» » Жалғыздық және депрессия. Қазақстанда жастардың өз-өзіне қол жұмсауына не түрткі?

Жалғыздық және депрессия. Қазақстанда жастардың өз-өзіне қол жұмсауына не түрткі?

Елімізде 30 жасқа толмаған жастар мен жасөспірімдер арасында суицид жасаушылар көбейген.
2003 жылдан бері 10 қыркүйекте әлемнің барлық елдерінде өз-өзіне қол жұмсаудың алдын алу мен оны болдырмауға бағытталған шаралар өтеді. ДДСҰ есебіне сәйкес, суицидке көбіне жастар барады.
Бұл мәселе біздің елімізде де өзекті. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметі бойынша, былтыр 3 805 отандасымыз өз өмірін қиған болса, олардың 887-сі 15 пен 29 жас аралығында. Жастар өздеріне қол жұмсауға неге әуес және оларды суицидтен қалай сақтауға болады?


Қажетсіздік сезімі қол жұмсауға итермелейді
«Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» қоғамдық қоры «Қазақстандық жастардың өзіне-өзі қол жұмсау мінез-құлқы: әлеуметтік және психологиялық триггерлер» әлеуметтік зерттеуін жасады. Зерттеуге еліміздегі суицид көрсеткіші ең жоғары деп саналатын келесі өңірлерден 14-29 жас аралығындағы 2 мың адам қатысты:
Алматы;
Алматы облысы;
Шығыс қазақстан облысы;
Қарағанды облысы;
Түркістан облысы.
Респонденттердің 17 пайызы өз-өзіне қол салу туралы шын мәнінде ойлағанын жеткізіпті. Алайда, олардың басым бөлігі бұл пиғылы туралы ешкімге тіс жармай, күйзеліп жүре берген.
«Наурыз-тамыз аралығында қазақстандық жастардың суицидтік мінез-құлқының негізгі әлеуметтік-психологиялық себептерін анықтау мақсатында жастар арасында әлеуметтік сауалнама жүргіздік. Нәтижесінде қыздардың суицид туралы көп ойланатыны белгілі болды. Сауалнамаға қатысқандар «жастар қандай өмірлік қиындықтарға тап болады?» деген сұраққа көбінесе қаржылық мәселелерге, жеке өмірдегі және оқудағы проблемаларға тап болатынын жеткізген. Кейбірі денсаулығына байланысты күйзеліске ұшырайтынын айтса, респонденттердің отбасында, ата-аналарымен және достарымен арада кикілжіңдер бар екенін көрсетті. Осыған қарап жастарды суицидке не итермелейтінін аңғаруға болады», – деді «Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» ҚҚ әлеуметтанушысы Татьяна Резвушкина.
Сауалнамаға қатысқандардың пікірінше, қазақстандық жастардың арасында өзіне-өзі қол жұмсаудың ең көп тараған себептері:
психикалық күйзеліс, депрессия;
қаржылық проблемалар;
жалғыздық, қажетсіздік сезімі;
ата-анамен екі арадағы жанжалдар.
Ал мамандар көбінесе өмірімен ерте қоштасуға:
қыздар;
жұмыс істемейтін қала тұрғындары;
жоғары білімі жоқтар;
дінге сенбеушілер асығады деп санайды.
Карантин кезінде суицид азайған
ДДСҰ мәліметі бойынша, Қазақстан өзіне-өзі қол жұмсау саны бойынша әлемде үшінші орынды иеленіп отырса, Орталық Азия елдерінің арасында алдыңғы қатарда тұр. Дегенмен, «Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының» бас директоры Николай Негайдың айтуынша, елімізде суицид деректері 2016 жылмен салыстырғанда былтыр 30 пайызға азайған. Бұған 2012 жылдан бері жасөспірімдердің психикалық денсаулық мәселелеріне қатысты сауатын арттыру, психикалық ауытқуды тез анықтау бойынша әзірленген бағдарламалар оң әсер еткен. Ал биыл карантиндік шектеу кезінде қорқынышты статистика тіпті күрт төмендеген.
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің ақпараты бойынша, 2020 жылы барлық жас санаты бойынша суицид статистикасы азайып жатыр. Егер өткен жылдың және биылғы жылдың жеті айының қорытындысын салыстырып айтсақ, суицид:
бүкіл халық бойынша – 3,9%-ға;
кәмелетке толмағандар бойынша – 27,7%-ға;
15-29 жас аралығындағылар бойынша – 20,3%-ға азайған.
«Біз күні кеше 12 елдің мамандарымен конференцияда сөйлестік, олар да қатаң локдаун болған елдерде суицид деректері айтарлықтай азайғанын айтты. Бұл немен байланысты екенін әзірге нақты айту қиын. Өйткені, арнайы зерттеу жасалғанжоқ, сондықтан тек түрлі болжам жасауымызға болады», – деді Николай Негай.
