Азық-түлік бағасы басты назарда
ЖОСАЛЫ, 29 мамыр – qarmaqshy-tany.kz Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші, елімізде орын алған жағдайға аудан кәсіпкерлері өз үлестерін қосты. Кәсібінің, нәсібін көрген азық-түлік сататын сауда орындарының басшылары осынау қысу-таян уақытта халықтың күнделікті тұтынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін аудан тұрғындарына арзан бағамен сатуда.
Арзан бағадағы өнімдермен үзбей қамтамасыз етіп, азық-түлік қорын жасақтап, тынбай ізденіс үстінде жүрген аудан кәсіпкерлерінің еңбектері ерен.
Ауданымыздың күріш өсіруші шаруа қожалықтары, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі және сауда орнының басшыларымен үш жақты меморондумға отыруы барысында аудан халқы арзан бағадағы жергілікті жердің өнімі ақ күрішпен тұрақты қамтамасыз етіліп келеді.
Сауда орындарында карантиндік уақытта шаруашылық басшылары ақ күріш қорын қалыптастырып, уақытылы жеткізіп беріп отыр.
Үстіміздегі жылдың, мамыр айында ашылған Әлеуметтік дүкеннің ел игілігін көруде. Ашылғанына аз уақыт болса да бүгінгі күнге дейін, “ Агроөнеркәсіп комбинаты “Алтын Қамба” ЖШС-і мен “Ажар” сауда үйінен (келісім бойынша) 90 тоннаға жуық азық-түлік өнімдері тасымалданды. Базар бағасынан 15-20% ға төмен бағадағы өнімдер Жосалы кенті тұрғындарымен бірге ауданымыздағы ауылдық округтердің тұрғындарын да қамтамасыз етуде.
“Жасыл дәліз” бағдарламасы аясында аудан кәсіпкерлері Түркістан мен Шымкент қалаларынан үздіксіз азық-түлік өнімдерін тасымалдауда. Төтенше жағдай белгіленген күннен бастап бүгінге дейін, аудан кәсіпкерлері 150 тоннадан аса өнім тасымалдаған. Кәсіпкерлердің тізімі апта сайын жаңадан жасақталып, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына жіберіліп отырылады.
Аудандағы азық-түлік тасымалдаушылардың арнайы чатында барлық сұрақтар талқыланады. Аудандық ауыл шаруашылығы мамандары кәсіпкерлерде орын алған барлық мәселелерін күндіз-түні бақылауда ұстап, тиісті көмек көрсетіп келеді.
Бүгінде, азық-түлік қоры жеткілікті. Баға тұрақты, күнделікті бақылауда.