысқан. Оның 14-і облыстық, 20-сы аудандық деңгейде ұйымдастырылған. Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 31 жыл толуына орай мектеп оқушылары арасында спартакиада өткізілген. Одан бөлек, 5 спортшы ҚР құрамына енсе, 3 спортшы «Қазақстан Республикасының спорт шебері» атағын алған. ҚР бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің №50 қаулысына сәйкес топтық жаттығуларға арналған спорт кешендерінің қызмет көрсетуіне рұқсат беруіне байланысты спорт мектебі мен клубтар өз жұмысын жалғастырмақ.
Осылайша баяндамасын түйіндеген спорт бөлімінің басшысына аудан әкімі Мұса Қалдарбеков жастардың спортпен шұғылдану көрсеткішін жоғарылату бойынша қандай нақты жоспар бары жөнінде сауалын қойды. Мұнан кейін мінбеге көтерілген Жастар ресурстық орталығының директоры Берік Байділдаев «2020 жыл – Еріктілер жылына» байланысты атқарылып жатқан шараларға тоқталып өтті. Онда ауданда NEET санатына жататын жастар санының көрсеткіші былтырғыға қарағанда төмендеп келе жатқанын жеткізді. Жастар мен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықты жою мақсатында аудандық полиция бөлімімен бірлесіп түнгі рейд жұмысын жүргізген. Одан бөлек, жастардың бос уақытын тиімді өткізу үшін онлайн форматта түрлі шара ұйымдастырылған.
Жиын соңында аудан әкімі тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.