Мамандар карантин кезінде суицидтің азаюын сол кезеңде отбасы мүшелерінің бір-бірімен жақын араласып, қамқорлық танытуымен байланыстырып отыр. Ата-анасы көңіл бөлмеген балалар көбінесе жалғызсырап, өздерін ешкімге қажетсіз сезінеді. Қажетсіздік сезімінен күйзеліске ұшырап, өмірлерін ойран етеді. Карантин мұндай сезімнен арылтып, балаларды күйзелістен шығарған болуы мүмкін.
Қазақстандағы суицидтің себептері қандай?
Психолог мамандардың айтуынша, суицидтің себептері әртүрлі. Дегемнен, елімізде көбінесе суицидке итермелейтін негізгі себеп – жалғыздық болып табылады. Бұл – депрессия ауруының белгісі.
«Адамның өз-өзіне қол жұмсаған орнына қарап, оның қандай себептен өмірімен қоштасқанын аңғаруға болады. Мысалы, бала үйінде суицид жасаса, отбасында кикілжің болуы мүмкін. Ал, өлім орны мектеп болса, демек сыныптастарымен келіспеушілік болған немесе оқу үлгерімінде қиындықтарға ұшыраған болуы мүмкін», – деді «Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» ҚҚ президенті Маргарита Өскембаева.
Мамандардың айтуынша, Қазақстандағы суицид статистикасына сенуге болмайды. Себебі, біздің қоғамда өз-өзіне қол салғандарды немесе соған әрекеттенгендерді айыптап, сыртынан ғайбаттау көп. Осыны ескергендіктен марқұмның жақындары өлім себебін суицидпен байланыстырмауға тырысады. Демек, кей деректер арнайы статистикаға ілінбей қалады.
Жастар арасындағы суицидті қалай азайтуға болады?
Психолог мамандар жастар арасында суицидтің алдын алудың бірыңғай ұлттық бағдарламасын құруды ұсынды. Бағдарлама аясында балалар мен жастарды қорғау мәселелерімен айналысатын ұйымдардың жұмыстарына салыстырмалы талдау жүргізілуі тиіс. Әрі мектеп пен колледждердегі психолог мамандардың біліктілігін арттырып, оларды өзге жұмыстармен жүктемей нақты жасөспірімдердің мәселесімен айналысуға мүмкіндік беру керек.
Осыған орай, психолог Алексей Ли арнайы оқу-әдістемелік құрал әзірлегендерін жеткізді. Оқулық:
суицидтік белгілерді ерте анықтауды;
қол салуға итермелейтін ойлар мен сезімдерді ерте тануды;
баланың проблемасына ерте араласуды не маман көмегіне қалай жүгінуді;
ықтимал суицидтің ерте алдын алып, көмек көрсетуге үйретеді.
«Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» қоғамдық қоры суицид мәселесін шешу үшін төмендегідей ұсыныстарын жеткізді:
Жастардың суицидтік мінез-құлқына бағытталған арнайы емдеу хаттамасын әзірлеуге және суицидтердің алдын алудың бірыңғай хаттамасын әзірлеуге бастамашылық ету қажет.
Суицид проблемасына тартылған барлық мамандар үшін күш біріктіруге және қайталанатын суицидтердің санын азайтуға көмектесетін бірыңғай іс-қимыл алгоритмін әзірлеу керек.
Жастар арасында суицидтік мінез-құлықтың алдын алу мақсатында жасөспірімдерге психолог мамандардың, сенім телефонының көмегімен тегін кеңес алу мүмкіндігі бар екенін кеңінен хабардар ету қажет.
Жалғыздық, қажетсіздік пен немқұрайлылық сезімдерінен арылту үшін жастарды ұжымдық қызметке тарту керек.
«Суицид – био-психо-әлеуметтік проблема. Онымен кешенді айналысу керек. Егер бала оқуда қиналып, сыныптастарынан қорлық көріп жатса, бірақ отбасынан мықты қолдау болса ол бұл күйзелісті жеңеді. Балаларды суицидтен сақтау үшін барлық мамандар бірлесіп жұмыс істеуі керек. Бұл мәселеде мектеп психологының да жұмысы маңызды. Олардың жүктемесі өте көп және оларға оқытатын балаларының санын азайту керек. Сонда ғана жұмыс нәтижелі болады», – деді психолог Светлана Богатырева.




13 қыркүйек 2020 ж. 582 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 037

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031